Бокс • 21 Тамыз, 2017

Абылайхан үмітті ақтай ма?

435 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Санаулы күндерден кейін Алманияның Гамбург қаласында бокстан әлем чемпионаты 19-ші рет жалау көтереді. Дүние жүзінің дүлдүлдері жұдырық түйістіретін бұл додаға қазақ боксшыларының да тас-түйін дайындықпен барары сөзсіз. Алдымызға қойған мақсат бір басқа, әлемде үздік үштіктің ішіндеміз деген атымыз бар, бізге ең алдымен абырой қымбат. Мұның алдындағы Дохада өткен додада жіберген есеміз бар, биылғы Азия біріншілігіндегі «әттегенайлардың» бәрін жиып-теріп, есесін қайтаруға қайрат қылар кез енді келген сыңайлы.

Абылайхан үмітті ақтай ма?

Есте болар, 2015 жылы Ка­тар­дың астанасы Дохада өткен әлем чемпионатында біздің бокс­шыларға алтын медаль бұйыр­маған еді. «Қазақ салмағы» – 69 килода Данияр Елеусінов фи­нал­да марокколық Мохамед Раби­ден жеңіліп, күміс жүлдені місе тұтқан. Тағы бір боксшымыз – ауыр салмақтағы Иван Дыч­ко да «алтын» үшін болған айқас­та француз Тони Йокаға есе жібер­ген-ді.

Ал, күні кешегі Ташкентте өт­кен Азия чемпионатында жалғыз ғана алтын жүлдемен көңіл жұбаттық. Василий Левит болмаса, қасықтап жиған абыройымыздың шелектеп төгілері де рас еді. Сарықұрлықтың сол додасында Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Ерік Әлжанов (81 кг), Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг) – күміс, ал Бекдәулет Ибрагимов (64 кг), Әбілхан Аманқұл (75 кг), Қайрат Ерәлиев (56 кг) және Азамат Исақұлов (52 кг) қола медаль иегерлері атанған болатын. 

Әлемдік дода алдында Ұлттық құраманың жаттықтырушылары сөзге сараң, ашылып сыр айта бермейді. Ұжымның алдында зор міндет, үлкен жауапкершілік тұрғаны айтпаса да белгілі. Тек, құрамадағы жаттықтырушының бірі Азамат Мұқажанов биылғы чемпионаттан толық медаль жиын­­тығын әкелу жоспарда бар еке­нін айтып қалды. Бұл дегеніңіз – ал­тын, күміс және қола медаль ғой...

Сонымен, Гамбургте 25 тамыз бен 3 қыркүйек арасында өтетін әлем чемпионатына Қазақстан командасы мына құрамда өнер көрсетеді: Ержан Жомарт (49 кг), Азамат Исақұлов (52 кг), Қайрат Ерәлиев (56 кг), Әділет Құрметов (60 кг), Бекдәулет Ибрагимов (64 кг), Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Әбілхан Аманқұл (75 кг), Ерік Әлжанов (81 кг), Василий Левит (91 кг) және Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кг).

Бұл боксшылардың бәрі де әлем чемпионатына жолдаманы Ташкенттегі Азия біріншілігінде маңдай терін төгіп алды. Сон­дық­тан да, бұл жерде «анау неге бар­мады, мынау неге барды» дей­тіндей әңгіме болмауға тиіс. 
Әлбетте, боксшыларды бөле-жаратындай ой бізде жоқ. Бәріне де бірдей тілекшіміз. Дегенмен, біз «қазақ салмағы» – 69 кило салмақ дәрежесіне «шүйілуден» бұл жолы да айналып өте алмаймыз. Ел намысын бұл салмақта қорғайтын жиырма жастағы Абылайхан Жүсіпов туралы аз-кем айта кеткенді жөн санасақ, бұл ниетті бокссүйер қауым да түсіністікпен қабылдайды деген сенімдеміз.

Ересектер арасындағы додаға ерте араласқан Абылайхан Жү­сі­пов қазір әжептәуір тәжірибе жи­нақтап алды. Рио-2016 Олим­пиадасына қатысып, Азия чемпио­натында айқасқа түсті. Бір­неше халықаралық турнирлер­де бақ сынап, сүйегі қатқан сақа жігіт­термен терезесі тең өнер көр­сетті. Жүсіповке  жетпегені осы тәжірибе еді, енді мұның да толысқан түрі бар сыңайлы. Ма­мандар талантты боксшының бойын­дағы кемшін тұстың бірі кәдім­гі қара күштің аздығы деп сын айтып жүргені белгілі. Ал Абы­лайдың өзі болса, дәл қазіргі уақыт­та бұл мәселе түйінінің толық­тай шешілгенін, физикалық даяр­лығының техникалық шебер­лігімен қатар өскенін алға тартады. Әлбетте мұның шындыққа қан­шалықты жанасатынын Гам­бург рингі көрсетері анық.

Олимпиада чемпионы, біз­дегі 69 кило салмақты ұзақ уақыт «билеп-төстеп» келген Да­нияр Елеусіновтің әуесқой боксқа қайта оралуы құрамадағы жаттықтырушылар штабының мазасын алары сөзсіз. Бас бапкер Мырзағали Айтжанов газеті­мізге берген бір сұхбатында Данияр Елеусінов келді екен деп Абылайхан Жүсіповтің салмақ ауыстырмайтынын айтқан болатын. «Абылайханның қазіргі салмағы 70 кило. Ал 64 килоға дейін салмақ қуу дұрыс емес деп есептеймін, – деген болатын Айтжанов. – Жалпы, 69 килода бәсеке дегеніңіз қызып-ақ тұр. Мұнда Данияр мен Абылайханнан басқа Асланбек Шымбергенов, Садриддин Ахмедов, Илья Оч­кин және басқа да мықты бокс­шылардың бар екенін ұмытпау керек. Бұл салмақта кімнің бірінші нөмір болатыны әлем чемпионатынан кейін шешілетін болады. Қыркүйекте облыс құрама командалары арасында  Конфедерация кубогы жолындағы жарыс бас­та­лып, ол желтоқсанда мәреге же­теді. Сонымен қатар, қараша айын­да Қазақстан чемпионаты өтеді. Міне, осы жарыстардан кейін Ұлттық құрамадағы бірін­ші нөмірдің кім екендігі анық­талады...».

Әрине, әйгілі 69 кило салмақта өзінің үстемдігін ұстап тұру Абы­лайхан Жүсіпов үшін оңайға соқтпайтыны белгілі. Алдын­да алынбас қамалдай болып Олим­пиада чемпионы тұр, соңын­да дүбірі жер жарып жас бөрі­лер келеді. Бұл өз алдына, ал сырт­тағы «Әп бәлем, сені ме?!», деген азулы қарсыластар қаншама де­сеңізші?! Гамбургтегі әлемдік додада Абылайханды Еуропаның биылғы чемпионы неміс Аббас Барау, Рио Олимпиадасының кү­міс жүлдегері өзбек Шахрам Гия­сев, Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері ағылшын Пэт Мак­кормэк күтіп тұр. 
Десе де, біздің жігіт өзіне се­німді сияқты. «Германияға мен жал­ғыз мақсатпен – алтын медаль алу үшін барамын», дейді. 

Қалай болған күнде де, Ал­ма­ниядағы әлем чемпионаты Абылайхан Жүсіпов сынды да­рынды боксшының спорттық карьерасындағы тағдыршешті турнир болғалы тұр. Топты жарып шығар болса, Токиоға – 2020 жылғы Олимпиадаға апарар тура жолдың қақпасы айқара ашылайын деп тұр-ау. 
«Бәсекеден қорқатын мен емес!», дейді Абылайхан. Жөн, бәсекенің болғаны жақсы. Әр салмаққа дәл осы 69 килодағыдай әйдік бәсеке тілегіміз келеді. Біз­дің спорттың, оның ішінде бок­сы­мыздың көсегесін көгертсе – осы бәсеке көгертеді!

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»