1991 жылы 16 желтоқсан күні ғасырлар бойы аңсаған азаттыққа қол жеткізген қазақ халқы тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрып, өзінің егемен ел болғандығын әлемге жариялады. Сол күні алғашқы болып Түркия Қазақстанның тәуелсіздігін таныды. Содан кейін өзге елдер де мойындап, тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевқа өздерінің құттықтауларын жолдады. Әлемде 200-ден астам мемлекет болса, соның 150-дей елі бүгінгі таңда Қазақстанмен достық байланыстар орнатып, ынтымақтастық келісім-шарттарына қол қойды. Қазақ елі Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы секілді халықаралық беделді ұйымдардың белсенді мүшесі болды. Адамзатты толғандырып отырған көкейкесті мәселелерді көтеріп, әлем елдерінің қолдауына ие болған ұтымды ұсыныстарға бастамашылық етті. Елбасымыз алғашқы күннен бастап елдің ішкі және сыртқы саясаттағы ұстанымын айқындап алды. Ашық, демократиялық саясат жүргізген Қазақстан шет елдермен достық қарым-қатынас орната білді. Осы жылдар ішінде Қазақстан Республикасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы да сарабдал саясатының арқасында әлемдік қоғамдастықта үлкен беделге ие болды.
2007 жылы Мадридте өткен Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету туралы ұсынысы бірауыздан қолдау тапты. Өткен жылы еліміз бұл миссияны абыроймен атқарып шықты, аталған Ұйымның қызметіне тың серпіліс берді. Төрағалық кезінде Қазақстан Ұйымның мақсат-міндеттеріне қатысты іргелі істердің жүзеге асуына қол жеткізді. 2010 жыл Қазақ елі үшін құтты жылдардың бірі болып әлем тарихында жазылып қалды.
ЕҚЫҰ Саммиті 1999 жылы Ыстамбұл қаласында өткен еді. 11 жылдан бері ұйымдастырылмаған ЕҚЫҰ Саммиті Астана қаласында болды. Яғни, айтулы маңызды шараны әрқашан ынтымағы жарасқан түркі халықтары ұйымдастыра білді. Бұл да бір үйлесім тапқан тарихи байланыс деп ойлаймын. Астана Саммитінде ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекеттің басшылары бас қосты. Астана Декларациясы қабылданды, бұл құжат ЕҚЫҰ беделінің Еуразия кеңістігінде нығая түсуіне негіз қалады.
Биыл Қазақстан Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына жетекшілік ету міндетін өз қолына алды. Осы тұрғыда халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті нығайтуға, Ислам әлемі мен Батыс арасындағы үнқатысуды жақындастыруға басты назар аударып отыр. 28-30 маусым күндері Астанада өткен ИЫҰ Сыртқы істер министрлерінің 38-ші кеңесінде Қазақстан ұсынысы бойынша Ислам Конференциясы Ұйымы деп аталып келген осы беделді құрылым Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы деген жаңа ғасырдағы жаңа атауға ие болды. Өзінің айдарбелгісін де (логотип) өзгертті. Бұл барлық мүше елдер тарапынан қолдау тапты.
Мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың дамуына парламентшілер де айрықша үлес қосып келеді. Парламентаралық байланыстар елдің саяси-экономикалық тұрақты өркендеуіне, қоғамға қажетті заңдарды шығаруда тәжірибе алмасу ісінің нәтижелі болуына зор ықпал етеді.
Қазақстан Парламенті Мәжілісінде 58 елдің парламентімен ынтымақтастық тобы жұмыс істейді. Парламентаралық Одақ, Ислам Ынтымақтастығы Парламентаралық Одағы, Азия Парламенттік Ассамблеясы, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы, Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясы (ЕКПА), ТМД Парламентаралық Ассамблеясы, ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Парламенттік Ассамблеясы және басқа да халықаралық парламенттік ұйымдармен белсенді қарым-қатынас жүргізіліп отыр.
Өткен жылғы 28 қазанда Санкт-Петербург қаласында «ЕҚЫҰ және ТМД: жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында халықаралық парламенттік конференция болып өтті. Сондай екі басқосу Алматы мен Астана қалаларында да өткізілді. Осы басқосулардың мақсаты – Қазақстанның бейбітсүйгіштік саясатын әлемдік қоғамдастық өкілдеріне таныстыру, рухани және қоғамдық келісімді сақтау, қауіпсіздікті нығайту, ядролық қауіп-қатерді болдырмау жөніндегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асып отырған істерімізді тағы да бір көрсету. Бұл жиындардың ойдағыдай жүзеге асуында және елімізді әлемге танытуда Қазақстан Парламентінің депутаттары үлкен белсенділік көрсетті. Депутаттар шетелдік меймандарға, әсіресе, парламентшілерге, танымал саясаткерлер мен беделді сарапшыларға Қазақстанның ұстанған бағытын, Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатын түсіндіріп келеді.
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің ұйымдастыруымен 29 қыркүйек күні «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан: тәуелсіздікке – 20 жыл» деген тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл конференцияға Қазақстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы парламенттерінің, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың, бірқатар министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Олар Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы рөлі мен беделі жайлы өз пікірлерін ортаға салды. Алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстар жөнінде ұсыныстар жасалды. Мемлекетіміздің 20 жыл ішінде қол жеткізген табыстары сөз болды. Оған конференциядағы баяндамашылардың «Тәуелсіздік пен ұлттық ой-сананың жетілуі», «Тәуелсіздік – жаңа Қазақстанның басты байлығы», «Қазақстан барысы мен Беларусь зубры: 20 жыл бойы бірге», «Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық жобасы: ресейлік көзқарас», «Қазақстан қазіргі геосаяси шындық алаңында» деген тақырыптардағы баяндамалары арқау етіп алынды.
Әсіресе, осы ғылыми конференцияға қатысқан шетелдік және отандық ғалымдар мемлекетіміздің табыстарына тарихи баға берсе, халықаралық сарапшылар саяси-экономикалық әлеуетімізді таразылады. Өздері де Қазақстан туралы мол мағлұмат алды. Бұл маңызды шараның жоғары деңгейде өтуіне Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті айрықша атсалысты. Дер кезінде жүзеге асқан бұл конференция тәуелсіз еліміздің әлемдегі беделін арттыруға қосылған қомақты үлес болды. Сонымен қатар, басқосу қорытыныдысында Үкімет пен Парламентке, басқа да тиісті органдарға нақты ұсыныстар жолданды. Мұндағы мақсат – халықтың игілігі үшін пайдалы іс атқару. Мемлекетіміздің дамуына, халықтың жағдайы жақсаруына жасалған әрбір жұмыс қашанда өз нәтижесін береді.
Уәлихан ҚОҢЫРБАЕВ, Мәжіліс депутаты.