27 Қаңтар, 2010

ҰЯТ БОЛДЫ-АУ...

1813 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін
Қазақты әлемге танытқан Қажымұқан Мұңайтпасұлы өзінің туған жері – Ақмола өңірінде неліктен елеп-ескерусіз келеді? Қазақстанның бас қаласы Астананың батыс беткейінде 20 шақырымдай жерде орна­лас­қан Қажымұқан ауылының аты дардай болғанымен әлеу­меттік жағдайы сын көтермей тұрғаны ащы болса да ақиқат. Қайран, Қаж­екең­нің кіндік қаны тамған ауылда көз тоқ­тататын, ауыз толтырып айтар мәдени мүйіс, тарихи орны жоқтың қасы. Сонау өткен ғасырдың басында-ақ,  қа­зақ­ты төрткүл дүниеге танытқан тұлға туған жерінде құрмет тұғырына бір көтерілмей-ақ қойды. Күпірлік болар, жоқ деп кесіп айтпайық. Ауылда шағын мектеп бар. Онда Қа­жы­мұқанның күрес әлемін­дегі жасындай жарқыл­даған сәт­тері туралы әр жылдарда газет-журналдарда, кітаптарда жарияланған мақалалар, бірді-екілі болмашы бұйым­дар жинастырылған. Сондай-ақ, мектептің ауласында атақ­ты спортшының осы жерде ту­ғанын білдіретін белгітас тұр. Басқа ештеңе жоқ. Шір­кін-ай дей­мін, кешегі  социализм кезеңіндегі мол­шы­лықтың тұсында да Қа­жекеңнің аруағын сыйлаған бір азамат басшының та­был­­­ма­ғанын қа­ра­ң­ыз­шы. Осын­дай ойлардың жетегіне түс­кенде, аруағыңнан ай­на­лайын, Қажеке, өзіңіздің рухыңызбен сырласқым келеді... Сонау нәубет жылдары “халық жауы” атансаңыз, әңгіменің жөні басқа еді ғой. Қайта боз кілемдегі нағыз ин­тернационалист сіз болған жоқсыз ба?! Қажет дегенде орыстың да, қазақтың да, жапонның да, түріктің де шашбауын көтермеп пе едіңіз. Есіміңіз дүние жүзінің спорт тарихында атақты балуан ретінде тасқа ба­сылған, Ұлы Отан соғысы ке­зінде қартай­ған шағыңызға қарамай, қа­йырымдылық танытқан сізге туған жеріңізде лайықты құр­меттің көрсе­тіл­меуі неліктен екен?! Әлде, сіздің тұлғаңыз ескерткіштің стандартына келмеді ме? Мүмкін алып бейнеңізді сомдауға қаражат қат болды ма? Ойды ой қозғайды. 1993 жылы Алматыда дүркіреп өткен “Қажымұқан бенефи­сіне” қатысқанда, сол шараға куә болған түрік ағайындар “Қажы­мұқандай мықтысы бар халық бақытты” дегені әлі есімде. Сонда маған олардың сол сөзінде ұлттық мақ­та­нышқа деген қызғаныш та жоқ емес сияқты болып көрінді. Иә, қайран баба, сіз сен­бессіз, бірақ жағдай осылай. Өзіңіздей өр тұлғаға еліміздің оңтүстігіндегі Шымкент ша­­һары мен сондағы Бөген ауда­нының орталығы Те­мір­лан кентінен басқа облыстар­да бір ескерткіш қоюға да дәр­мен болмай тұр. Че­м­пион­дардың чемпионы бол­саңыз да, кіндік қаныңыз тамған ауылыңыз ондаған жылдар бойы Бу­денный атанып келіп, әйтеуір еліміз тәуел­сіздік алғаннан кейін ғана Қажымұқан ауылы атанды. Бертін келе Аста­на­дағы ор­талық стадионға есі­міңіз берілді. Ақмола облы­сын әр ке­­зең­дерде бас­қарған басшы­лардың, аудан әкім­дерінің дәрмені осыған ғана жетті. Тағы да ойлаймын... Осы стадионның алдында ескерт­кі­шіңіз тұрса ғой. Оның ішінде бәленбай шаршы метр бөл­ме­лер бар. Солардың бі­рін­де Темірлан кентіндегі сияқ­­ты сіздің өмір жо­лы­ңызға ар­нал­ған мұражай бол­са, қандай ғанибет болар еді. Басқаны білмеймін, өзім Қажымұқан бабаны ойласам, боз кілемде буырқанған ал­ып­т­ы, халқының қайратын көр­сеткен қазақты елес­тетемін. Екі кісі белдесе кетсе, күрес туралы сөз қозғалса да, Қа­же­кеңнің құдіретіне сыйынып: “Аруақ”, “Аруақ!” деп қиқу сал­майтын қазақ кемде-кем шығар. Жә, жарайды, өткен күннің өкінішіне несіне өкпе арта береміз. Одан да бүгінгі күннің ағымына тоқталып, келешектің көкжиегіне иек артып көрейікші. Қажымұқан ауылында бұрын 50-ге таман отбасы түтін түтетіп келген. Бүгінде жан-жақтан қо­ныс­танған жұрт көбейді. Бұл ауыл едәуір ел болып қалды. Бау-бақша шаруашылығы іске қосылды. Бірнеше мың гектар алқапта дән­ді-дақылдар өсіреді. Оның үстіне әр әулеттің мен­шігінде жылқысы, сиыры, қой-ешкілері жетерлік. Яғни, малын бағып, шаруасын жайлап отырған елдің, құдайға шүкір, қарны тоқ, көйлегі көк десе де болады. Ауылды көркейту, көгалдандыру жөнінен де шаралар жүзеге аса бастады. Егер осы ниет, осы қолдау жалғасын таба берсе, ертең-ақ алақандай ауылдың ажары ашыла түсетіндігіне күмән келтірмейміз. Тағы бір ескертетін жәйт, халықаралық маңыздағы “Алматы – Екатеринбург” авто­мобиль тас жолы осы ауылдың тура ортасын кесіп өтеді. Қазіргідей шалғайдағы еңсесі түскен елді мекендерден қоныс аударушылар Қажымұқан ауылына уық шаншып жатса, өрістің кеңейгені емес пе? Сөйтіп, ауыл тұрғындарының саны артып, осындағы шағын мектеп үлкен орта білім ошағына айналары сөзсіз. Сосын осы мектепте күрес секциясын ашу міндеті өзінен-өзі туындайды. Қажымұқан ауылынан сайысқа түскен балуан осал болмауға тиіс. Яғни, күрес сек­ция­сы нағыз шеберлер ұстаханасына ұла­сар еді. Байқайсыз ба, осы ша­руалардың өзі жүзеге асып жатса, елдің ертеңгі күнге сенімі, ауыл жас­та­рының болашаққа деген ұш­қындаған сезімі жалынға айналар еді ғой. Батыр бабаның ру­хы да алға ұмтылған ұрпағын жебемей қоймайды. Ауыл, аудан, облыс басшыларынан қолдау болып жатса, бұл алынбайтын қамал емес. Тек ниет керек. Мемлекетіміздің елордасына айналған Астанадан таяқ тастам жерде болған соң Қажымұқан ауылын көруге ниет білдірушілер болмай қоймайды. Бүгінде Астана­да түрлі спорт кешендері, ста­диондар салынып жатыр. Алдағы уақытта бас қаламызда халықара­лық жарыстардың да жиі өтетіні белгілі. Қажекеңді тілге тиек етіп, қазақ балуан халық деп мақтанған­да, сондаймыз, ал сол Астанаға жарысқа келген спорт­шылар: “Ұлы Қажымұқан баба­ларың туған ауыл­ға барып келейік, күш атасының туған жерінен бір қуат алып қайтайық...” десе, қалай жауап бермекпіз? Қажымұқанды ұлы балуан деп таныған шетел­діктерге ауылдағы малдың тұяғы, егістіктің бітімі дүние емес. Олар келсе, күш атасының ең­селі ескерткішін, мәуелі мұра­жа­йын тамашалауға келеді. Ал бізде ол жоқ. Оқу бөлмелері, кітап­ха­насы, мұражайы, от жағатын орны бар төбенің астындағы мектеп қана бар. Әйтеуір, оның аула­сындағы “Осы ауылда Қажымұқан Мұңайт­пасұлы туған” деген бел­гітас тұр. Көңілге медет болар дү­ние әзірге осы ғана. Осыдан кейін рухың түспей көрсін. Бабаңның ұлы кү­рес­кер болғанын өрең жеткенше езеуреп, сөзбен дәлел­деуге тура келеді. Міне, ендігі әңгіменің желісі осы ұлттық рух хақында болмақ. Егер біз Қажымұқанды қазақтың тұңғыш әлем чемпионы, “Дала батыры” деп танысақ, дара тұл­ға­ның кіндік қаны тамған ауылды қазақ спортының оймақтай ұясына айналдыруымыз қажет. Ол үшін осы ауылда спорт кешенін іске қосуды қолға алатын кез жеткен сияқты. Бұл шараны жүзеге асыру үшін алдымен ауыл ортасынан мә­дени-спорт кешенін тұр­ғ­ы­зу ке­рек. Он­да жарыс және жа­т­тығу өт­кізілетін зал,  мұражай, тағы басқа да қажетті бөлмелер болса жет­кілікті. Кешеннің ай­на­ласы кең бо­лып, әшекейленіп қор­шалса, ау­ла­сында ағаштар отырғызылып, гүл­зар­лар бүршік жарса. Мә­се­лен, Ас­та­на­дағы “Еу­разия”, “Ас­тана”, “Каспий” спорт кешендерінің үлгісінде шап-шағын етіп салса да жарай­ды. Содан кейін ескерткіш сомдалса. Егер осындай кешен пайдалануға берілсе, оның жұ­мы­сын атқаруға осы ауылдан “отымен кіріп, күлімен шығуға” дайын азаматтар табылары сөзсіз. Егер біздің ойымыздағыдай осы ауылда спорт кешені ашылып жатса, онда мұндағы жарысқа қатысушылар ауылға түнемей-ақ, іргедегі Астанаға келіп-ақ қонақтап жүре берер еді ғой. Бұл заманда 20 шақырым деген алыс жол емес қой.   Әрине, мұның бәрі айтуға ғана оңай сияқты болып көрінуі мүм­кін. Әйтсе де, республикалық, облыс­тық, аудан­дық спорт және туризм жөніндегі органдардың жетекші­лері бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара қимыл көрсетсе алын­байтын қамал емес. Халқымыздың бағына біткен күш атасы Қажымұқанның өне­ріне тәнті болған әлем жұрт­шылығы оған “Мұсылмандардың ең үлкен балуаны” деген атақ берген. Біле білсек, Қажекең төрткүл дүниені түгелдей аралап, қа­зақ ұлтының күшті екенін, қай­ратты екенін сан мәрте дә­лел­деген. Осындай біртуар тұлғаның туған жерінде қадірі неге төмен деген сауалға жауап беретін адам табылар ма екен? Болмаса, жұрты неге намыстан жарылмай жүр? “Қажымұқан біздің бабамыз”, “Қажымұқан қазақ халқының ұлы перзенті” деп кеудеңді соққың-ақ келеді. Іштегі тұншыққан құрметте шек жоқ-ау. Әттең, көзге көрінер, тұғырға байланған құрметке не жетсін. Достың рухын тасытатын, дұшпанның мысын басатын айбар болмаған соң ұлықтың өзі кішікке айнала береді екен ғой. Қажымұқан бабаның рухы туралы ойлай берсем, қолымдағы қалам су жорғалап тоқтар емес. Кезінде халқының абыройын ас­қақтатқан біртуар тұлғаның бағын қазақтан басқа кім ашады деймін өзіме өзім. Ғалым ҚОЖАБЕКОВ, журналист, С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты. БАҚ Мен Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласында туғаныммен, бүкіл ба­ла­лық шағым Түркістан ауданындағы Ба­байқорған ауылында өтті. Әкем  Көкеннен бес жасымда жетім қал­дым. Шешем Хатира 37 жасында жесір­лік­тің қамытын киді. Өзім отбасында он бір перзенттен тірі қалған төрт баланың бірімін. Жеті бауырым қызылша деген кесапат ке­сел­дің кесірінен алды бес жасқа, арты бір жасқа толар-толмас шақтарында шетіней бергенге ұқсайды. Есімімді Елеусіз деп қойған себебі де осыдан. Ал, анам зейнеткерлікке шыққанша кеңшардың балабақшасында от жағушы болып жұмыс істеді. Төрт жетімді жетілдіру оңай ма? Қол­дарының ті­лім-тілімі шығып айында бір алатын 60 сомын қай­т­сем жеткіземін деп сары­уайым­ның жетегінде жү­ретін шешемнің көрген күнін ешкімге бермесін. Біз жоқшылықтың қыс­­пағына аяусыз түсіп, сіңірі шыққан кедейшілікті ба­сы­мыздан өткердік. Тұр­мысы дұрыс отба­сы­лардың бала­ла­ры киіп тастаған ескі-құсқы шүберектер мен аудандық оқу бөлімінен жетімдер үшін арнайы бөлінген киім-кешектерді киіп өстік. Бұған қоса жыл бойы үсті лаймен жабылып, шөп шығып кеткен, ағаштан төселген едені жоқ, жауын жауса болды төбесінен су сорғалап, сыздың иісі шығып кеткен үш бөлмелі ескі үйімізді бәріміз жабылып жөндеп, қара бал­шық­пен тесіктерін жамап өтетінбіз. Жасыратын ештеңесі жоқ, мен мектепте өте нашар оқыдым. Сыныптағы тентек оқу­шы­лардың бірі болдым. Он төрт жасымда шылым шектім. Менсіз төбелес өтпейтін. Мектептің “Қақпан” атты қабырға газетінде келемеж­ден­ген суретім басылып, кілең екілік бағаларды ар­қалап бара жатқан оқушылардың арасында аты-жөнім жиі аталатын. Зоология пәнінің мұ­ғалімі бірде маған мектепті бітіре салысымен-ақ көп ұзамай түрмеге түсетінімді айтқан. Ол аздай, сыныптың жетекшісі мінез-құлқым туралы үнемі үйге келіп анама жамандайтын. Шешем кейде күйіп кеткен кезде мені ту­ғанына өкінетінін айтып: “Сенен гөрі тас туғаным жақсы еді”, деп өксіп-өксіп жылап та жіберетін. Осылайша, көптің соңында сүйретіліп жүріп, әйтеуір мектепті бітірдім-ау. Аттес­татымда бір-екі ғана төрттік болғанмен, іші толған кілең үш. Әскерге кетіп, екі жылдан соң елге оралдым. Келген бойда кеңшарға құрылысшы болып орналастым. Міне қызық! Тағдыр деп осыны айтыңыз! Тентектігімді қойып, темекіні тастап, іш­ім­дікті ұрттап алмайтын болдым. Жалақым соншалықты көп болмаса да жылына 25-30 сомға аудандық, облыстық газеттерден басқа “Социалистік Қазақстан”, “Лениншіл жас”, “Қазақ әдебиеті” газеттері мен “Мәдениет және тұрмыс” журналын жаздыртып ала­тын болдым. Бұқаралық ақпарат құралдарына қызығушылығым артып, қолыма қалам ұстап өлең мен мақалалар жаза бастадым. Міне, содан тырнақалды дүниелерім Түркістан аудандық “Коммунистік еңбек” газетінде “Куйбышев атындағы совхоздың құрылыс­шысы Елеусіз Пардабаев” деген атпен жиі-жиі жариялана бастады. Кейіпкерлерім – кеңшардың озат шопандары мен сауын­шы­лары, механизаторлары мен диқандары, ұстаздары мен дәрігерлері. Ара-арасында ауыл ішінде бой көрсетіп қалатын кейбір кем­шіліктерді де көзден таса қалдырмай тек ау­дан­­дық қана емес, сонымен бірге облыстық және республикалық газеттерде де сынап жазған мақалаларым жарық көретін. “Правда” газетінің алғашқы нөмірі шыққан 5 мамыр күні мерекесінде штаттан тыс белсенді жұмысшы-тілші ретінде аудандық газетте менің суретім жыл сайын басылатын. Бұл кезде мен өзімді өмірдегі ең бақытты және ең дарынды адам сияқты сезінетінмін. Бір айта кететін жәйт, жұрт газет бетіндегі мақалаларымды жиі-жиі оқып, қаныға бастаған соң мені мойындағандай сыңай танытып, санасатын жағдайға да жетті. Бұрындары қо­қаңдап мұрнын шүйіретіндер, енді бұдан ке­йін аяғын тартып, байқап сөйлесетін болды. Тіпті, келе-келе кейбіреулер менен ақыл сұрап, көкейлерін мазалаған мәселелерін шешіп бе­руге көмектесуімді өтінетін. Мен де өз та­ра­пымнан олардың сөздерін жерге тастамай, ша­­мам келгенше қолұшын беруге тыры­сатын­мын. Мысал ретінде айтар болсам, біздің Куй­бышев атындағы кеңшардың орталығы – Ба­байқорған ауылы мен Үлгілі бөлімшесінің қақ ортасынан өзен ағады. Аталмыш өзеннің үстімен өтетін ағаш көпір көктем айындағы жауын-шашыннан кейін Қаратау шатқалынан ағатын тасқын суға төтеп бере алмай жыл са­йын тас-талқаны шығады. Бұл ауыл тұр­ғын­да­рының, әсіресе, бөлімшеден кеңшар орта­лығындағы орта мектепке қатынап оқи­тын оқушыларды әбігерге түсіріп, жүй­ке­леріне тиетін. Бір күні бір топ ауылдастарым осы мәселені газет бетінде көтеруімді өтініп келді. Көп ұзамай аудандық газеттің кезекті санында менің осы көпірге қатысты “Өзеннің арғы жағы мен бергі жағы...” атты сын мақалам жарық көрді. Арада бір айдай уақыт өткенде Түркістан аудандық атқару коми­тетінен осы са­лаға жауап беретін бірнеше шенеунік келіп, көпір салып бе­руге уәде бе­ріп, жұртты қуан­тып кетіпті. Содан бас-аяғы бір жыл­дың ішінде қарапайым ха­лықтың үш ұйық­­таса түсіне де кіріп көр­ме­ген ұзындығы 200 метрдей бо­латын көпір са­лынып бітті. Міне, 25 жылдан бері сол көпір сыр бермей, бір жеріне ақау түспей аңқылдаған ауыл адам­дарының игілігіне жарап келе жатыр. Ке­ң­шардың бұрынғы бас прорабы болып істеген Сейітқасым Опановтың айтуына қарағанда жұрт оны “Е­леу­сіз салдырған кө­пір” дейтін көрінеді. Бір қызығы, осыдан кейін ауыл­дас­­та­рым­ның маған деген көзқарастары күрт өзгерді. Тіпті, кеңшардың директоры мен ауылдық кеңестің тө­ра­йы­мы, партия коми­теті мен комсомол ұйымының хатшылары да көшеде мені көріп қалса тоқтап амандасып, хал-жағдайымды сұрап, өздеріне жақын тартып сөйлесетін. Бір қуанарлығы сол, жұрт маған деген дәл осындай дұрыс көзқарасын анама да көрсетіп жатты. Кейде кеңшардың басшылары қол жеткізген жетістіктерді аудан­дық газетке мақала етіп жазуымды өтініп, мені өздерімен бірге қызметтік көліктерімен тауда қоныс­танған малшылар мен сауыншыларға алып баратын. Ауылға ауданнан өкілдер келіп жи­налыс өткізсе, оған мені міндетті түрде қатыс­тырып, сөз беретін. Бұл мен сияқты жоғары білімі жоқ, қарапайым құрылысшы үшін ауылдың бетке ұстар азаматтарымен бірге жүру, олармен әңгімелесу, бір дастарқаннан дәм тату үлкен мәртебе еді. Бұған анам жас балаша мәз болып, мақтаныш тұтатын. Маған қатысты ел ішінде естіген жағымды әңгі­ме­лерді медеу тұтып, мерейі таситын. Газетке мақалаларым шыққан сайын жүзі нұрланып, мендей ұл туғанына шаттанатын болды. 1985 жылы 23 жасымда Кеңес одағы ком­мунистік партиясына мүшелікке қабылданып, дәл осы жылы Бабайқорған ауылдық кеңесіне депутат болып сайландым. 1986 жылдың желтоқсан айында С.М.Киров атындағы Қа­зақ мемлекеттік университетінің жанын­дағы күндізгі дайындық бөліміне журналистика ма­ман­­дығы бойынша тыңдаушы болып қа­был­дандым. Түскен бойда топ жетекшісі, ҚазМУ қалашығындағы тоғыз қабатты төрт жа­тақхананың іргетасын қалаған студенттік құрылыс жасағының командирі болып сай­ландым. Келе-келе қоғамдық-саяси жұмыстармен белсене айналыстым. 1988 жылы журна­листика факультетінің ұжымы маған “Қазақ тілі” қоғамының төрағасы болуға сенім артты. Содан ұлттық мүдделерімізді қорғау мақ­са­тында қазақ тілінің мәртебесін көтеруді, елді-мекендер мен көшелерге, тарихи жерлерді өз ұлтымыздың жасампаз ұл-қыздарының ат­та­рымен атауды, ҚазМУ Әл-Фараби баба­мыз­дың есі­­­міне лайық екенін айтып жоғары инс­тан­цияларға хаттар ұйымдас­тырдым. 1989 жылы Алматы қалалық “Қазақ тілі” қоға­мының басқарма мүшесі, 1990 жылы Алматы қаласы Калинин (қазіргі Бос­тандық ауданы) аудандық партия к­омитетінің бюро мүшесі, 1990 жылы алты үміткер қатысып бағын сынаған баламалы түрде өткен сайлауда өзімді-өзім ұсынып ҚазМУ қалашығындағы аспиранттар мен студенттердің басын құрайтын 250 мүшесі бар партия ұйымының тұңғыш рет демократиялық жолмен жеңіске жеткен хат­шысы болып сайландым. 1990 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы – ҚазақКСР Президенті Н.Ә.Назар­баевпен өткен кездесуде ҚазМУ-дің атынан сөз сөйледім. 1998 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қарағанды Жоғары мектебін сырттай бітірдім. Тұңғыш рет “Қазақ тілі туралы ант” жазып, ол респуб­ликалық “Ана тілі”, “Нұр-Астана”, “Азат” және ха­лық­аралық “Қазақ елі” газеттерінде жарияланып және Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің оқытушысы, философия ғылымдарының кандидаты Серік Әмірғазиннің тәрбие мен отансүйгіштік тақы­рыбын арқау еткен “Жол іздеген жо­лаушы” атты моно­гра­фиясында жарық көрді. Сол мақалам 2006 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті тарапынан жоғары бағаланып, белгілі ақын Мұхтар Шаханов пен білгір этнограф Ақселеу Сейдімбек (марқұм) аға­ларымыз қатысқан республикалық конкурста 2-ші орынды жеңіп алды. Жалпы, өз басым еліміздегі қазақ тілінде шығатын газет-журналдарға өле-өлгенше қарыздармын. Оларға басымды иіп, тағзым етемін. Не үшін? Жеке басыма қатыстырып айтар болсам былай: Тұсауымды кесіп, ақ баталарын бергендері үшін, бағымды ашып, тағдырымды түбірімен өзгертіп жібергендері үшін, сауатты етіп, санамды сілкінткендері үшін, көзімді ашып, көкірегімді оятқандары үшін, жазу мен сызуды үйретіп, шешендік сөзге баулығандары үшін, ой-өрісімді кеңейтіп, ойлауға азық бергендері үшін, еленбей жүрген жетімді, еліне елеулі еткендері үшін, жақ­сылыққа жетелеп, жаман­дық­тан жерін­діргендері үшін, намысымды қамшылап, білім майданына аттандырғандары үшін, қазақты шексіз сүйдіріп, отына оның күйдір­ген­дері үшін, тілімнің жолында: “Есіңді жый!” деп сілкігендері үшін, қаламын ұштап жүйріктер шапқан бәйгеде арқамнан қағып тілеулес болып оздырғандары үшін, абырой-атаққа кенелтіп, халқыма қалаулы ет­кен­дері үшін, жанымды менің аялап, жүрегіме от сыйлағандары үшін, бойыма ылғи дем беріп, рухымды асқақтат­қандары үшін. Ал енді, ұлт мүддесіне қа­тыс­тырып сөз қозғайын. Көрген азабы мен қайғы-қасіреті жетіп артылатын, “мың өліп, мың тірілген” ҚАЗАҚ деген қайыспас халықтың жоғалып бара жатқан тілі мен дінін, ділі мен салт-дәстүрін жоқтап, қуанышы мен мұңына ортақтасып, жаманын жасырып, жақсысын асырып, өскелең ұрпақ­тың өресін өсіріп, өрісін кеңейтіп, өркениетке сүйреп, оларға өмірлік өсиет айту мен рухани азық тартудан жалықпай, Төле би, Қазыбек би мен Әйтеке биден тараған ұл-қыздарының бойына ұлтымыздың ұлы қасиеттерін дарытып, таңдап алған тура жолынан адаспай, алған бетінен қайтпай, айтқан сөзінен айнымай, берген сертіне берік болып, алпауыттарға ал­данбай, жалақысы аз жұмыс істегендері үшін арланбай, ақшасы барларға жалданбай, ал­дамшы атақ-даңққа малданбай, азғындардың арандатуы мен арбауына түспей, ұлтымды сүт­тей ұйытып, ұйқысын бұздыртпай, ірге тасын тоздыртпай, шаңырағын шайқалтпай, елінің туын көтеріп, достықты мәңгі мақсат қып, қызбалыққа салынбай, сарабдалдық танытып, салиқалы мінез көрсетіп, адал қызмет етіп келе жатқандары үшін. Мен неге мұның бәрін тізбелеп, жан дү­нием­ді, ішкі сырымды сыртқа шығарып отыр­мын. Өйткені, мен жетімдік пен жоқшы­лықты, өмі­рдің ауыртпалығы мен адамдардың ала­лауын, кемсітушілік пен шеттетуді біршама көрдім. Озып шыққан кездерімде кедергі келтіргендер мен сүріндіруге тырысқандар да аз болған жоқ. Бәрібір жолымда кесе-көлденең тұрған пендешіліктің шырмауын быт-шытын шығарып, бұзып шықтым. Жасымадым, жасымды төкпедім. Үнжыр­ғам­ды түсірмедім. “Елеусіздің беті қайтып, еңсесі түсіп қа­лыпты”, деген сөздердің айтылғанын қала­ма­дым. Бұл мен үшін жеңілумен пара-пар еді. Есесіне, жыл сайын жоғары оқу орнына барып түсе алмай қалғаныма үгіліп қалмай, қайрат жинап, өжеттене түсіп, ерінбей еңбек етіп, мақсатыма жету үшін тек алға ұмтылып отырдым. Түбінде бір жолымның болаты­нына, сыртымнан мысқылдап күлгендер мен күндегендерді мойындаттыратын күнімнің туатынына іштей сендім. Бұл ретте біріншіден Аллаға, екіншіден ұлтымыздың ұяты болып саналатын газет-журналдарына, үшіншіден мүдделеріміз бен пікірлеріміз ортақ, қысылған сәтте қолұшын үшін берген жандары жақсы­лық жасау үшін жаралған жайсаң адамдарға мың да бір рахмет. Егер осылар болмаса, осалдық танытып, жарты жолда сағым сынып, арманыма жетелейтін үмітімнің үзіліп кетуі әбден мүмкін еді. Құдайға мың да бір шүкір, адасқан жоқпын. Ешкімнің ала жібін аттамай, қиянат жасамай, қарғысына ұшырамай, адал маңдай теріммен өз несібемді тауып келемін. Күнделікті қызметім де соншалықты еш­кімге құпия емес. Таңдап алған мамандығыма ұқсас, яғни аударма және қазақ тілін оқыту мен іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу са­ла­сында жұмыстар атқарамын. Бұл өзі дом­быраның қос ішегі секілді, көпшіліктің алғ­ысын арқалап, “тіл” деген киелі ұғымның сауабына қалатын іс екен. Маған ұлттың ұлы болудан артық, халыққа қалтқысыз қызмет етуден асқан байлықтың да, бақыттың да керегі жоқ. Тағдырыма ризамын! Тәубе! Тағы бір түсінгенім, мектепті нашар оқып та жоғары білім алуға, енжарлық танытпай, еңбекқор болсаң ағып бара жатқан өмір-өзеннен өз орныңды табуға болатынына көзім толық жетті. Өзім жүріп өткен кедір-бұдыр, тегіс те бұралаң жолдар осыған куә. Елеусіз ПАРДАБАЙ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері, полковник, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Астана.