Қазақстан • 17 Тамыз, 2017

Азаматтың арманы

630 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында іссапармен Күршімде болғанымызда аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының орынбасары Қайрат Бақтияров тағдырдың тауқыметін 28 жылдан бері тартып келе жатса да намысын жанып, рухы төмендемеген, кәсіпкерлікпен бірге спортпен шұғылдана бастаған Айболат Құнапиев деген азаматпен таныстырды.

Азаматтың арманы

Суретте: ауылдан шық­қан чемпион Айболат Құ­на­пиев (оң жақта) Қайрат Бақ­тия­ровпен күш сынасуда. Суретті түсірген автор

Аудандағы Барақ батыр атындағы спорт мектебіне келген батыр тұлғалы, көздерінен от ұшқындаған Айболат аузын ашса жүрегі көрінетін, ақкөңіл азамат екен.

– 1989 жылдың 21 маусымы менің тағдырымды өзгертіп жіберді, – деп еске алды сол бір оқиғаны батыр ініміз. – Марат деген досымның көлігіне отырып, қасымда тағы үш-төрт жерлесім бар, Жолнұсқаудан Ақсуатқа қарай келе жатқанбыз. Көлікті басқарып отырған досым абайламай қалса керек, оқыста аударылып қалдық. Жылдамдық қалыпты жағдайда болатын. Жұлынға келген қатты зақымнан ақыры мүгедек болып қалдым. Абырой болғанда жанымдағы серіктерім дін аман. Тағдырдың жазуына не айтамын, мұның алдында Күршімдегі кәсіптік-техникалық училищенің тракторшы бөлімін аяқтап, осы мамандық бойынша жұмыс істеп жүргенмін. Сын сәтте ауылдастарым, туыстарым мені қолдады. Сонан соң өзім де қарап отыра бермей кәсіпкерлікпен шұғылдана бас­тадым. Бұл ермегім өзіме ұнады. Бала кезімнен спортқа әуес едім, түрлі жаттығуларды үйде жасайтынмын. Ақыры, осыдан екі жыл бұрын қайырымды азамат Қайрат Тоқанұлының түрткі болуымен қол күресімен айналыса бастадым. Нә­тиже жаман емес, – деп арбасында отырып жымиды жігерлі жігіт.

Кесек денелі, бұлшық еттері бұлт-бұлт ойнаған Айболат өзі жайлы айтқанда әңгімеге сараң болып шықты. Есесіне, Айболатты қол күресіне қызықтырған Қайрат Тоқанұлы ол туралы ықыласпен пікір білдірді.

– Екі жыл – қол күресі үшін ұзақ уақыт емес. Алайда, Айекең осы аралықта екі рет облыс, екі рет ел чемпионаттарында топ жарды. Аудан орталығында өткен жары­старда ешкімге дес бермей келеді. 2015 жылы Ресейдің Сочи қаласында Паралимпия ойындары өтіп, оған Айболат та қа­тысты. 100 килодан асатын ауыр салмақ бойынша қола ме­дальды иеленді. Айболаттың ендігі арманы – әлем чемпионы атану. Жаттығулар жалғаса берсе, оған қол жеткізуге болады. Күр­шімдегі балық зауытының басшысы Нұрлан Қасымханов, іскер азаматтар Ержан Сқақов, Жанарбек Білімбаев деген жаны жомарт азаматтарға мың алғыс. Алғашқысы бір миллион теңге, облыстық спорт басқармасы 500 мың теңге демеушілік көмек көрсетті. Аттары аталған екі азамат та қомақты көмектен аянбады. Айболаттың қоларбада отырып-ақ, ауданды былай қойып, облыс намысын қорғап, жоғары нәтижелерге жетуі –мүмкіндігі шектеулі басқа жандарға да үлгі болды. Қазірдің өзінде Ерік, Павел деген жігіттер де қол күресімен шұғылдана бастады, – дейді Қайрат Тоқанұлы.

Күршімдегі  балалар және жас­өспірімдер спорт мектебі дирек­торының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Шепенова ауданның түгелге жуық ауылдарында түрлі филиалдардың жұмыс істеп тұрғанын, оларда 902 баланың бокс, қазақ күресі, еркін күрес, шай­балы хоккей, футбол, волейбол сияқты спорт түрлерімен шұғыл­данатынын, түрлі деңгейдегі жарыстарда шәкірттерінің тәуір нәтижеге қол жеткізіп жүргендерін мақтанышпен айтты. Аудан әкімі Сейсенғазы Чукаев спорт мектебіне қамқорлық жасап тұрады екен. 

Тағы бір айта кететін жайт, Барақ батыр спорт кешеніне кел­генімізде, мүмкіндігі шектеулі жан­дарға арналған спорт залда­рының қажетті құралдармен жаб­дық­талғанын көрдік. Мұнда сенбі, жексенбі күндері де жаттыға беруге болады. Демек, спортқа кө­ңіл бөлінген жерде табыстың да мін­детті түрде болатыны сөзсіз.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,
журналист

Шығыс Қазақстан облысы,
Күршім ауданы