Аймақтар • 25 Тамыз, 2017

Түстік қайта түлеп жатыр

2002 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Оңтүстікке келген сапарында Оңтүстіктің та­рихы – тұтас Қазақстанның та­рихы деген ой айтқан еді. Рес­пуб­лика халқының он алты пайы­зы тұратын өңір Елбасының бар­лық бастамаларын қызу қолдап ке­леді. Қазақстан Президентінің «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақ­аласы бүгінде облыстың бар­лық саласында талқыланып, он­дағы тапсырмалар орындалып жа­тыр.

Түстік қайта түлеп жатыр

Өңір зиялыларымен кездесуінде Мем­лекет басшысы:

– Мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаламда «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобасын әзірлеуді тапсырдым. Бұл орайда біз Қазақстанның мәдени және тарихи мұ­расын негізге алуымыз керек. Оң­түстік Қазақстан облысы қайталанбас әрі бүлінбеген табиғи және ірі мәдени-тарихи құндылықтары бар орасан зор туристік әлеуетке ие. Сондықтан тиімділігі жоғары және бәсекеге қабілетті туристік инфрақұрылым түзу керек, – деді Мемлекет басшысы.

– Беделі жоғары оқу орнын бітіру әрдайым маңызды бола бермейді. Ең бас­тысы – еңбек нарығында сұраныс бар мамандыққа ие болу. Бұл, әсіресе, ақпараттық технологиялар, өндірісті ци­фр­ландыру және компьютерлендіру дәу­ірінде өзекті болмақ. Таяу болашақта қ­азіргі мамандықтардың 50 пайызына сұраныс болмайды. Сондықтан уақыт тала­бына сай болу керек, – деді Елбасы.

Осы орайда Қазақстан Президенті тұрғындарды еңбек ресурсы көп өңірден жұмыс күші жетіспейтін өңірге көшіру жөніндегі бағдарлама бар екенін тағы да еске салды.

– Бағдарлама сіздердің де облыс­та­рыңызда қолданылады. Мен сіздердің еңбекқор халық екендеріңізді жақсы білемін. Солтүстік, шығыс өңірлерге қо­ныс аударып, еліміздің дамуы мен бо­лашағына зор үлес қосып келесіздер. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру керек. Облыс әкіміне Үкіметпен бірлесіп, ха­лықты жұмыспен қамту және оны қо­ныстандыру деңгейін арттыру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырамын, – деген еді.

Қазақ баласы үшін Қазақстанның барлық жері – туған жері. Бүгінде мәселе осылай қабырғасынан қойылуы керек. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысы – еңбек ресурстарына бай облыс. Мақтаарал сияқты аудандардың халқы көп бол­ға­нымен жері аз. Кезекте тұрған адам көп. Ауыл шаруашылығынан пайдаға ш­ы­ғу үшін 1-2 гектар жер аздық етеді. Ал солтүстік облыстарда пайдаланылмай жатқан суармалы жерлер көп. Бір кездері тағ­­дыр талайымен қазақ жеріне келіп қал­ған әртүрлі диаспора өкілдері өзінің та­рихи отанына қайтып жатса, ол тарихи заңдылық. Қазақ ешқашан қонағына орын босат демеген, бірақ, бос жерлер иге­рілмесе, жұмыссыздық мәселесі ше­ші­мін таппайды.

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Ел­басының Оңтүстіктегі азаматтардың елі­­міздің солтүстігі, шығысына көшіп бару идеясын қолдап, мәселенің жақсы ше­шілуіне көңіл бөліп отырады. Соның ай­ғағындай, жақында Оңтүстіктен тағы да бір топ отбасы көш бетін шығысқа түзеді. Биылдың өзінде 113 отбасы солт­үс­тікке көшіпті. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дар­ламалар басқармасының басшысы Мұ­хит Отаршиевтың айтуы бойынша, об­лыс тұрғындары еліміздің жұмыс көзі көп аймақтарына қоныс аудару шарасы аясында отбасылар солтүстіктің Айыртау, Ақжар, Жұмабаев, Есіл және Уәлиханов аудандарына барып қоныстанады. Таң­далған Павлодар, Қостанай, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарына көшіп барғандардың ішінде күнгей жұртының үлесі басым, дейді басқарма мамандары. Олардың дені сонда ауыл шаруашылығы саласын түлетіп отыр.

Сөз ыңғайында айта кетейік, облыстан солтүстік аймаққа көшуге ниет білдіргендер саны көбейіп келеді. Салаға жауаптылар қоныс аударған азаматтар алдымен баспанамен қамтылып, жұмысқа орналастырылады дейді. Биыл қоныс аударған отбасының әрбір мүшесіне айлық есептік көлемінде, яғни шамамен 80 мың теңге бір реттік көмек беріледі. Сонымен қатар, бір жылға дейін тұратын үйдің жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдері өтелетін болады.

Өңірде Мемлекет басшысы тапсыр­ған мәселелер оңтайлы шешіліп жатқан­ды­ғын сеніммен айтуға болады.

Қазақстан Президенті облыста құры­лыс, фармацевтика және көлік-логистика клас­терлері қалыптасып, жеңіл өнеркәсіп са­ласындағы кәсіпорындар дамып келе жатқанын атап өтті.

– Өңірдің ерекшелігін ескеріп, үшінші жаңғыру жағдайында ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу ісін, өңдеу өнеркәсібінің экспорттық өндірістерін дамыту қажет. Жаңа өсім нүктелерін – тірек жобаларды алдымен облыс орталығында дамыту керек. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасының мүмкіндіктерін то­лық пайдалана білу керек. Ең басты ба­ғыт­тар – ауыл шаруашылығы өнімінің шы­ғымдылығын арттыру, отандық тауар өн­ді­рушілерді қолдау, заманауи агротехниканы қолдану, – деді Қазақстан Президенті.

Ауыл шаруашылығын өркендету үшін энер­гияның баламалы көздерін табу өте маңызға ие. Мысалы, алыс қиырға қонған шаруаға электр желісін тарту мүмкін емес, ол өте қымбатқа түседі. Сондықтан «жасыл» экономика игіліктері пайдаланылу керек-ақ.

Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев «Оң­­түс­­тік – инвестиция салуға өте қо­лайлы өңір» дегенді жиі айтады. Біз мұ­ны іс жүзінде көріп жатырмыз. Қы­тай­лық кәсіп­кер­лер Оңтүстік Қазақ­стан облысы, Отырар ау­данынан 200 МВт-тық энергия өндіретін күн электр стан­сасының құрылысын бас­тамақ. Бұл туралы қытайлық «Циндао Бэй­хай» компаниясының арнайы өкілі Минг Ие Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевпен кездесуінде мәлім етті.

Кездесу барысында жергілікті билік атал­ған жобаны жүзеге асыруға қажетті 300 гектар жер телімін бөліп, барлық ин­фрақұрылымдық қажеттіліктермен қам­та­масыз етіп беретін болып келісілді. Сондай-ақ, екіжақты келісімге сәйкес стансаны «Күн нұры» деп атау ұйғарылды.

«Соңғы жылдары әлемде энер­ге­ти­ка­лық қауіпсіздік мәселесі бірінші орынға шықты. Осыны ескере отырып біз оңтүстік өңірінен күн электр стансасын салуды жөн көріп отырмыз. Өйткені, бұл өңірде күн ерекше ыстық әрі бұлтты күндер өте аз болады. Жобаға жұм­салатын шығындарымыз өтеліп бол­ғаннан соң стансаны өздеріңізге қай­таратын боламыз», деді Минг Ие мырза.

Қонақтардың ұсыныстарына қолдау білдірген өңір басшысы аймақтағы электр энергиясына деген сұраныстың жыл санап артып отырғанына тоқталды.

«Бүгінде Астана қаласында өтіп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесінің негізгі тақырыбы – «жасыл» экономика. Яғни, болашақтың энергиясын іздеу және баламалы көздерін табу әрі пайдалану болып отыр. Осыған орай сіздердің ұсыныстарыңызды толық қолдаймын. Қажетті жер телімі бөлініп, ин­фра­құры­лымдық қажеттіліктермен қам­тамасыз етіп беретін боламыз. Оңтүстік Қазақстан облысының шамамен 300 күні бұлтсыз болады. Бұл жобаны жүзеге асыруға өте тиімді», деді облыс әкімі.

Бүгінде облыстың экономикалық даму қарқыны жоғары, аймақта өндіріс орындары көптеп ашылып, инновациялық бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Осының барлығы электр энергиясына деген сұранысты арттыратыны сөзсіз. Энергетикалық қауіпсіздік ең алдымен энергетикалық тәуелсіздікке байланысты екенін ескерсек, Оңтүстік өңірінде баламалы энергетика нысандарын салу аса маңызды болып отыр.

Жұмыс жүргізу үшін шаруа мен ди­қанға пайызы төмен несие керек. Қол­дағы бар қаржы етекке тартсаң басқа же­т­пей жататындықтан кәсіпкерлер мемл­е­кеттік кө­мекке жүгінеді. «Оңтүстік» аймақтық ин­вестициялық орталығы осы мақсатқа тиімді жұмыс жасап келеді. Орталық маман­дары өңір басшысының тапсырмасымен аудан, қалаларда болып, халықпен кез­деседі.

Жақында Арыс қаласында өткен кез­десуде «Оңтүстік» АИО Басқар­ма төрағасы Қуаныш Байтөре коопе­ра­тивтерді қаржыландыру шарттары жә­не оларға ұсы­нылатын жеңілдіктер ту­ралы тү­сіндірді. Сондай-ақ, коопе­ра­тивтерге арнайы жеңілдетілген, яғни кооперативтер­ден кепілдеме және аванстық төлем та­лап етілмейтін қаржыландыру тетігі жа­салынғанын, кооперативтер инвест-субси­дия алу арқылы бизнесті жарты құнына құ­ру мүмкіндігіне ие болатындығын жет­кізді. «Жобаның негізгі мақсаты елдің тұрмысын түзеп, қосалқы жұмыс орындарын ашу болып табылады», деді Қ.Байтөре.

Акция аясында «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы қаржы­лан­дырылған «Synergy agro-trade» ауыл­ша­руашылық кооперативінің Арыс қа­ласында атқарып жатқан жұмысы үлгі ре­тінде көрсетілді. «Synergy agro-trade» ауыл­шаруашылық кооперативі биыл қаржы орталығынан несие алып, 6 трактор мен 8 аспалы құрал-жабдықтар сатып алған. Бүгінде сол техникалар арқылы ауылшаруашылық өнімдерін өсіріп баптаумен айналысатын шаруаларға қызмет көрсетуде.

Айта кету керек, «Оңтүстік» аймақ­тық инвестициялық орталығында коопе­ративтерді қаржыландыру лизинг түрінде төмендетілген пайызбен (8 пайызбен) 84 айға дейін беріледі. Төлемнің демалыс мерзімі 24 айға дейін.

2017 жылы «Оңтүстік» АИО және оның еншілес мекемесі «Ырыс» микр­о­қар­жы ұйымы бірлесе отырып, 279 млн тең­гені құрайтын 16 кооператив жә­не оның мүшелерін қаржыландырған. Оның ішінде 77 млн теңгені құрайтын 3 жо­ба ауылшаруашылық техникасын алу­ға, 45 млн теңгені құрайтын 2 жоба құс шаруашылығына, ал 156 млн теңгені құрай­тын 11 жоба мал шаруашылығы саласына ба­ғыт­талған. Сонымен қатар, компания тек Шым­кент қаласының өзінде 242 млн тең­ге­ні құрайтын 9 кооперативтің жобасын қаржылай қолдап отыр.

Бүгінгі таңда орталық арқылы 10 кооперативтің жалпы 290 млн теңгені құ­рай­тын жобасы мақұлданып, қар­жы­ландыру са­тысында. Олар, сүт қабылдау бе­кеті, сүт тасымалдау авто­көлігі, рефри­жератор, құ­рама жем өңдеу цехы, мал сою бекетін жаб­дықтау сияқты құ­рал-жабдықтарды алып, жұмыстарын жүр­гізбек.

Жуырда облыс зиялыларымен кездесуде «мақсат айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең озық отыз елдің қатарына қосылу» екенін айтқан аймақ басшысы ел Президентінің мақаласындағы «Таяу жыл­дардағы міндеттер» деген екінші бө­лімінде Елбасымыз бәрімізге, әрбір қа­зақстандыққа нақтылы міндеттер жүктегенін атап өтті.

«Президент нақты жобалар ретінде біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру, екінші, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алу, үшіншіден, «Туған жер» бағ­дарламасын қолға алып, оның ауқымын «Туған елге» ұластыру, төртіншіден, жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын саналарға сіңіру үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жасау, бесіншіден, мәдениеттің бәсекелестік қабілетін қалып­тас­тыру үшін «Жаһандағы заманауи қазақс­тандық мәдениет» жобасын іске асыру, алтыншыдан, замандастарымыздың жетістіктер тарихына назар аудару үшін «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын қолға алу белгіленген. Мақалада көр­сетілген маңызды мәселелерді жетік мең­геруге, бүкіл Оңтүстік тұрғындарына те­рең түсіндіруге тиіспіз»,– деді облыс бас­шысы.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына байланысты Оңтүстікте осындай толымды жұмыстар атқарылып жатыр.

Бәйкен ӘШІРБАЕВ,
«Құрмет» орденінің иегері

Оңтүстік Қазақстан облысы