Елбасы Шымкент қаласының жұртшылығымен жүздесуде осылай деді
Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді. Таңертеңгілік Шымкент гарнизонындағы әскери қалашықты салтанатты жағдайда ашты. Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Бас қолбасшысы 35748 әскери бөлімінің командирі полковник Нұрлан Қашағановқа Жауынгерлік туды табыс етті.
– Біздің бүгінгі атқарып жатқан жұмыстарымыз Қазақстанның келешегін кемел етуге бағытталған. Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған Тәуелсіздікті орнаттық. Елімізді дүние жүзі мемлекеттері мойындайтындай дәрежеге жеткіздік. Қазақстанды таниды, сыйлайды, санасады. Осы Тәуелсіздігіміз баянды болу үшін армиямыздың қуатын арттырып жатырмыз. Оңтүстік өңірде құрылған бригадалар соның нышаны. Ел ынтымағын, бейбітшілігін қорғау ел Тәуелсіздігімен құрдас жас сарбаздардың үлесіне тиіп отыр. Қазақстан армиясы әрдайым ел Тәуелсіздігін күзетеді, – деді Елбасы. – Бүгін Құрлық әскерлерінің тағы бір әскери бөлімі абырой мен айбынның нышаны – Жауынгерлік туды иеленді. Мемлекетіміздің азаматтары, сардарлар мен сарбаздар Отанымыздың тәуелсіздігін, оның аумақтық тұтастығын осы тудың астында қорғайды.
Салтанатты іс-шарадан соң Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков Елбасын әскерлердің жауынгерлік дайындық барысымен және әскери гарнизонның инфрақұрылымымен таныстырды. Шымкент гарнизоны Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің дамуында өте маңызды бағытта тұрғанын атап өтті. Сол себепті де жаңа әскери бөлім заманауи және ең сенімді жауынгерлік қару-жарақтармен жарақтанған. Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы сарбаздардың қызмет жағдайымен, асхана, казарма және мәдени-демалыс орталығымен танысты. Сондай-ақ, оқу-тренажерлік корпустағы тактикалық дайындық сыныбын, тренажерлік сыныпты аралады. Елбасына жауынгерлік машиналар паркіндегі технологиялық жолақ элементтері мен мотоатқыштар батальоны жауынгерлік әзірліктерін іс жүзінде көрсетті. Әскери қызметшілермен кездескен Мемлекет басшысы жеке құрамды атаулы күнмен құттықтап, Жауынгерлік туды қастерлеп ұстауға шақырды.
Шымкент гарнизонынан кейін Мемлекет басшысы қаланың ежелгі бөлігінде бой көтерген “Тәуелсіздік” саябағын аралады. Санғасырлық тарихы бар ескі қаланың орнын тегістеп, жер телімдерін пышақ үстінен бөліп алған шенді, шекпенділердің арандай ашылған ауыздарына тосқауыл болған облыс әкімдігі іргелес жатқан аумақты саябаққа айналдырған. Авторы – Түркістанды түлеткен сәулетші Бақытжат Әшірбаев бастаған ұжым. Әдетте, көз жауын алған табиғат әсемдігін ертегілерде Иран бағымен салыстырып жатады. Ал, жаңадан пайдалануға берілген “Тәуелсіздік” саябағы сол сарынға үндес, Шымкенттің ең көрікті жерлерінің біріне айналары сөзсіз. Қақпадан аттағаннан Қазақстанның арғы-бері тарихын алдыңызға жайып салатын композицияның желісін Елбасыға облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен қала әкімі Арман Жетпісбаев саумалап таратып берді.
«Тәуелсіздік» саябағы құрылысының жалпы құны – 680 000,0 мың теңге. Оның ішінде жергілікті бюджеттен 373 510,0 мың теңге, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 306 490,0 мың теңге қаржы қаралған. Атап айтқанда, «Жер-Ана» монументі 37 млн. теңгеге, субұрқақ 45 млн. теңгеге, «Алтын көпір» 210 млн. теңгеге, «Ел бірлігі» монументі 264 млн. теңгеге, қорған 56 млн. теңгеге, көру алаңшасы 21 млн. теңгеге, «Рәміздер» алаңы 73 млн. теңгеге салынған. Саябақ орны – Шымкент қаласының тарихи-рухани бастау алған жері. Тарихи мәліметтерге сүйенсек, ескі Шымкент қаласы тоғыз жолдың торабы, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан аса ірі сауда әрі әлеуметтік-экономикалық және мәдени орталық болған. Ескі қалашықты бойлай Қошқар ата өзені ағады. Жергілікті тұрғындар өзен суын емдік ерекшелігі бар, бұлақ көзінен бастау алатын қасиетті су деп қастерлейді.
Саябақ Тәуелсіздік алаңының біртұтас композициясына енеді. Өйткені, алаңда орналасқан «Жер-Ана» сәулеттік монументі дархан даламыздың кеңдігін және халқымыздың татулығы мен бейбітшілігін бейнелейді. Аумағы 8,2 га. құрайтын саябақ орталығында «Ел бірлігі» монументі бар. Қазақстан Республикасын мекендеген барлық ұлт өкілдерінің барельефі бейнеленген алып гранит тұғырдан 137 тік тіреуден тұратын композиция көтеріліп, Шаңырақты ұстап тұр. Бұл 137 тіреу Қазақстанды мекен еткен барлық этностардың берекелі бірлігі мен ырысты ынтымағын білдіреді. Саябақтың орталық аллеясын бойлай граниттен жасалған 21 тақтайша орналасқан. Бұл тақтайшаларға еліміздің тәуелсіздік жылдарында болған ең елеулі оқиғалары жазылған.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған іс-шаралар аясында ашылған саябақ Шымкент қаласы тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс және мәдени орындарының біріне айналары сөзсіз.
Шымкент қаласындағы Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би көшелерінің қиылысында 2009 жылы бой көтерген 34 метрлік «Жер-Ана» тәуелсіздік монументі мен «Тәуелсіздік» саябағы арасын «Мемлекеттік рәміздер» алаңы мен ұзындығы 104 метрді құрайтын көпір жалғап тұр. Бүгінде көпшілік бұл көпірді ескі тарих пен жаңа тарихты байланыстырып тұрған «Алтын көпір» деп атап кетті. «Рәміздер алаңында» еліміздің картасы бейнеленіп, Елбасымыз Н.Назарбаевтың тәуелсіздік туралы толғанысы мен 1991 жылғы 16 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңынан үзінді жазылған. Рәміздер алаңында орын тепкен 25 метрлік найзалардың ортасында көлемі 128 шаршы метрді құрайтын көк туымыз 50 метрлік биіктікте желбіреп тұр.
Жоғарыда аталған нысандардың барлығы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бой көтерген.
Саябаққа көшет отырғызған Елбасыға “Алтын шаңырақ” монументі жанынан облыс ардагерлері мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қарсы жолықты. Бірқатары сөз алып, жасампаз Қазақстанның дүние жүзінде үлкен беделге ие болғандығын, экономикалық әлеуетінің көтерілгендігін айтып, осындай биік деңгейге жеткізген Президентке саулық тіледі. Осы сәтті пайдаланған жастар жағы Мемлекет басшысынан рұқсат сұрап, сан ұлттар тілінде әндер айтты, би биледі. Көңілшуақ жүздесуде Н.Назарбаев жастар мен ардагерлерге қаратып, ел өміріндегі елеулі оқиғаларды әңгімеледі.
– Қазақстанның баянды болашағын осы Оңтүстік Қазақстан облысы өмірінің өзінен көз жеткізуге болады, – деді Елбасы. –Бұрындары осы облыста төрт, үш ауысымдық мектептер болған. Біз аздаған жылдардың ішінде сәулетті мектептер, балабақшалар, ауруханалар салып, күрделенген мәселелердің түйінін тарқаттық. Оңтүстікте ана мен бала өлімі бұрнағы жылдардан айтарлықтай азайды. Адамдардың өмір сүру жасының ұзақтығы артып келеді. Мұның бәрі – елге жасалып жатқан жақсылықтардың қайтарымы. Шымкент – сәулетті қала. Таңертең дендробақты аралап, көлді көрдім. Үлкен жұмыстар атқарылыпты. Мына саябақ қандай әсем. Тарихқа тұнып тұр. Астана, Алматыдан кейінгі Қазақстанның үшінші қаласы – Шымкент дегенді мен бұрын да айтқанмын. Қала орталығының сиқын алып, қоршаған ортаға залалын тигізіп отырған қорғасын зауыты сыртқа көшіріледі. Халқының саны 1 млн.-ға жетеқабыл қаланың көркі бүгінгісінен де көркем болады. Жыл сайын елімізге 67 мың сәби сыйлайтын алтын құрсақ Оңтүстіктегі бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы үлкен, болашағы зор.
Осылай деп бір қайырған Президент ел бірлігі, ынтымақ, бейбітшілік, дін тазалығы жөнінде өз ойларымен бөлісті.
– Қазақ баласы қай жерде жүрсе де оның бір ғана Отаны бар. Ол – Тәуелсіз Қазақстан, – деді Елбасы. – Бірақ, жүздеген ұлттар мен ұлыстар айрандай ұйып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып отырған татулықты іштей іріткісі келетіндер қай кезде де табылады. Біз дін, наным бостандығын бердік, жағдай жасадық. Бірақ, ойыңа келгенді істе деген жоқпыз, жат пиғылдың дегенін болдырмаймыз. Қазақстан саясатына жат ағымдар келіп, мемлекеттің ісіне араласқысы, ел бірлігіне селкеу түсіргісі келеді. Мұсылмандықтың жолы деп арабтардың ұлттық киімі – хиджабты насихаттағысы келеді. Қазақ әжелері кимешек киген, аналарымыз ақ жаулық тартқан. Етек-жеңінің ашық-шашық қалған кезі жоқ. Ендеше, неге біз өз ұлттық киімімізден безініп, өзгенің шекпенін жамылуымыз керек. Ата-бабамыздың аруағын мансұқтау да, салт-дәстүрімізге тыйым салатындай әрекеттер де бой көтере бастады. Біз – мұсылман мемлекетпіз. Өз ұлттық ерекшелігіміз, мәдениетіміз, өзіндік салт-дәстүріміз бар бейбіт, дархан елміз. Ұлан-ғайыр даланы халқына аманаттаған батыр елдің ұрпағымыз. Өзге ағымдардың теріс пиғылды әрекеттеріне тосқауыл қойып, елдің татулығын бұзуға жол бермейміз. Олардың дегені болмайды. Қазақстан – сан ұлттар мен ұлыстарға қысылғанда пана болған саялы мемлекет. Ұлтаралық татулық пен бірлікті, бейбітшілікті қастерлейтін мемлекет. Ел ағалары, жастар, сіздерге айтарым, ел ішінің тыныштығын бұзғысы келетіндерге қатал тойтарыс беріңіздер.
Көпшілікпен жүздескен кезінде Елбасы осылай деді. Мемлекет басшысының айтқанын жұрт қызу қолдады.
Осы жүздесуден соң Нұрсұлтан Әбішұлы қала сыртындағы “Индустриялық аймаққа” келді. Бұл бұрын фосфор зауыты сияқты ірі өндіріс орындары орналасқан аймақ болатын. Бүкіл Одаққа белгілі зауыт уақыт сынына төтеп бере алмай құлағанда, орнында атом бомбасы түскендей қирандылар мен фосфордың мол улы қалдықтары қалған. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов инфрақұрылымының орны бар, темір жол тұйықтары тіреліп тұрған, ең бастысы – қаладан жырақ, өндіріс орындарына сұранып тұрған жерді тазалап, индустриялық аймақ құруға бағдарлама жасаған-ды. Облыс әкімі үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша бөлінген қаржыларды тиімді пайдалану, Елбасының 2010 жылдың наурызында бұрынғы фосфор зауытының аумағын қалпына келтіру тапсырмасын орындау мақсатында индустриялық аймақ құруға шешім қабылдаған. Жобаның мақсаты инвестициялық жобаларды іске асыру, отандық және шетелдік инвесторларды тарту, өнеркәсіп саласындағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және бюджетке түсетін салық түсімдерін арттыру болып табылады.
Индустриялық аймақтың жалпы аумағы 337 гектарды құрайды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде инфрақұрылымдарды тартуға 4 млрд. теңге қарастырылған. Соның 2010-2011 жылдары 2,2 млрд. теңгесі игерілді. Ал, 2012 жылға 1,8 млрд.теңге қарастырылған. Бүгінгі таңда, индустриялық аймақта 31 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жалпы құны 5,8 млрд. теңге болатын 2 000 жаңа жұмыс орны ашылады. 2011 жылы жалпы құны 3,6 млрд. теңге құрайтын 11 инвестициялық жоба іске қосылып, 653 адам жұмыспен қамтылады. Индустриялық аймақтың қатысушыларына айрықша жеңілдіктер қарастырылған. Мемлекет басшысы «Индустриялық аймақта» іске асып жатқан темір-бетон өнімдерін шығаратын инвестициялық жоба «Арт-Құрылыс» ЖШС-імен танысты. Жобаның қуаты жылына 200 мың текше метр темір-бетон өнімін өндіруге жетеді. Жоспарланған жұмыс орны 200 адамға есептелген. Жоба құны – 900 млн. теңге.
Темір-бетон жұмысшыларымен пікірлесіп, естелікке суретке түскеннен кейін Мемлекет басшысы «Ferrum-Vtor» (Феррум-Втор) ЖШС-іне келді. Серіктестік «Силикат үйіндісін және сұйық шыны шығаратын цех» инвестициялық жобасын іске қосқан. Жоба қуаты жылына 3 мың силикат үйіндісі мен 6 мың тонна сұйық шыны шығаруға жетеді. Жоспарланып отырған жұмыс орны – 50 адам, жоба құны – 75 млн. теңге. Өнімдер металлургия, химия өнеркәсібі мен құрылыс, энергетика салаларында қолданылады. Дайын өнімдер Қазақстан мен Ресей және Түркіменстан рыноктарына шығарылады деп жоспарланған.
Бұдан соң Нұрсұлтан Әбішұлы кадрларды даярлау орталығының жұмысымен танысты. Орталықтың негізгі мақсаты Қазақстан Президентінің биылғы Жолдауында айтылғандай, кәсіптік және техникалық мамандарды жаңашыл тәсілмен даярлау және «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша индустрияландыруды іске асыру әрі кадр әлеуетін дамыту болып табылады. 1 қыркүйекте ашылған орталықта индустриялық аймақтағы өндіріс орындарында жұмыс істейтін кәсіби мамандардың тапшылығына орай мамандар даярлануда. Орталық 350 адамға арналған. Қазіргі уақытта 150 адам білім алуда. Мұнда 30 оқытушы сабақ береді. Орталық 10 мамандық бойынша, атап айтқанда, резеңке-техникалық өндіріс, полимерлік өндіріс технологиясы, түсті металды балқытушы және т.б. тапшы мамандықтар бойынша мамандар даярлайды. Жобаның жалпы құны 114 млн.теңгені құрайды. Оқу орталығы оқу базасымен, компьютерлік сыныптармен және материалдық базамен жабдықталған.
Индустриялық аймақтан соң Мемлекет басшысының кортежі Қажымұқан атындағы орталық стадионның жанынан салынған жаңа жеңіл атлетика манежіне атбасын тіреді. Қазақстанда жеңіл атлетика манежі жоқ емес. Алайда, 1972 жылы Қарағандыда салынған спорт кешені уақыт талабына ілесе алмады, материалдық-техникалық базасы ескірді. Спорт бәсекелерінің падишасы – Олимпиялық ойындар болса, сол аламанда спорт королі – жеңіл атлетика жарыстарында 48 медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Екпіннен құйын үйірілетін ямайкалық желаяқ Усеин Болт секілді жампоздар Бейжің Олимпиадасында бір өзі 3 алтын олжалады. Ал Қазақстанға бұйырғаны Бақыт Сәрсекбаев пен Илья Ильиннің қос алтыны ғана. Мұны аз деуге ауыз бармайды. Жүздеген мемлекет алтын түгілі қола медальға зар болып, қамығып қайтқанын сан көрдік.
Дегенмен, осының бәрін екшеген облыстық спорт, туризм және дене тәрбиесі басқармасының бастығы Болат Қырықбаев облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің алдына мәселе етіп қойған екен. Іскер басшы арқаны кеңге салмапты. Нәтижесі міне. Жеңіл атлетика манежімен қатар, 50 метрлік жабық жүзу бассейні жақында пайдалануға беріледі.
Ойды ой қозғайды. Биыл 46 спорт түрінен Қазақстан спартакиадасы өтті. Бірде-бір спорт түрі Оңтүстікке ұсынылмады. Өйткені, көп жарысты өткізетін зәулім Спорт сарайы жоқ. Қолдағы бары Мұз сарайға айналып кеткен. Оны жаздық режімге көшіру түгілі бүгінгісін ұстап тұру бюджетке орасан қаржыға түсіп отыр. Ал жаңа 720 орындық жеңіл атлетика манежі осы олқылықтардың орнын толтырады. Кейінгі уақыттары Спорт сарайы жоқ болғандықтан, көптеген халықаралық жарыстар оқу орындарының базасында өткізіліп келген. Енді Кеңес Одағының батырлары генерал Сабыр Рақымов пен Қарақозы Әбдіәлиевті еске түсіруге арналған халықаралық турнирлер осы манежде өтетін болады.
Елбасы спортшылармен жүздесуде Қазақстанның жеңіл атлетикадан несібесі орта болып жүргендігін еске салып, жас спортшыларға табыс тіледі. Әлия Жүсіповадай тарландардың қатары көбейетіндігіне сенім білдірді. Оңтүстік Қазақстан облысының бюджеті есебінен салынған барлық заманауи талаптарға сай келетін бұл нысан ел аумағындағы ірі жеңілатлетикалық спорт кешені болып табылады. 2010 жылдың маусым айында қазығы қағылған ғимараттың құрылысы биылғы жылдың қыркүйегінде аяқталды. Бұл – айналып жүгіру жолы 200 метрді құрайтын республикадағы бірегей жеңілатлетикалық манеж. Мұнда биіктікке секіру, ұзындыққа секіру, ядро лақтыру секторлары мен 3 айналып жүгіру, 6 кедергілі және тура жүгіру жолдары бар. 1962 жылы Шымкент қаласында алғаш рет №2 Олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі мемлекеттік мекемесі (№2 ОРДБЖМСМ) ашылған. Мемлекет басшысы осы мектептің директоры В.Кравченкоға манеждің ашылуына көрімдік ретінде жаңа автобус тарту етті. Соңынан спортшылармен естелікке суретке түсті.
– Әлемдік жарыстарда үздік болып, еліміздің әнұранын ойнатып, көк байрағын көкке көтере беріңіздер! – деді қоштасарда Президент.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.