27 Қаңтар, 2010

СНАЙПЕР

1717 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Ұлы Отан соғысында қыр­шын кеткен Сұлтан Ер­кімбаевтың ерлігі еліне тек 60 жылдан кейін ғана белгілі болды. Осыдан бес жыл бұрын Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында ба­тыр­дың жиені Өмірзақ Их­тиля­повтың ізденісін іле қолдап кеткен қостанай­лық журналистер жұмысының арқасында жас жауынгердің ерлігі елге жетті. Бұл жөнінде “Егемен Қазақстан” газетінің оқырмандарына да (“Ерекше құпия арнайы снайперлер ротасындағы жалғыз қазақ”, “Қазақстан – әкесі ер Сұлтанның, Украина жері енді анаң болсын!”) жеткізгенбіз. 1939 жылы Қостанай облысының Жітіқара ауданындағы фаб­рика-зауыт оқуына (ФЗО) небәрі он алты жасында алынған Сұлтанды бір жылдан кейін алыстағы көмірлі Кузбасқа жібереді. Соғыс басталғанда Новосібір облысына қарасты Кузедеев ауданында жұмыс істеп жүрген Сұлтан майданға аттанады да, Челябі облысындағы арнайы атқыштар мектебінің ерек­ше құпия бөлім­шесінде оқып, барлау ротасы үшін дай­ын­д­ықтан өтеді. Сұл­тан құ­рамында бол­ған 263-ди­визия Каре­лия майда­нын­дағы Кастеньг бағытындағы ұрыстарда фа­шис­тердің атақ­ты “Норд” СС дивизиясын қансыратқаны тарихтан мә­лім. Карелия май­данындағы ұрыстарда мерген­дігімен көз­ге түскен қазақтың қара ба­ласы осы дивизияның құ­рамын­дағы 997-атқыштар полкінің 1942 жылы қазан айында жасақталған ерекше құпия арнайы снайперлер рота­сына алынады. Архив­тер­ден табылған полк журна­лын­дағы анықтамада С.Ер­кім­баев 1942 жылдың мамы­рынан 1943 жылдың қаң­та­рына дейін 30 фашистің көзін жойғаны және 1943 жылдың наурызына дейін өзінің снайперлік винтовкасымен тағы да 13 фашисті атып түсіргені айтылған. 1943 жылдың басында оны “бастамашылдығы мен батыл қимылының арқа­сын­да әскери бөлімше тапсырмасын табысты орын­да­ғаны және ұрыста көрсеткен ерлігі үшін” “За бое­вые заслуги” медаліне ұсынады. Мұнан кейін қо­лы­ның жараланғанына қарамай рота жауын­гер­ле­ріне көмекке келіп, басқыншыларға қарсы олармен бірдей батыл қимыл көрсеткені полкте атап өтіп, оған өзінің аты жазылған “ТТ” (пистолет) арнайы қаруы сыйға беріледі. Ал өткен жылы Подольскідегі Ресей Қорғаныс министрлігінің орталық архивінен келген құжатта Сұлтан Еркімбаевтың 1943 жылы маусым айында Қызыл жұлдыз орденімен мара­патталғаны айтылған. Және осы награданы алғанда оны Коммунистік партия қатарына кандидат етіп қабылдайды. Амал не, осы награданы алған соң екі ай­дан кейін, яғни тамыз айында 997-атқыштар пол­кі­нің құрамындағы ерекше құпия арнайы снай­пер­лер ротасы Харьков үшін болған ұрыста Северский Донец өзенінің жағалауында түгелімен оққа ұшады. Олардың арасында Сұлтан Еркімбаев та бар еді. Жақында ғана қостанайлық журналистердің сұрау салуымен Мәскеу облысының Подольск қаласындағы бұрынғы Кеңестер Одағы, қазіргі Ресей Қорғаныс министрлігінің орталық архивінен келген құжаттар Сұлтанның батыр бейнесін байыта түсті. Сол 1943 жылдың желтоқсан айында КСРО Жоғары Кеңесінің жарлығымен асқан ержүректілік пен батырлық танытқаны үшін 263-дивизияның 997-атқыштар полкі құрамындағы ерекше құпия арнайы снайперлер ротасының он жауынгері өл­ген­нен кейін І-дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталады. Олар: бөлімше командирі, аға лейтенант А.Васильев, М.Волынцев, С.Еркімбаев, В.Степанов, Я.Парвин, И.Коробейников, Л.Бо­рисевич, Л.Краснов, Е.Леонидов, М.Четверговтар болатын. Сұлтан наградаға ұсынылғандардың арасында үшінші болып тұр. Сонымен қатар архив қызметкерлері ерекше құпия арнайы снайперлер ротасының 1943 жылғы тізімін де жіберіпті. Ондағы 36 жауынгер-мергеннің арасында Сұлтан Еркімбаевтың жалғыз қазақ екенін бұрын да айтқанбыз. Мергендікке үздік дайындалған барлаушы рота жауынгерлері ныспыларының барлығы да украин, орыс немесе славян тектес ұлт болғандықтан олардың арасындағы тек қазақ қана емес, жалпы түркі халықтарының жалғыз өкілі де Сұлтан деуге негіз бар. Енді, бір күнде қырылған 36 жауынгердің ішінен неге ол ғана жоғары наградаға ұсынылды? Өйткені, І-дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденінің статутында кеңестік наградалар арасында тұңғыш рет осы орденге лайық деп саналатын ерліктер нақты аталып көрсетілді. Онда “жаяу әскерлер, снайперлік бөлімшелер құрамында болып, 40-тан аса басқыншылардың көзін жойғанға беріледі” деген тарам бар. Ротадағы І-дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен өлгеннен кейін марапатталған ондықтың арасындағы Сұлтан Еркімбаевтың жасаған ерлігі осы орден статутында айтылған шартқа дөп келген. Оған Подольскідегі архивтен келген соңғы құжаттағы снайпер Сұлтан Еркімбаевтың жеке есебі де куә. Онда: “С.Еркімбаев 1923 жылы туған. 263-ші дивизия құрамындағы 997-атқыштар полкінің ерекше құпия арнайы снайперлер ротасына 1942 жылы қазан айында алынған; 1943 жылдың қаңтарындағы мәлімет бойынша С.Еркімбаев 30 неміс солдаты мен офицерін жойды; 1943 мартында С.Еркімбаев жойған фашистің саны 43-ке жеткен; 1943 жылдың маусымындағы мәлімет–С.Еркімбаев екі айда 47 гитлершілдің көзін жойды; Штаб мәліметі – 1943 жылы шілдеде С.Еркім­баев­тың жеке есебінде 23 неміс солдаты мен офицері болды; С.Еркімбаев 1943 жылы тамыз айында Красный Яр селосында ерлікпен қаза тапты. Жерленген орны – Харьков облысы, Изюмский ауданы” деп жазылған. Майдан даласында құралайды көзге атқан мергендігімен осындай көзсіз ерлік көрсеткен Сұлтан Харьков үшін болған ұрыстарда шешуші рөл атқарған Северский Донец өзенінің жағасын қанымен, жанымен қорғап қаза тапқанда небәрі жиырмаға толар-толмас жаста болатын. Ал оның жиені Өмірзақ Ихтиляпов бұл да Сұлтанның шын жасы екеніне күмәнданады. – Әкесі жоқ жетім баланы өзгелердің орнына ФЗО-ға жіберу үшін ауылдағы атқамінерлер Сұл­танның жасын бір жасқа үлкейтіп көрсетіп жіберген деп отырушы еді анам Сақыш,–дейді Өмекең. Егер істің ақиқаты осылай болса, оқ пен оттың арасында жүріп кеудесіне “За боевые заслуги” медалін, Қызыл жұлдыз орденін таққан, командирлерінің қолынан сыйға өзінің аты жазылған арнайы қару алған, өлгеннен кейін І-дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталған сұр мергеннің жасы 19-ға да толмаған екен-ау... Қайран өмір! Cуреттерде: ротаның шабуылы және Сұлтанның жеке суреті. ЕЛОРДАДА Рахымжан Қошқарбаевқа неге ескерткіш пен дені дұрыс көше жоқ? Фашистік басқыншыларға қарсы күресте батырлықтың қайталанбас үлгісі болған, Ұлы Отан соғысының отты шежі­ре­сінде халқымыздың ғасырлар бойғы ерен ерлік дәстүрінің мыз­ғымас сабақ­тастығын көр­сет­кен көптеген қазақ азамат­тары­ның есімдері алтын әріп­тер­мен жазылды. Бірақ олар­дың кейбіреулерінің теңдессіз ерліктері кезінде КСРО құ­рамындағы кереғар ұлттық сая­сат салдарынан лайықты баға­сын ала алмай қалғандығы да жасырын емес. Солардың бірі — Астана қала­сының төл тумасы Рахымжан Қошқарбаев еді. Рахымжан 1942 жылы 18 жа­сында Ақмола өңірінен өз еркімен қан майданға аттан­ды. Жаяу әскер училищесін бітір­ген­нен кейін взвод ко­мандирі ретінде Беларусь май­данының құрамында жауға қарсы шай­қас­ты. Неміс-фашистерінің ор­да­сы Берлин қаласы үшін болған қанды қасаптың бел ор­та­сында ба­тырлықтың керемет үлгісін көрсетті. Рейхстагты алуда қаһармандығымен көзге түсіп, қатардағы жауынгер Григорий Булатов екеуі бірінші болып жау ордасының қабыр­ғасына Жеңіс жалауын тікті. Бұл теңдессіз ерлік кезінде лай­ық­ты бағасын алмады. Ол құ­рамында болған дивизияның әс­кери басшылығы сол 1945 жылдың мамыр айында Р.Қош­­қарбаевқа Кеңес Ода­ғының Батыры атағын беру жөнінде жоғары жаққа ұсы­ныс жібергенімен марапат мәселесі шешілмей аяқсыз қалды. Бұл әділетсіздіктің өтеуі тек еліміз егемендік алғаннан кейін ғана қайтарылды. Тұң­ғыш Пре­зидентіміз Нұрсұлтан Назар­баев 1999 жылғы 7 ма­мырдағы Жарлығымен қазақ­тың қайсар ұлына Халық қаһарманы ата­ғын берді. Сөйтіп, тағдыр та­лайы­мы күрделі Р.Қошқарбаев­тың теңдессіз ерлігі 54 жылдан кейін ғана ресми жоғары баға­сын алды. Өкінішке қарай, батыр жер­лесіміздің ерен ерлігін ұлық­тай­тын өнегелі шаралар оның туған жері Астана қала­сында жоқтың қасы. Кезінде оның есімі берілген шолақ көшеде бүгінде бар болғаны оншақты-ақ үй қалған. Қала құрылы­мы­ның құрылыс қар­қы­нымен жыл­дан-жылға өз­геруіне байла­нысты болашақ­та ол көшенің жойылып кету қаупі бар. Міне, биыл ел фашистік бас­қын­шыларға қарсы жү­р­гі­зіл­­ген соғыстағы Ұлы Жеңісінің 65 жыл­дық мерейлі мерекесін атап өтпек. Осы айтулы күн­нің қар­саңында Астананың төл тумасы, Халық қаһар­маны Рахымжан Қош­қар­баевтың есімін елордада қайта жаңғырту парыз. Сон­дықтан біз, бір топ астаналық арда­герлер қала әкім­дігіне және қалалық мәс­ли­хатқа арнайы ұсыныс жол­дауды жөн көрдік. Ұлы Жеңіс­тің 65 жылдық ме­рекесіне орай Астана қала­сының жаңадан бой көтерген көрікті көше­лері­нің біріне халқымыздың қа­һар­ман пер­зенті Р.Қош­қарбаевтың есімі берілсе, сол көшенің бой­ын­да батырдың ескерткіші ашыл­­са, нұр үстіне нұр болмақ. Қоңдыбай ЖЕКСЕНБАЕВ, Әскен НӘБИЕВ, Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Астана. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.