Облыстағы Павлодар ауданына қарасты «Маяк» шаруа қожалығында жылына 12 200 тонна өнім қабылдай алатын қойма пайдалануға берілді. Жалпы, өндірісті өңір үшін маңызды деп саналатын бұл нысан еліміздің инвестициялық жобалары санатына енеді. Ал, негізі, бұл жоба «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ еншілес компаниясы – «ҚазАгроҚаржы» желісі бойынша қаржыландырылды. Жобаның жалпы құны – 917,1 миллион теңге. Ал, «ҚазАгро» ұлттық холдингі» құрамына енетін «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы осыдан он жыл бұрын Үкіметтің қаулысымен құрылған компания екені белгілі Бұл компанияны құрудағы басты мақсат – ауылшаруашылық тауар өндірушілердің қаржы қаражаттарына, сондай-ақ, лизинг негізінде ауыл шаруашылығы техникалары мен технологиялық жабдықтарға деген қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы еліміздің аграрлық секторын дамытуға қолдау жасау.
«Маяк» шаруа қожалығы орналасқан Төлеген Бәстенов басқаратын бұл аудан былтыр ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері үшін облыста бірінші, ал республика бойынша 7-ші орынды иеленді. Былтырғы жылдың қуаңшылығына қарамай, суармалы жерлерді тиімді пайдаланудың арқасында картоп, көкөніс қажетті көлемде өндірілді. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 11 млрд. теңгеге жетті. Ауданның егістік алқабы 134,4 мың гектарды құрайды. Аудан негізінен, облыс орталығын көкөніспен қамтамасыз етуші аудан болып саналады. Жыл өткен сайын ауданда картоп, көкөніс қоймаларының саны көбеюде. Бұл облыс орталығына жақын орналасқан қала болғандықтан, қаланың күн көруі осы ауданның шаруашылықтарынан десе де болады. Мәселен, қала халқы жыл сайын 20 мың тонна картопты қажет етсе, ал, аудан шаруашылықтары 52 мың тонна картоп алады. Оған жеке адамдардың бау-бақша салатынын тағы қосыңыз. Түйіндей келе, бізде өнім жағы жеткілікті.Сондықтан осы «Маяк» шаруашылығында ашылған картоп сақтайтын қоймалар салу қажеттіліктен туды. «Маяктың» картоп өсіретін 600 га суармалы жері бар. Суармалы алқапта 4 мың шақырымдай жерге магистралдық құбырлар тартылды. Картопты өсіріп, баптауға арналған 18 заманауи техника алынды. Аудандағы көкөніс өсірумен аты шыққан бір ғана Черноярка ауылында сыйымдылығы 14 607 тонна болатын 35 көкөніс қоймасы бар. Ал,биылғы жылдың соңына дейін ауданда көкөніс, картоп қоймаларының саны 50-ге жетеді деп жоспарлануда. Мұндай қоймалардың көкөністерді сақтау арқылы бағаны тұрақтандыруға да ықпалы бар. Картоп өндірушілер өнімді арзан бағамен береді, сол бағамен облыс орталығындағы «Рахмет» деген базарға тапсырылады. Сол жерден қаланың дүкендеріне тұрақты бағамен өткізіледі.
Қазір жаңадан ашылған қоймада 10500 тонна картоп сақталуға қойылды. Бұдан басқа осы аудандағы Кеңес ауылында сыйымдылығы 5 300 тонна болатын екі көкөніс қоймасы орналасқан. Енді тағы да көкөніс қоймаларын ашуға қаржылай көмек алу үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ға өтініш жасамақшы ойлары бар. Картоп пен басқа да көкөністерді сақтау, кептіру, бүкіл іс барысына қажетті техникалар Германиядан алынған. Автоматты түрде барлығы да арнайы нүкте тетік арқылы жұмыс жасайды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқрмасының хабарына қарағанда, облыста бұл күндері қуаттылығы 101 437 тоннаға дейін жететін 85 көкөніс, картоп сақтайтын қоймалар бар.
Ал, «ҚазАгроҚаржы» басқармасы сарапшыларының айтуы бойынша, елімізде мұндай қоймалардың көбеюі – бағаны тұрақтандыруға кепіл болады. Бүгінге дейін «ҚазАгроҚаржы» АҚ сыйымдылығы 80 мың тонна көкөніс қоймаларының құрылысын қаржыландырған. Сондықтан, «ҚазАгроҚаржы» басшылығы көкөніс қоймаларын салудағы бұл жетістіктерін жаңа құрылыстармен байланыстырып, еліміздің Тәуелсіздік алуының 20 жылдығына жасаған тартуымыз деп отыр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, жалпы, «ҚазАгроҚаржы» АҚ елімізде алдағы жылдары салынатын 10 көкөніс қоймасының құрылысын қаржыландыруды қолға алып отырса, оның үшеуі біздің облыс аумағында орналасатын болады. Мұның өзі, мол өнімге қол жеткізген шаруа қожалықтары үшін әрине қуанышты жағдай, енді олар көкөніс сақтауда бұрынғыдай қиындық көрмейтін болады.
Ауданда ашылған жаңа көкөніс өнімдерін сақтау қоймасы «Маяк» шаруа қожалығына қарайды. Серіктестік бөлінген қаражатқа картоп сақтайтын қойма салды, көкөністерді сақтап тұра алатын желдеткіш жүйелері, сонымен қатар, өнімдерді сыйымдылығы 500 тонна жәшіктерде сақтауға арналған мұздатқыш жабдықтар сатып алынды. Бұған қоса, ауыл шаруашылығына, оның ішінде картоп өсіруге қажет арнайы техникалар да бар. Қойманың жоба бойынша жалпы өнімдерді сақтау кезеңі 9-10 айға есептелген, яғни, қыркүйек айынан келесі жылдың маусым айына шыдайды. Қоймаға керекті барлық жабдықтар мен техникалар Германиядан әкелінген. Осы шаруашылықтың басшысы Ермек Сүпековтің айтуынша, пайдалануға берілген заманауи көкөніс қоймасында өздерінің шаруашылықтарының өсірген көкөністері, картоптары сақталады.
Сөйтіп, алдағы уақытта өнімдердің келесі жылға дейін бұзылмай, өнбей сақтаулы тұратынына кепіл бар. Бұл күндері «ҚазАгроҚаржы» АҚ Ұлттық қордан бөлінген қаражат есебінен ауылдағы алты перспективалы бағыт бойынша инвестициялық жобаларды қаржыландыратыны белгілі, олар еліміз бойынша ірі тауарлы-сүт фермаларының, ет бағытындағы құс фабрикаларының, жылыжай шаруашылықтарының, көкөніс қоймаларының, ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру өндірістерінің желілерін құру және дамыту, сонымен қатар бұлардың қатарында алқаптардағы өнімдерден мол өнім алу үшіні тамшылатып суару технологиясын енгізу де жоспарланып отыр. «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқармасы 2009-2011 жылдарға арналған бұл бағдарлама шеңберінде компания жалпы сомасы 57,1 млрд. теңгеге инвестициялық жобаларды қаржыландыруды жоспарлап қойды. Қазір жалпы құны 29 миллиардтан астам теңгеге 33 жоба қаралып, мақұлданды. Ал, біздің облыс бойынша «ҚазАгроҚаржы» АҚ 7,5 млрд. теңге инвестиция құйды деуге болады.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар.