«Біткен іске сыншы көп». Бакуден келген бізге ел жанкүйерлерінің әлемдік бокс бәсекесіндегі қазақ сайыпқырандарының спорттық нәтижесіне қуанып, құттықтаудан гөрі, қынжылып, қамығу сезімі басымдау көрінді. Әсіресе, спорт сайттарындағы жанкүйерлер мен жанкүйерлер тасасына жасырынғандардың пікірлеріне құлақ ассаң, боксшылар қолғаптарын шетінен шегеге іліп, ал бапкерлер өмірден баз кешіп кетулері керек сияқты.
Жоқ, ағайын, от басы, ошақ қасында отырып жер тоқпақтағаннан, немесе кінәні ана бапкер мен мына спортшыға аударып, қарадай қапа болудан ештеңе өнбейді. Біз білетінде қазақ боксшылары Хазар (Каспий) теңізі жағасындағы ғажайып қаланың шаршы алаңында қал-қадерінше атой салды. Сондықтан ендігі жерде ел Бокс федерациясы мен ұлттық командасы мүшелерінің арасынан «кінәлілерді» тауып, оларды «жазалаудан» гөрі, алдағы болатын Олимпиада рингінде ең басты қарсыластарымыз кімдер болады, оларға қарсы қандай амал-айла қолданамыз және ол үшін қай елде, қалай дайындаламыз (қандай тактика қолданамыз) деген маңызды сауалдар төңірегінде ойласып, нақты іс-шараларға шұғыл кіріскен ақылдырақ болады...
Біздің байқағанымыз, елдегі қай бапкер, қай боксшы болса да өздерінің алғашқы жекпе-жектерінің Куба, Ресей, Украина, Тайланд (оларға қазір Үндістан, Моңғолия және т.б. мемлекеттер қосыла бастады) елдерінің боксшыларымен сәйкес келмеуін тілейтін болыпты. Неге? Өйткені, оларды бір деммен «ұрып аламыз» деген күші мен әдіс-айласына сенімсіз. Сенімсіздік спортшының бойындағы қауіп пен қорқыныш сезімін түртпектейді. Бұл қауіп пен қорқыныш Куба боксшыларының (мейлі ол тәжірибесі аз боксшы болсын) аты аталған сәтте тіпті өршіп кетеді екен. Ал қауіп пен қорқыныш түбі – жеңіліс. Өйткені, үрейге қарсы үйдей алыптар да ештеңе істей алмайды. Мысалы, қазақ жанкүйерлері жеке басын да, өзіндік ойын-өрнегін де қатты құрметтейтін Біржан Жақыптың мысын басқан, меніңше, Баку рингіндегі 19 жастағы боксшысының шеберлігі емес, Куба боксшыларының алпыс айлалы әбжілдігіне байланысты тараған дақпырт жеңіп кетті. Кубаның 49 кг. салмақтағы сол бозымын Біржаннан кейінгі кездесулердің бірінде моңғолдық Пуревдорж Сердамба оп-оңай жеңді де кете барды. Неге? Себебі, Моңғолия бокс федерациясы Куба боксшыларымен спорттық оқу-жаттығу жиынын бірлесіп өткізу мәселесін «ә» дегеннен-ақ дұрыс шешкен. Белгілі мерзімге арнайы жаттықтырушылар да шақырады. Бұл сияқты тәжірибе алмасудың жемісті нәтижесі бүгінде Үндістан боксшыларының ойын-өрнегінен де анық байқала бастады. Демек, біз үндеп отырған мәселенің шешуі, егер қазақ боксшылары Куба сияқты боксы үздік елдердің былғары қолғап шеберлерімен бірігіп жаттыға берсе, ең алдымен «ә дегеннен мықтылармен кездесіп қалмасақ екен» деген қауіп пен қорқынышты жеңеді» деген жауапқа келіп тіреледі. «Диірменде туғандар дүрсіліңнен қорықпайды» деген мақал бар.
Мысалы, бір ай бойы бірге жаттығып, бір-бірінің «исін» алып, әдіс-тәсілін үйреніп, аяқ-қолдары сидам, соққылары жылдам «Бостандық аралында» туған бозымдардың да өздері сияқты қарапайым адам екеніне, сондықтан олардың да осал тұстары аз емес екеніне көздері жетіп, көңілдері орнына түсе бастар еді. Ал психологиялық тұрғыдағы бұл «жеңіс» басқаларды қайдам, біздің боксшыларға әбден керек. Мысалы, ұлттық команданың тоқсаныншы жылдардағы бас бапкерлері елдегі сол кездегі экономикалық қиындықтарға қарамастан, Қазақстан-Куба боксшылары арасындағы жолдастық кездесулерді жиі өткізетін. Соның арқасында көптеген талантты боксшыларымыздың алдында «Қытай қамалындай» көлденең жатып алған «Куба барьері» мен «Куба синдромы» жойылған. Оған Сидней Олимпиадасында Қазақстан Әнұранын шырқатып, Туын самғатқан чемпиондар мен жүлдегерлердің жеңісі, яғни алтындар мен күмістер сыңғыры дәлел.
Осы ойды одан ары сабақтай түссек, ұстаздан шәкірт озар дегендей, Англиядан бастау алған бокс өнерін бүгінде Ресей мен Куба қатты меңгеріп алғанын анық байқауға болады. Биылғы әлем чемпионаты олардың қатарына Украина ұландарын қосты. Бұл тізімде Қазақстан боксшыларының аталуы да қуантады. Бакуге Куба боксшыларын бастап келген Рауль Родригес біздің: «Сіз өзіңіздің командаңызды осы біріншіліктің ең үздік командасы деп санайсыз ба?» деген сауалымызға: «Әрине, Баку рингінде кімнің кім екенін таныту үшін біздің боксшыларымыздың бойында не қажеттің бәрі бар. Бірақ, біздің сайыпқырандарға Ресей, Қазақстан, Әзербайжан сияқты, тағы басқа да елдердің мықты қарсыластарымен кездесуіне тура келеді», деп алғашқы «үштікке» біздің елді де қоса жауап берді. Мұны басқа елдердің мықтыларымен бірге қазақ боксшыларының да шеберлігін мойындау деп түсіну керек.
Бірақ бұл мойындау «болдық», «толдық» деп, ұлттық командаға Куба мен Ресейден келісім-шартпен білікті бапкер шақыру деген мәселені күн тәртібінен алып тастайық дегенді білдірмесе керек. Өйткені, ұлы Мұхтар Әуезовтің өзі: «Менің білгенім бір тоғыз, білмегенім мың тоғыз», деп отырады екен. Бакуде жүріп Алматы қаласы бокс федерациясы басшыларының келісім-шартпен Кубаның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, атақты Алсидес Карона Сагараны шақырғаны туралы хабарды естіп қалдық. Айтуынша, ол енді оңтүстік астана боксшыларымен үш ай жұмыс істейді екен. Несі бар, бұл – ел бокс федерациясы басшыларына да, басқа өңірлердегі бокс федерациялары жетекшілеріне де үлгі-өнеге болатын жақсы бастама. Пайдасы болмаса, зияны жоқ мұндай тәжірибе алмасудан, айналып келгенде, қазақ боксы ұтатыны анық.
Бәсі биік жарыстарда талқыға түсетін мәселенің бірі төрешілердің әділет жолынан ауытқып, қарсыласынан бір бас жоғары боксшыларға қарадай қысым жасауына байланысты туындайтыны белгілі. Баку чемпионатына қазылық еткен төрешілердің төңірегі де дау-дамайдан кенде болған жоқ. Әйтпесе, украиналық боксшы, Олимпиада және әлем чемпионы, Вэл Баркер Кубогының иегері Василь Ломаченконы төрешілер тақыр жерден «сүріндіреді» деп кім күткен?!. Бірінші жекпе-жегінде елінің де, өзінің де аты белгісіздеу мемлекеттің боксшысын бір минөттің айналасында бауырдан ұрып құлатқан «Лома», әлем чемпионатының 1/8 финалында төрешілердің қаскөйлігінен бразилиялық Робсон Консейсаодан бір ұпай айырмашылығымен «ұтылып» қалды. Бұл әділетсіздікке тек қана Украина командасы емес, сонымен бірге, Баку рингіндегі жекпе-жекті тамашалауға келген бүкіл көрермен күңіреніп кетті. Бірақ украиналық бапкерлер АИБА басшыларына төрешілердің әділетсіз қазылық жасауына байланысты тез арада қарсылық хат түсіріп, түн жарымында болса да әділеттің ақ туы желбіреді. Осы жерде Халықаралық Олимпиада комитетінің мүшесі және Украина президенті В.Януковичтің кеңесшісі Сергей Бубка мырзаның АИБА президенті Чинг Куо Вуға сонау Киевтен телефон шалып, төрешілер тарапынан Украина командасына қысым жасалып жатқандығын және осындай келеңсіздік қайталанатын болса, АИБА президенттігіне келесі сайлауда ХОК тарапынан қолдау көрмейтіндігін сездіріпті деген ақпаратты құлағымыз шалғанын айта кеткеннің артықтығы болмас. Міне, осындай дер кезінде жасалған сөз жәрдемінің арқасында 60 кг. салмақтағы Василь жарысты одан ары жалғастырып, өзінің әлем жанкүйерлері қол соққан үздік екенін тағы да дәлелдеді. Сондай-ақ, ол финалдық жекпе-жекте басқа елдің боксшылары қорқа-қорқа шығатын кубалық Яснер Толедоны да «тізерлеуге» мәжбүр етті. Бетін екі қолымен жауып алған Яснердің екі бүйріне екі жағынан қарша бораған соққылар оның иегінің астына дөп тиіп барып аяқталғанда Куба оғыланы шалқалап барып, отыра кетті. Осындайда орыс ағайындардың: «Против лома, нет приема» деген қалжыңы еріксіз еске оралады екен.
Ирландиялық Терри Смит төрағалық еткен төрешілердің қысастығын моңғол боксшысы да бастан кешті. Қырғыз бауырлар да «атаң, қоқи балдары-ай», деп төрешілерге деген өкпесін жасыра алмай жүрді. Қапталдағы төрешілердің келеңсіз іс-әрекеттеріне қазақстандық бапкерлер де қатты қынжылды. Жалпы, әуесқой бокста төрешілер тарапынан болатын немқұрайдылықтардың орын алуы соңғы жылдары тым жиілеп кетті. Бұл боксшылар болашағына балта шабатын өте қауіпті құбылыс. Сондықтан «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса», деп әділдікті белден басатын төрешілерге тізгін бермеудің амалдарын ойластырған жөн сияқты. Бұл үшін біздің елдің Бокс федерациясы елі мен ерінің атын дүние жүзіне танытатын ойындарда украиналық әріптестері сияқты АИБА президентіне: «Дат, тақсыр!» деуді дер кезінде ұмытпаса дейміз.
Осы ретте төрешілердің қанға тартатын «дерті» елішілік бәсекелерде де орын алатынын жасырмай айта кетелік. Қазір еліміздің әр өңірінің өз бокс федерациясы бар. Оның үстіне ел боксшыларын былтырдан бері өңір-өңірге бөліп, шығыс, батыс, солтүстік, оңтүстік деп рингке шығаратын «жаңалық» та өмірге келді. Бұл елдегі боксты дамыту, боксшылардың шеберліктерін шыңдау, сөйтіп, әр салмақ дәрежесінде нағыз мықтыларды анықтау деген ұранмен өтіп жатқанымен, «ринг» сыртындағы басшылар мен төрешілер арасында «бармақ басты, көз қысты» да болмай жатқан жоқ. «Қарға баласын әппағым дейді». Қай өңірдің бокс федерациясы басшылары да өз командасын осалдардан демейді. Міне, сондай ұшқары көзқарастардың салдарынан қазір ел боксшылары арасында бір салмақта бірнеше «нөмірі бірінші» боксшылар пайда болды. Бәрі өз боксшысын «бабында» деп бір-біріне сөз бермейді. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген, сайып келгенде, бұл талас-тартыстың соңы ел Бокс федерациясы мен ұлттық командасының психологиялық ахуалына зиянын тигізіп отыр. Бұрын ел боксында мұндай алауыздық болмайтын. Бәрі бір ғана қазақ боксы федерациясы туы астында жарысқа шығатын. «Кім мықты?» деген түйін де бір федерация шеңберінде шешілетін. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» деген бар. Сондықтан бұл да алдағы жұмыстар мен жоспарлар үшін ойға азық болатын мәселе деп білеміз.
Әлемдік рингтегі боксшылардың салмақ ауыстыруы жайлы да салмақты ойлар айтуға болады. Мысалы, моңғолдық бапкерлер Пуревдорж Сердамбаны Пекин Олимпиадасынан кейін бір жарысқа 49 кг. салмақ бойынша алып барса, енді бір бәсекеге 52 кг. салмақ бойынша қосып жүр. Бірақ оның 52 кг. салмақ дәрежесіндегі ойыны ойдан шықпай, ұтылыс табуда. Ал 49 кг. салмақта өзін құр аттай сезінеді екен сабазың. Сондай-ақ, қазақ боксшысы Әділбек Ниязымбетовтің 81 кг. салмаққа ауысқанын өте жақсы болды деп құптап жатқандар да баршылық. Шынында, жаңа салмақ Әділбектің қолайына келіп, ол өзін әлем чемпионатында жаңа қырынан танытты. Бұған бас бапкер Мырзағали Айтжановтың: «Әділбек біраз күш жұмсап, жиі соққылар мен тиімді әдіс-айланы іске қосқанда, тіпті чемпиондық тәжге де қол жеткізіп қалуы бек мүмкін еді», деген пікірін қосыңыз. Сондықтан кейбір боксшыларға салмақ ауыстыру эксперименті қажет пе деп қалдық.
Жалауын желбіреткен жанкүйерлер қауымы дәл осы әлем чемпионатында ұлттық команданың капитаны Серік Сәпиевтен үшінші алтын медальды күткені анық еді. Оған Серіктің жеребесі де, дәл сол тұстағы спорттық бабы да жолдас болғандай-тын. Сондықтан болар, жолындағының бәрін тас-талқан етіп жеңіп келген Серіктің финалдық жекпе-жекте украиналық «ежелгі» қарсыласымен кездесетінін естігенде, көпшілікпен бірге «жеңеді» деп бал ашқанның бірі де біз болғанбыз. Өйткені, ол атақты Тарас Бульбаны туған елдің боксшы Тарасымен бұған дейін бірнеше рет кездескен болатын. Яғни, Милан мен Алматыда жеңген. Бірақ сол Тарас Бакуге әбден дайындалып келген бе, Милан чемпионатында Серік жеңілген ресейлік Замковойды жеңіп кетті. Есеп, әрине, тең болды. Бірақ «Соққыны кім көп жұмсады» деген есеп бойынша Шелестюктің айы оңынан туған. Сондықтан жеңістен Серіктің өзі де үмітті еді. Дегенмен, «Үйдегі көңілді, базардағы нарық бұзар» дегендей, рингтегі жекпе-жектің барысы Серіктің де, оған сенім артқан жанкүйерлердің де көңілін де әрі-сәрі етіп кетті. Әйтседе бұл үшін сайыпқыран Серік пен оның бапкері Стрельниковті кінәлау орынсыз. Өкінішке қарай, кінәлап жатқандар да баршылық. Олар негізінен «Серік ұрыс тактикасын өзгертуі керек еді», деп қынжылыс білдіреді. Бізге де солай көрінген еді. Ұлттық команданың бапкерлер алқасы да Серік үшін жабық қорғанысқа көшіп, аңдып жүріп ұрыс салатын боксшылардың «шебін» бұзатын тың әдіс-айланы табады деп үміттенейік.
Соңғы жылдары әуесқой бокстың әлемдік деңгейі түсіп кетті деген пікір жиі айтылуда. Ресейлік «Боец» телеарнасы осы тақырыпқа, тіпті, арнайы хабар да арнады. Олардың ойынша, әуесқой бокста жұрттың қызығушылығын туғызып, «бәрекелді» дегізетін сойқан соққылар азайған. Бұрынғы «нокдаундар» мен «нокауттар» жоқ. Өйткені, қазіргі бокс қолғаптары ауыр соққы беруге арналмаған. Сосын басқа шлем кию де дұрыс емес, ол ауыр соққыны жібермейді және боксшының ойын барысындағы түр-түсін де көрсетпейді. Осы және тағы басқа (төрешілер тарапынан болатын әділетсіздік деген сияқты) себептердің салдарынан бұқараның әуесқой боксқа деген құмары бәсеңсіп, халықаралық турнирлерді былай қойғанда, әлем чемпионаты мен Олимпия ойындарындағы бокс бәсекесіне көрермендер аз жиналады-мыс екен.
Бұл пікірлердің де жаны бар шығар, бірақ біздің білуімізде, әуесқой бокстың аты – әуесқой бокс. Әуесқой боксшылардан ежелгі Рим гладиаторларының «қан-қасап майданын» күту де орынсыз. Сондықтан болар, АИБА-ның бұрынғы президенті Анвар Чаудри әуесқой бокстың бұқаралық сипаты салтанат құруы үшін оны ізгілендіруге өте көп қажыр-қайрат жұмсады. Жоғарыда айтылған «кемшіліктердің» бәрі, яғни шлем кию, ауыр соққы беруге мүмкіндік бермейтін қолғаптар тігу, 2 минөттік раунд уақыты және т.б. сол тұстарда бокс тарихына енді.
Ал енді көрермендердің арена төрінен аз көрінуіне келсек, оның себеп-салдарын бүгінгі электрондық ақпарат құралдарының қарыштап дамуымен түсіндірген абзал. Мысалы, бокс сияқты жекпе-жек өнерін көрерменге спорт кешеніне келіп, көз жетпес жерден тамашалағаннан гөрі, экран арқылы (теледидар, компьютер, т.б.) «дәл жанынан» қызықтаған әлдеқайда тиімді. Өйткені, теледидарда жекпе-жекті әр қырынан (жақыннан, алыстан, үстінен, астынан) және соққыларды қайталап көрсету мүмкіндіктері өте мол. Егер жекпе-жек барысына Ресейдегідей бокс білгірлері түсініктеме беріп отырса тіпті рахат. Сондықтан әуесқой бокстың әлемдік деңгейі түсіп кетті деген пікірге біржақты қосыла салуға болмайды. Оның жарқын мысалын Баку чемпионаты көрсетті. Мысалы, Әзербайжан астанасында өткен әлемдік дода үлкенді, кішілі мемлекеттердің бәрінде спорттың осынау сайыпқыран түрі өте жоғары қарқынмен өсіп келе жатқанын байқатты. Мысалы, биылғы әлем чемпионатына 113 елден 570 боксшы қатысыпты. Бұл Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығы құрылғалы бері елдер мен боксшылар қатысқан әлем чемпионатындағы рекордтық көрсеткіш екен. Баку төріндегі Гейдар Әлиев атындағы спорт және концерт кешенінде жалауын көтерген әлем чемпионатында 36 мемлекеттің 92 былғары қолғап шебері Лондон олимпиадасына лицензия алды. Олардың ішінде Еуропаға – 44, Азияға – 32, Америкаға – 14 және Африка мен Мұхиттық аймаққа 1 жолдамадан бұйырды.
Жалпыкомандалық көрсеткіште де көп өзгеріс бар. Бұрын саптың басын Ресей боксшылары бермесе, бұл жолы 1-ші деген құрметті орынға 4 алтын медальмен Украина боксшылары көтерілді. Олардың бұдан басқа 1 күміс медалі және бар. Екінші орынға 2 алтын, 1 күміспен Куба қабыландары шықты. Ринг иелері 1 алтын, 1 күміспен үшінші орынды иеленді. Ал Баку чемпионатына екпіні тау жығардай болып келген Ресей боксшылары 1 алтын, 2 қоламен төртінші орынға жайғасты. Бесінші орынды 1 алтын, 1 қоламен Қытай боксшылары алды. Бразилия боксшылары да 1 алтын, 1 қоламен Қазақстан былғары қолғап шеберлерінің алдын орап кетті. Мұны кейбір спорт сарапшылары Баку чемпионатының бас төрешісі бразилиялық мырзаның болуынан көретін сияқты. Дегенмен, бразилиялық берендер де осалдардан емес, оның үстіне олар тура әлем чемпионаты алдында Қазақстан ұлттық құрама командасымен біріге оқу-жаттығу өткізіп, өздеріне қажетті әдіс-айланы әбден үйреніп кеткен болатын. Біздің боксшылардың еншісіне 2 күміс, 2 қола бұйырып, жетінші орынды қанағат тұтты. Бір алтын медаль жоқ демесең, ұялмайтын-ақ жетістік, бірақ осы жерде «Шіркін, Серік Сәпиевіміз ұтқанда! деп тағы бір рет кіжініп қалады екенсің.
Жолжазбамызды ел командасының Баку чемпионатында жақсы ойын көрсеткені туралы сөз басындағы ойымызбен түйіндей отырып, осы командадағы бұрын-соңғы болмаған ауызбірлік ахуалына сүйсінгенімізді де жасырғымыз келмейді. Мұны, тіпті, Лондон Олимпиадасының алдындағы ақжолтай хабаршы сияқты қабылдаған жөн. «Өткелде ат ауыстыруға болмайды» дегендей, Мырзағали Айтжановқа енді командадағы осы бірлік пен тірліктен ажырауға болмайды. Өйткені, батыраш-төрешілердің «балтасына» ұшыраған боксшыларды айтпағанда, жоғарыда аттары аталған төрт боксшының да алтын медаль алуларына толық мүмкіндіктері бар еді. Бірақ «қырық күн кемдігі бар Тайбурылдай», екеуі жартылай финалда, екеуі финалда сүрінді. Енді өткен іске өкіне бермей, «әттең-ай» дегізген тұстарды ой елегінен өткізіп, Баку рингіндегі үйреніп, үлгі алатын жекпе-жектерді жалықпай қайта-қайта көре отырып, кемшіліктің орнын толтыру жұмысына жұмылған ләзім.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Тараз – Баку – Тараз.
Суретті түсірген Виталий ГАРКУША.