Қолыма қалам алуыма Алматы қаласы әкімдігінің республикалық бюджеттен қала дамуына және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосымша қаражат бөлу туралы хаты себеп болып отыр.
Алматы қаласы Орталық Азия аймағының ең бip жоғары сейсмикалық белдеуінде жатыр. Соңғы жүз жылда осы аймақта тоғызға тарта жойқын жер дүмпуі орын алып, соның eкeyi ceгiз баллға жетерлік көрсеткішпен әлемдік сейсмикалық апат каталогына енгізілді. Ал Алматы қаласының өзі екі рет (1887 және 1911 жылдары) 9-10 баллдық жер сілкінісінің салдарынан толығымен қирап, бүлінді. Сондықтан, әлеуметтік сала нысандарын сейсмикалық күшейту ең басымды мәселе болып саналады.
Алайда, 2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджеттің жобасында Алматы қаласының білім беру және денсаулық сақтау нысандарын сейсмикалық күшейтуге жалпы сомасы 9,8 млрд. теңгелік өтінімі есепке алынбай қалыпты.
Сондай-ақ, психоневрологиялық ауруларға арналған 360 орынды интернат-үйінің құрылысын жалғастыру үшін Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі арқылы жіберілген Алматы қаласы әкімдігінің 6,0 млрд. теңге сомасындағы өтінімі де ескерусіз қалған. Нысан құрылысы 2008 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен басталған болатын. Өткен кезең ішінде интернат-үйінің құрылысына 1,04 млрд. теңге бөлінді (жалпы құнының 14%-ы).
Осы нысанның республикалық мәртебеге ие екенін, онда Алматы қаласының тұрғындарынан басқа республиканың өзге де өңірлерінің тұрғындары ем алатынын және денсаулықтарын оңалтатындарын ескере отырып, республикалық бюджеттен қаражат бөлу қажет.
Алматы ірі қаржы орталығымен қатар, туризмнің де дамыған қаласына айналып отыр. Алматы Медеу мұз айдынымен әлемге әйгілі болса, енді осыған қоса жаңа заманғы үлгіде жасалған «Көк Жайлау» тау шаңғысы курорты еліміздің мақтанышы болары сөзсіз. Алматы қаласының әкімдігі 2011 жылға трассасының ұзақтығы бірнеше жүз шақырымға созылатын және барлық тиісті инфрақұрылымын дамыта отырып «Көк Жайлау» тау шаңғы курортының техникалық-экономикалық негіздемесін даярлауға қосымша өтінім берген болатын.
Техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу аясында жергілікті жағдайларды зерттеу, халықаралық деңгейдегі инжинирингтік компанияларды тарта отырып курортты дамытудың кешенді бағдарламасын жасау, ең оңтайлы схемаларды және қаржыландыру көздерін анықтау қарастырылады. Курортты дамытуға тиісті инфрақұрылымның, қонақ үйлердің, тұрақтардың, мейрамханалардың, дүкендердің және басқалардың құрылысы кіретін болады. Сонымен бірге, мемлекет инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысын қамтамасыз ететін болады, ал қалғандары тартылған инвесторлардың қаражаттары есебінен жүзеге асырылады.
2012 жылы Алматы қаласына «Көк Жайлау» тау шаңғысы курортын дамытудың техникалық-экономикалық негіздемесін (тұжырымдамасын қоса) даярлауға республикалық бюджеттен 3,0 млрд. теңге бөлу қажет.
Алматы қаласының әкімдігі сондай-ақ Алатау ауданының индустриялық аймағын қалыптастыруға ерекше көңіл бөліп отыр. Индустриялық аймақтың аумағы 490 гектарды құрайды, онда 110 өнеркәсіптік және коммуналдық кәсіпорындарды орналастыру көзделген. Бүгінгі күні жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі даярланып, мемлекеттік сараптама алынды. Жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталады.
Жобаның жалпы құны 13,5 млрд. теңгені құрайды. 2012 жыл аясында кезең-кезеңмен қаржыландыруға мақсатты трансферттер қарастыру қажет.
Алатау баурайындағы әсем Алматы – барша қазақстандықтардың мақтанышы. Көрікті қаланың әлі де өркендей түсіп, шетелдіктер алдында мерейімізді асырып жатса, ол елдік қуаныш болатыны сөзсіз. Сондықтан Үкімет жоғарыда көрсетілген проблемаларды шешуге республикалық бюджеттен қажетті қаржының бөлінуіне ықпал етуі тиіс.
Тұрарбек АСАНОВ, Мәжіліс депутаты.