Күнделікті дерлік таңертең үйіңізге келіп тұратын басылымдардың оқырманның қолына жеткенге дейінгі машақатын біреу білсе, біреу біле қоймас. Газет мақалаларын дайындайтын тілшіден бастап баспаханадағы түнгі газет шығарушы қаншама адам аяғынан тозып еңбек жасайды десеңізші. Солардың бірі қазақ баспасөзінің қарашаңырағы «Егемен Қазақстанда» қырық жыл еңбек етіп, құрметті демалысқа шыққанға дейін тапжылмай машинка басып-ақ абыройлы еңбек жолында зор құрметке бөленген Биапамыз – Бибіш Батырбекова болатын. Егер бүгінде ол кісінің көзі тірі болғанда жүз жасқа толар еді...
Тумысынан өжет, көкірек көзі ашық Бибіш апай 1937 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне машинистка болып жұмысқа кіреді. Қағылез қыз машинканы бірден үйреніп, кейін машбюроның тізгінін қолына алады. «Дарақ бір жерде көгереді» деген, содан бергі бүкіл саналы ғұмырын осы киелі шаңырақта өткізіп, қызметі қарапайым мәшеңке басушы болса да, үлкен ұжымның зор құрметіне бөленіп, абыроймен 1976 жылы зейнет демалысына шығады.
Міне, сол Биапамыздың көзіндей бір тал қызы Ақмарал ол кісі өмірден өтсе де қарашаңырақтан әлі қол үзбей, «Егемен Қазақстанның» ардагерлер санатында күні бүгінге дейін араласып, жыл сайын Наурыз мейрамына құрметті қонақ ретінде қатысып жүреді. Мамандығы есепші, банк қызметкерінің редакцияның ардагері атануының қандай сыры бар деп ойлайтын шығарсыз? Ол былай болған.
Бүгінде Ақмаралды көзкөрген редакция қызметкерлері «полк қызы» деп атайды. Өйткені, кішкентай сары қыз 1956 жылы бірінші сыныпқа барған күннен бастап оқитын №16 мектеп тиіп тұрғандықтан, сабақтан соң жаяу редакцияға келіп, кітапханада сабағына дайындалып, анасы жұмыстан қайтқанша сондағы диванда ұйықтайтын. Редакциядағы апалары мен ағалары тіл алғыш баланы жақсы көріп, оны «полк қызы» деп атап кетеді. Ал машинистка Халима апай екінші шешесіндей еді. Бетіне қарап отырған жалғыз перзенті болғандықтан Бибіш апай қыз баланың дұрыс тәрбие алуына көп еңбек сіңіреді.
– Дүние күйіп кетсе де, өтірік айтпа, ұрлық жасама дейтін, – деп еске алады Ақмарал апай. – Ол кезде біз тұратын үйдің бір бөлмесінде мамам екеуміз, бір бөлмеде Бексұлтан Аманғалиевтар, 8-9 адам тұратын. Жазғы каникулда бос жүрмесін, әрі еңбекке үйренсін дей ме, анам газетке курьер етіп тіркетіп қоятын. Жақсыны көрсін, білсін дегені ғой, театрға, атақты адамдардың мерейтойларына бара қалса жанынан тастамай, ілестіріп апаратын. Бірде опера және балет театрында Шара Жандарбекованың 50 жылдығына келген Тамара ханумды көргенім әлі есімде.
1962 жылы газеттің сол кездегі бас редакторы Кеңес Үсебаев «техникалық қызметкерлердің бәріне баспана беру керек» деп машбюродағы қыздардың барлығына үй берді. Бибіш апай қайтыс болғанша сол үйде тұрды. Сол асыл анасынан үйренгені ғой, Ақмарал апай әлі күнге Биапа араласып қатысқан, көзін көрген кісілермен хабарласып, сыйласып тұрады. Екі-үш жылда сол кісілердің ешқайсысын қалдырмай шақырып, құран оқытып, ас береді.
Биыл Ақмарал апайдың жолы түсіп Астанаға барған екен. Сонда «Егеменнің» жаңа салынған бас кеңсесіне барып, құтты болсын айтып, шашу шашып қайтыпты. «Мен өмірімде бар жақсылықты редакциядан көрдім. Ол – екінші үйім болды. Мені көтерген де, үй берген де сол қарашаңырақ. Өлсем редакция көмеді», деп отыратын еді анам марқұм. Анамды сағынған сәтте менің де осы қара- шаңыраққа бір соғып кету әдетіме айналған, дейді ол.
Биапа зейнеткерлікке шыққанмен, бірнеше жыл үйде отырып-ақ машинка басуын тоқтатпады. Үйіне бұрыннан таныс-біліс адамдар, арасында академик, ақын-жазушылар бар, келіп жазған еңбектерін бастыратын. Биапамен бір жылдай қызметтес болдық, одан кейін де ара-тұра редакциядағы жиын-тойларда кездесіп тұратынбыз. Мінезді, сөйлесе қара қылды қақ жарғандай, бірден кесіп айтатын. Сөзінен даналық сезіліп тұратын. Денесін тік ұстайтын. Машбюрода жұмыс істейтін Халима, Сәнем, ол кезде жап-жас Күлтай, Өлмес, Шолпан апайлардың ақылшысындай көретінмін. Өйткені, ол кісінің айтқаны заң еді. Келген мақалаларды лезде бөліп беріп, нөмірге баратын асығыс материалдарды өзі алып басатын. Өте ұқыпты, тап-тұйнақтай жүретін. Апайдың ол қасиеттеріне жуырда тағы да көз жеткіздім. Редакцияға келген Ақмарал апай Биапаның жеке мұрағатын түгел көтере келіпті. Сөйтіп, осы шаңырақта отыз бес жыл бірге қызмет істеген апайлар мен ағайлардың суреттен дидарын көріп, бір марқайып қалдық. Сондай-ақ, әр жылдары шыққан мерекелік газеттің нөмірлері, тіпті редакцияның әр кездегі анықтамалығы, өзіне арналған әзіл шумақтар, Жоғарғы Кеңестің сессия, сьездерге кіруге берген қызметтік рұқсат қағаздары – бәрі-бәрі қатталып тұр. Тіпті, 1950 жылы сатып алған «Континенталь» жазу машинкасының түбіртегіне дейін сақталған. 1958 жылғы Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігіне, 1961 жылғы республикамыз бен Қазақстан компартиясының 40 жылдығына, газеттің елу жылдығына арналған мерекелік нөмірлерді көріп, қайран қалыстық.
КСРО кезінде сауатты, жылдам басатын машинисткаларды Мәскеуде өтетін үлкен жиындарға іссапармен апарып, жұмыс жасататын. Биапамыз да 1955 жылы 25 желтоқсанда Мәскеуге бір айға іссапармен барған екен. Соны айғақтайтын барлық құжаттары сақталыпты. Тіпті, күнделік те жазыпты. Онда Кремльге екі рет барғаны, «Известия» мен «Ведомство» редакцияларында жұмыс істегені айтылған. «Машбюрода жан бар ма. Биапамдай білікті. Өзі-ақ жөндеп жіберер, Сөйлем болса күдікті», деп жоғарыда айтқан ойымызды дәлелдегендей, өзіне арналған өлең шумақтарын оқып, мәз болыстық.
Бибіш апайдың қырық жылғы еңбегінің атаусыз қалмағанын сол мұрағаттағы қаптаған Алғыс хаттардан, Құрмет грамоталарынан, бірнеше медальдардан байқау қиын емес. Ол кісінің есімі «Социалистік Қазақстан» газетінің Құрметті кітабына жазылыпты. Міне, сол қағаздарды ақтарып отырып, ішінен таныс жазу көзіме ыстық көрініп кеткені. Ол – «Егеменде» қырық жылдан астам уақыт табан аудармай қызмет істеп, ұзақ жылдар газеттің бас редакторының орынбасары, кейін бас редакторы болған көрнекті қаламгер, қоғам қайраткері Балғабек Қыдырбекұлының 1992 жылдың жаңа жылымен Биапаны құттықтаған тілдей ашық хаты еді (Бибіш апайды ол кісі қазақы жолмен жеңеше дейтін). «Бибіш, жеңеше! Жаңа жыл құтты болсын! Сенің жүзге келгеніңді көрейін! Осылай алшаң басып жүре бер. Балғабек Қыдырбекұлы» деп жазылған. Міне, сол Балғабек ағамыз көргісі келген жүз жасқа екеуінің де жетуіне Алла тағала дәм-тұз бұйыртпапты. Бірақ, оған артында қалған ұрпағы, елі-жұрты жетіп отыр. Оған да тәубе.
Уақыт емші деген. Дегенмен де, адам ең жақын, қимасын сағынғанда көңілі толқиды екен. Ақмарал апаймен сөйлесе келе оның анасына деген сағынышын көрдім. Анасының ұстаған әр затына соншама мейіріммен, құрметпен қарап, аялап отырғанына тәнті болдым. Биапаның артында қалған саналы ұрпағына ризашылық көңілмен қарадым. Орнында бар оңалар деген Биапаның өзі бағып, өсірген немересі Әдемі ішкі істер департаментінде анасының жолын қуып есепші болса, күзетте істейтін үлкен немересі Артық екеуінен үш шөбересі бар. Ал кенжетайы Айбар университетті бітіріп, туризм саласында жұмыс істейді екен. Міне, сол өзі баққан немерелері әжелерінің жүз жылдығын атап өтеміз деп құлшынып отыр. Алла жар болсын...
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.