Кеше Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның кезекті жалпы отырысында 2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет мәселесі қаралды. Үшжылдық бюджет жобасын талқылауға Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қатысты.
Үшжылдық бюджет жобасын қарауға кіріспес бұрын депутаттар «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2012-2014 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын қарап, оны бірауыздан мақұлдады. Жалпы, трансферт мәселесінде Елбасының Жарлығына сәйкес ол жыл сайын абсолютті мәнде 8 миллиард АҚШ доллары көлемінде белгіленген. Яғни, кепілдендірілген трансферттің жыл сайынғы мөлшері 1 200 миллиард теңге деңгейінде қарастырылған.
«2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы бойынша Экономикалық даму және сауда министрі Қайрат Келімбетов, Қаржы министрі Болат Жәмішев және Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжіяқов баяндама жасады. Артынан палатаның Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Сансызбай Есілов қосымша түсінік берді. Жалпы, үшжылдық бюджет параметрлері орта мерзімді кезеңге арналған негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамына негізделіп әзірленген. Сондай-ақ макроэкономикалық көрсеткіштерде әлемдік экономиканың үрдістері жан-жақты екшелген. Ықтимал баға ауытқулары ескеріле отырып, мұнайдың әлемдік бағасы 2012 жылы барреліне 80 АҚШ доллары деңгейінде, 2013-2014 жылдары 70 АҚШ доллары деңгейінде деген болжам жасалған. Осыған сәйкес ІЖӨ-нің өсімі 2012 жылы 6,9 пайызды, 2013 жылы – 6,5 және 2014 жылы 7,1 пайызды құрайды деп күтілуде. 2012 – 2014 жылдары инфляция 6 – 8 пайыз дәлізінде сақталады деп болжанып отыр.
Сонымен, 2012 жылғы республикалық бюджеттің болжалды түсімі 4 триллион 751 миллиард теңге. 2013 жылғы бұл көрсеткіш 5 триллион 31 миллиард теңге болса, ал 2014 жылы 5 триллион 424 миллиард теңге деңгейінде болжанған. 2012 жылы республикалық бюджеттің шығыс бөлігі 5 триллион 510 миллиард теңгені құрайды. 2013 жылғы шығыс 5 триллион 505 миллиард теңге болса, 2014 жылы ол 5 триллион 884 миллиард теңге деңгейінде көрсетілген. Осы орайда бюджет тапшылығы 2012 жылы 759 миллиард теңгені, 2013 жылы – 474, ал 2014 жылы 460 миллиард теңгені құрағандығын айта кету керек. Депутаттардан бюджеттің шығыс бөлігін жалпы сомасы 311 млрд.-тан астам теңгеге ұлғайту туралы 136 ұсыныс түсті. Нәтижесінде жұмыс тобында бюджеттің шығыс жағын білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру және ауыл шаруашылығы салаларына 2012 жылы 25,4 миллиард теңгеге, 2013 жылы – 9,3, сондай-ақ 2014 жылы 3,4 миллиард теңгеге ұлғайтуға уағдаласылды.
Белгілі болғандай, үшжылдық мерзімге әлеуметтік қамсыздандыру мен әлеуметтік көмекке 4 триллион 38 миллиард теңге көзделсе, осы мерзім ішінде білім беру саласына 1 триллион 147 миллиард теңге қарастырылыпты. Ал денсаулық сақтау саласына үш жыл ішінде 1 триллион 310 миллиард теңге салынған. Тағы бір айта кетерлігі, мәдениет саласына үш жылда 61 миллиард теңге жоспарланса, мемлекеттік және өзге де тілдерді дамытуға 13 миллиард теңге бөлінбекші. Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжіяқовтың мәліметтерінен белгілі болғандай, ұлттық валюта бағамы долларға шаққанда тұрақты. Соңғы 9 айдың ішінде долларға шаққандағы ауытқу 0,3 пайызға ғана болған. Ал Ресейде 8 айда ұлттық валюта 7,2 пайызға әлсіресе, қыркүйек айында ғана рубль 6,3 пайызға төмен сырғыған. Тұрақтылықтың нәтижесінде еліміздің алтын-валюта қорын толықтыруға мүмкіндік бар, деді Ұлттық Банк төрағасының орынбасары. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айының соңына таман еліміздің халықаралық резерві 72,5 миллиард АҚШ долларына жетіп, жыл басынан бері 22,4 пайызға өсіпті. Соның ішінде Ұлттық Банктің алтын-валюта резерві 32,5 миллиард АҚШ доллары болса, Ұлттық қорда 40 миллиард доллардан астам қаржы жинақталған.
Үшжылдық бюджет жобасын мақұлдағаннан кейін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қысқаша сөз сөйлеп, депутаттарға мемлекеттік бюджет жоспарын қалыптастыруда бірлесе атқарған жұмыстары үшін ризашылығын білдірді. Осы ретте Премьер 2008 жылы бір ғана америкалық банктің банкротқа ұшырауынан әлем дүрліккенін, 2011 жылдың күзінде де әлемдік экономикада тұрақтылық орнады деп айтуға келмейтіндігін көлденең тартты. Мемлекет басшысының тапсырмасына орай әлемдік экономика нашарлаған жағдайда Үкімет баламалы сценарий ойластырып қойды, деді Кәрім Қажымқанұлы. Үкімет басшысы сондай-ақ келесі аптада ТМД-ға мүше елдер үкіметтері, ЕурАзЭҚ және Кеден одағы елдері басшыларының кеңесі өтетінін, өзі сол кезде әріптестеріне қауіп-қатерлерге қарсы ұжымдаса әрекет етуді ұсынатындығын атап көрсетті. К.Мәсімов макроэкономикалық тұрақтылық пен жұмыс орындарын құру басты мәселе болса, үстіміздегі жылдың 9 айында еліміз экономикасы 7 пайыздық өсімді көрсеткенін де қаперге салды.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет процесінде мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органдар кұзыретінің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы арасындағы Алматы қаласында оның болу шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасы мен Азия Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Жай операциялар) (ОАӨЭЫ 1 көлік дәлізі [Жамбыл облысындағы жол учаскесі] [«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізі] Инвестициялық бағдарлама – 4-жоба) ратификациялау туралы» заң жобалары да мақұлданып, Сенатқа жіберілді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.