«Алдыңғы толқын ағалар» деп Абай айтпақшы, сол алдыңғы толқынның ішінде өзің іш тартып жүретін, халықтың қамы, елдің бірлігі дегенде түн ұйқысын төрт бөлетін, қазыналы сөзін айтатын кісілер болады. Атам қазақ анау замандарда сондай адамдардың сөзіне тоқтап, батасына ұйыған. Алдын қиып өтпей кішілік танытқан. Жаны таза һәм адамгершілігі мол сондай ағалар жайында қолыңа қалам алып, айтар ойың мен пікіріңді көпшіліктің назарына жеткізе алсаң, парызыңның орындалғаны. Мен сыйлайтын сондай алдыңғы толқын аға – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері, Райымбек және Панфилов аудандарының «Құрметті азаматы», «Құрмет» орденінің иегері Сүлеймен аға Көшкінұлы. Ол Хантәңірінің баурайында өмірге келіп, қырандай түлеп ұшқан азамат, бүгінгі күні жазиралы Жаркенттің абыройлы ақсақалы.
Сүлеймен ағаның әкесі Көшкін ертеректе «Социалистік Қазақстан» деп аталатын ұжымшарда шаруашылық меңгерушісі болып еңбек еткен екен. Сол Көшкін қарияның телқоңырдай ағасы Сейдахмет Босқынбаев туралы Сүлеймен аға «өткенсіз бүгін жоқ» – деп отырып, мейірлене әңгіме қозғауды ұнатады. Әңгімесіне құлақ түрсеңіз, әкесінің ағасы озық ойлы, көзі ашық азамат болған. Қазақстан Республикасы Президентінің мұрағатынан 2004 жылы табылған анықтамада көрсетілгендей, ол 1916 жылы 12 жасында төрт айлық қазақ ауыл мектебін бітірген. Өзінің зеректігінің, алғырлығының арқасында Кеңес өкіметінің жұмысына белсене араласып, жастық жалынмен жаңа өмірдің бел ортасында жүрген. Сол кездегі «Қосшы» одағының ауылдық ұйымының төрағасы болған. Одан кейін Кеген ауданындағы Торайғыр ауылдық кеңесінің, аудандық жер комитетінің төрағасы секілді жауапты қызметтер атқарып, ел ішінде абыройға бөленген. 1933-1936 жылдары Кеген, Бөрлітөбе аудандық партия комитеті хатшысының орынбасары, 1937 жылы Андреев аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметін атқарыпты. Орда бұзар отызында Сейдахмет Босқынбаев 37-нің құрығына ілініпті. Қоғам қайраткері Ораз Жандосовпен қызметтес болғаны үшін нақақтан-нақақ жала жабылып, 1937 жылдың қарашасында қамауға алынған. Бір жылдан кейін сотталып кете барады... «Аққа құдай жақ» демекші, 1958 жылы КСРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясының шешімімен ақталған.
С.Босқынбаев «халық жауы» болып ұсталып кеткен соң, оның отбасына, туған-туыстарының басында қара бұлт төнеді. «Халық жауының інісі» Көшкін де қудалауға ұшырап, қызметінен қуылып, әуре-сарсаңға түседі. Көшкін ақ екенін дәлелдеймін деп жүріп, ауруға шалдығып, 1940 жылы 30 жасында кенеттен қайтыс болған. Сөйтіп, Босқынбай ақсақал мен Шыныбала әжей екі бірдей ұлынан: арыстай азаматы Сейдахметтен тірідей, Көшкіннен өлідей айрылып, қайғы жамылады. Екі баласынан алты немере жетім қалып, отызға да толмаған келіндері жесір атанады. Бұл сол уақыттағы бір әулеттің ғана емес, күллі қазақтың басына түскен 37-нің зұлматы еді. Бұл жөнінде Сүлеймен аға бір әңгімесінде мынаны айтып еді: «Басына түскен осынша ауыртпалықты қабырғасы қайысып, иілсе де сынбаған атам жылап-жылап алып: «Е, құдай, түбіңді бер!» – деп тілеу тілеп, екі ұлынан артында біз сияқты ұрпақ қалғанына тәубе келтірер еді.
Текті ұрпақтың тұяғы, өнегелі отбасының ұйытқысы Сүлеймен Көшкінұлы екі әкесі Сейдахмет пен Көшкінді бөлмей, бір бәйтеректің екі бұтағы деп, солардың атын өшірмеймін, абыройына дақ түсірмеймін деп әділдіктің ақ туын жоғары ұстап, еліне мінсіз қызмет етуді алдына биік мұрат еткенін және соған жеткенін өмір жолы айтып тұр.
Үзеңгілес серіктестері С.Көшкіновті ауыл шаруашылығының жетік маманы ретінде жақсы біледі, құрмет тұтады. Ол көп жылдар бойы бас маман, совхоз директоры, аудан әкімінің орынбасары секілді жауапты да лауазымды қызметтерді абыроймен атқарды. Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері халқымыздың сүйікті перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ақылын тыңдап, алғысын алып, қатар тұрып суретке түскенін ол бүгін ерекше мақтан етеді. Сол жылдары Панфилов ауданы «Көктал» кеңшарында АҚШ-тан әкелінген асыл тұқымды, етті Санта-гертруда сиыры өсірілетін. 1973 жылы ғалымдар бас қосқан ғылыми конференцияда Сүлеймен Көшкінов баяндама жасайды. Жұрт зейін қойып тыңдайды. Америкадан әкелген «Марс» атты бұқаның салмағы 900 келі тартса, ал одан тараған бес жасар «Көктал» 1100 келіні көрсетіп, өз елімізде де етті көп беретін асыл тұқымды шығаруға болатынын дәйектейді. Республика басшысы жас мамандар мен ғалымдар атқарған бұл іске өз ризашылығын білдіреді. Аталы сөз айтып жігерлендіріп кетеді.
Сүлеймен Көшкінұлы 80-жылдардың басында бес жыл бойы бұрынғы Талдықорған облысының Талдықорған аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметтерінде болады. Іскер маман, қабілетті ұйымдастырушыны облыс басшылары өңірде ісі ілгері баспаған «Октябрь» қой совхозына директор етіп тағайындайды. Бұл қызметті ол 1992 жылға дейін атқарып, одан кейін Панфилов ауданы әкімінің орынбасарлығына жоғарылатылады. Нарықтық экономикаға аяқ басқан осынау қиын шақта ауданда оң істердің шешімін табуына өз үлесін қосып, қолдан келгенше еңбек сіңіреді.
Ғылыми-зерттеу институттарымен бірлесе жұмыс атқарып, шаруашылықтарға жаңа сорттар енгізді. Астық дақылдарының «Прогресс», «Аврора», «Одесская-100» сорттары будандастырылып, әр гектарының түсімділігін арттырды. Тау бөктерінде орналасқан «Қаратал» шаруашылығы питомнигінде алманың жаңа сорттары өсірілді. Алматыдағы жеміс-жидек институты шығарған аласа алма сорты 300 гектар жерге отырғызылды. Малды қолдан ұрықтандыру, асылдандыру жұмыстары кеңінен қолға алынды. Оның тікелей ұйытқы болуымен шетелден «Швид», «Голштейн» секілді ірі қара тұқымы, Австралиядан «Меринос» тұқымды қошқар әкелініп, малды асылдандыру бағдарламасы кеңінен қарқын алды.
Сүлеймен Көшкінов – мол тәжірибе, терең білім, кемел ақыл-ойдың арқасында қашанда заман талабына сай келетін шешімдер қабылдаған жаңашыл тұлға. Бұл сөзіме бір ғана мысал ретінде «Керімағаш» шипажайының ашылуын айтсам болады. Бұл іс кеңестік кезеңде басталып, тоқырау жылдары жағадан алған тұста оның қажыр-қайратының, жігерінің арқасында орындалған жұмыс. Тәуелсіздігімізге қосқан өзіндік үлесі болатын. Қазір бұл шипажай өз елімізден, көршілес шет мемлекеттен келген адамдар демалатын үлкен мекенге, ел игілігіне айналып отыр.
Бәйтерек жапырағымен көрікті десек, адам ұрпағымен қадірлі. Сүлеймен аға жары Мәкен Ысқаққызы екеуі үш ұл, екі қыз өсіріп, ұлын ұяға қондырып, қызын қияға ұшырған өнегелі отбасы иелері. Болаты – ғылым кандидаты, дәрігер, Зейнегүлі – қаржы маманы, Ерқанаты – жүргізуші болса, әке жолын қуған ұлы Ержан мен қызы Светлана мемлекеттік қызметте жемісті еңбек етіп жүр. Немерелерінің алды есейіп, жоғары оқу орындарын бітіріп, еңбекке араласып кетсе, шөберелері «аталап» мойнына оралады.
Бойынан басқарушының он ұлағаты: адалдық, тәрбиелілік, кісіге құрмет, ұйымдасып жұмыс істеуге бейімділік, зерттей білу, жаңашылдық, істің сапасы, жұмысқа кірігіп кету, азаматтық сезім, тиімділік сияқты қасиеттер түгелдей табылатын, бүгінде сый-құрметке бөленіп жүрген Сүлеймен Көшкінұлы інілеріне: «Адамға деген сенімдеріңді жоғалтпаңдар, ары итеріп жіберу оңай, солай жаса деп сыбырлайтындар да толып жатыр. Сақтап қалсаң дұшпаның болса да, достасып кетуіңе жол ашылады» - деп ақылын айтудан жалыққан емес.
Ұлағатты аға жайындағы әңгімемді мынадай өлең жолдарымен аяқтағанды жөн деп таптым.
Ісіңмен үлгі көрсеттің аға, біздерге,
Есейдік біз де ұқсасақ деумен сіздерге.
Ізгілік, ізет – бәрін де сізден үйрендік,
Сайрап жатыр ғой өзіңіз салған іздер де.
Рамазан СӘРПЕКОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.