* * *
Бірде Тынымбай аға екеуміз көптен бері төсек тартып, сырқаттанып жатқан жазушы Қалаубек Тұрсынқұловтың көңілін сұрап қайтпақ болып, әлгі аялдамаға жақын маңнан такси тоқтаттық. Бағытымыз тау бөктеріндегі әл-Фараби даңғылы болғандықтан такси жүргізуші жігіт Розыбакиев көшесімен жоғары қарай ызғытып ала жөнелді. Кенет жаңағы аялдамада автобус күтіп тұрған ақын ағамызды көріп қалған мен:
– Тоқтаңызшы, – дедім оған жалт қарап. – Тағы бір кісіні ала кетейік...
Ол өрге қарай енді екпін ала бастаған машинаның тежегішін тағы да басуға тура келгеніне қынжылғандай қабағын шытып, кілт тоқтатты.
– Оу, не болды? – деді Тынымбай аға әуелде шошып қалып.
– Аялдамада Ес-ағаң тұр екен.
– Қай Ес-ағаң?.. – Сонсоң машинаның терезесінен сыртқа үңіліп қарап: – Ә-ә, Есенбай Дүйсенбайұлы ма? Ойбай-ау, о кісінің жанынан зу етіп өте шыққанымыз жарамас, тоқтағанымыз дұрыс болды, – деп күліп жіберді.
Ес-ағаң таксиге отырған соң, екі ағамыздың әзілі жараса кетті.
– Таксиді тоқтатқан мен, – дейді Тынымбай аға Ес-ағаңа тесіле қарап жымиып. – Әйтпесе мына балалар сіздің тұсыңыздан зыр етіп өте шықпақшы еді.
– Ә-ә, – деп Ес-ағаң риза болғандай басын шұлғиды.
–Алдағы күндерде менің осы жақсылығымды ұмытпай, ескере жүріңіз. Мысалы, мен аялдамада тұрсам, сіз таксиде келе жатсаңыз дегенім ғой!.. Тоқтамай өтіп кетіп жүрмеңіз. Жалпы... басқаша бір жолын тауып, сыйлап жіберемін десеңіз де, қарсылығым жоқ.
– Әй, Тынымбай, – деді Ес-ағаң осы сәтте сылқ-сылқ күліп, – бүйтіп бастырмалата сөйлеп жатқаныңа қарағанда, осы мәшинені сен емес, мына балалардың өзі тоқтатқан-ау, шамасы!
Біз ду күлдік.
–Айналайын, бәріңе де рахмет, – деді содан соң Ес-ағаң көңілі жадырап. – Мына Тынымбай екеуміздің достығымыз сона-а-ау бір жылы, Тынымбай ағаларың «Бұлақ» деген әңгімесін жазып жүрген кезде басталған. Сол әңгімені оқыған жұрт осы күнге дейін менен: «Бас кейіпкері шынымен-ақ сіз бе?» деп сұрап жатады. Ал мен болсам: «Автордың өзінен сұрасаңдаршы» деп құтыламын.
– Ә-ә, иә, сіздің өлеңіңізді әңгімемдегі ақын кейіпкердің аузына салсам бола ма деп хат жазғаным есіңізде ме?
– Есімде... Оны қалай ұмытайын. Ол кезде мен де сенің әңгімеңдегі Ертілеуге ұқсап, ауылға сыймай жүргенмін... Тынымбай секілді талантты жазушы «сіздің өлеңдеріңіз менің кейіпкерімнің табиғатына сай келіп тұр» деп хат жазса, қалай қуанбайын!
Әне-міне дегенше, «Алмагүлге» де жетіп қалдық. Ес-ағаң бізге алғыс айтып, Гагарин көшесінің бойынан түсуге оқталған кезде такси жүргізуші қараторы жігіт ерекше ықылас танытып:
– Аға, үйіңіз жақын ба еді? Әйтпесе, тез бұрылып, подъезге дейін жеткізіп салам ғой, – деді елпілдеп.
«Көңіл көңілден су ішеді» деген осы-ау, шіркін!
* * *
Қызық әңгіме. «Бұлақты» айтамын да. Жалпы, жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовтің қаламынан туған әңгімелердің бәрі де тартымды, қызықты, ойлы болып келетінін қалың оқырман қауым бізден де жақсы білетін болса керек. Өйткені, өз ұлтымыздың болмысын, мінез-құлқын, жаратылысын барынша терең, табиғи қалпында мөлдіретіп, бірде күлдіріп, бірде жылатып отырып жеткізетін мұндай суреткер санаулы ғана емес пе.
Әйткенмен, оның «Бұлақ» әңгімесіндегі Ертілеудің өзге кейіпкерлерден кө-ө-өп айырмашылығы бар екені анық. Себебі, ол – ақын. Оның мұңы, оның арманы, оның қуанышы мен қайғысы айналасындағылардың күнделікті әш-піші мен тәш-пішіне мүлде ұқсамайды.
Ол, Ертілеуді айтамыз да, ауылдан төрт шақырым жердегі биік төбенің бауырынан қайнап шығып жататын Қарабұлақты біздің Үлкен анамыз деп қастерлейді. Өскен жерін, туған ауылын ерекше сүйеді. Сол себепті қыстың көзі қырауда киномеханик досы Қошқарбайға: «Екеуміз Қарабұлақтың басына барып қайтайықшы» деп қолқа салады.
«Жаңа жауған қалың қарды омбылай кешіп» Қарабұлақтың басына барғанда «ол шалқасынан жатқан күйі, майда қоңыр үнмен» өлең оқи бастайды:
Жаным менің...
Мынау жарық дүниеде
Өзгермейтін не бар екен,
білдің бе?
Алтын арай күннің де,
Ай қалқытқан түннің де
Тұрғаны ғой мәңгілік.
«Қошқарбай ақынның өлең оқығанын бұрын-соңды көрген жоқ-ты. Сондықтан ол Ертілеудің айдалада жатып өлең оқығанын әуелгіде ерсілеу қабылдаса да, келе-келе қызығуы, елігуі басым болды.
Жаным менің...
Биік көктен билеп, ойнап
жауған қар
Қанат қағып қара жерге
жетеді.
Бірақ бұл да баянсыз:
Көбелек боп келеді,
Көз жасы боп кетеді,
Көрген түстей өтеді.
«Биік көктен билеп, ойнап жауған қар» дейді. Мынау керемет қой! Қандай әдемі айтады. Ә... Мынау, Ертілеу шын ақын екен...».
Міне, осынау әңгімедегі Қошқарбай таңғалып отырған өлеңнің авторы шынында да, жаңа ғана «Алмагүл» шағын ауданынан түсіп қалған ақын Есенбай Дүйсенбайұлы болғаны ма. Қандай қызық, ә?!
* * *
Қалекеңнің үйінен қайтып келе жатқан жолда Тынымбай ағадан «Бұлақ» әңгімесінің қалай жазылғанын және ондағы бас кейіпкер Ертілеу ақынның прототипі кім екенін сұрадым.
– Е-е, ол біздің Қызылорда жақта тұратын бір жігіт еді, – деді жазушы өткен күндерді есіне алып. – Аты-жөні – Балашбек Шағыров деген азамат. Көп оқитын... Көп білетін. Және оның елден ерекше бір қызық мінезі бар еді. Маған әңгіме жазуға түрткі болған да сонысы болар...
Қызылордадағы радиокомитетте істеп жүрген кезім. Бір күні жұмысқа Балашбек іздеп келіп тұр. Өзі әлденеге ренішті. «Редакциядағы жігіттерге барып, «Ақ кемені» оқыдыңдар ма? – деп сұрасам, бір де біреуі білмейді. Жаңа естігендей көздерін ашып-жұмады», – дейді.
Ойбай-ау, ол – Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесі» енді ғана жарыққа шығып жатқан кез емес пе. Атын естігенім болмаса, мен де оны әлі оқымаған едім, ішім қылп ете қалды», – деп жымиды Тынымбай аға.
Ал менің есіме жазушының «Бұлақ» әңгімесіндегі:
«Бұл жолы ол Қошқарбайға жүдеу әрі көңілсіз көрінді.
– Ауданға барып қайттым, – деді ол әңгімесін өзі бастап. –Барғаны бар болсын. Батпақтап көшеде әрі жүрдім, бері жүрдім де, кері қайттым. Әлі «Ақ кемені» ешқайсысы оқымапты. Түсінесің бе? Ешқайсысы...
Ертілеу әлденеден тауы шағылған кісіше біраз үнсіз тұрды. Қошқарбайдың да басы салбырап кетті. Ол тап қазір Ертілеу басқаны емес, өзін кінәлап тұрғандай сезінді.
– Оқымадық-ау деп күйзеліп те отырған ешкім жоқ. Бір-бір столда шеттерінен керіліп отыр. Мына қоғам туралы, біз туралы жұрт не деп жатыр? Бұл дүниеде не жаңалық, не жақсылық бар деген ой құлақтарына кіріп те шықпайды. Солай, бауырым, ауданға бекер-ақ барған екенмін, таусылып, шаршап қайттым», деген жолдар оралды.
Міне, әңгіме қайда жатыр! Суреткер өз жерлесінің баяғы бір қызық мінезін арқау ете отырып, жалпы, адамзат, қоғам туралы қандай-қандай терең ойлар түйеді десеңізші.
– Ақынның бейнесін жан-жақты аша түсу үшін оның өлеңдерінен үзінді келтіруім керек болды, – деді Тынымбай аға әңгімесін жалғап. – Әсіресе, Қошқарбай екеуінің қыстыгүні Қарабұлақтың басына барып, көктемді, жазды аңсап, өмір, тіршілік туралы толғанатын сәтіндегі асқақ сезімін, шабытын көрсету үшін мен Балашбектің өзінен бастап, жиырма-отызға жуық ақындардың өлеңдерін ақтардым. Сөйтіп, Ес-ағаңның өлеңіне жолықтым ғой. Содан соң, өзіне хат жазып, өлеңіңізді кейіпкерімнің аузына салсам бола ма деп рұқсат сұрадым. Кейін білдім, Есенбайдың да сол кезде қиналып, ауылға сыймай, Алматыдағы әдеби ортаны аңсап жүрген кезі екен... Бәлкім, содан да болар, «Бұлақтағы» Ертілеуді әлі күнге дейін Есенбай деп қабылдайтындар көп-ақ.
* * *
Енді менің есіме жазушының «Бұлақ» әңгімесіндегі Ертілеу ақынның Қошқарбайға қарап: «Мен өз өлеңімнің даусын естуге іңкәр болдым. Сондықтан да, мен сені ертіп, ауылдан әдейі ұзап кеттім. Аспан, қыламықтап жауған қар, сонан соң Үлкен анамыз тыңдады. Мың да бір рахмет. Тынысым кеңіп, рақаттанып қалдым. Ақын үшін өлең оқудың не екенін сен білмейсің-ау... Білмейсің ғой... – Ертілеудің даусы дірілдеп кетті. – Мен бақытсыз емеспін. Өзім сүйген пәннен сабақ беремін. Шәкірттерімді де жақсы көремін. Бұдан артық мен үшін не керек? Тек өлеңім...» дегені оралды.
Иә, бұл тек сөз ғана емес, ауылдағы ішқұса боп жүрген ақынның жан сыры. Ол оны әбден қиналған кезде өзін қатты сыйлайтын, өсек тасымайтын, бірақ, мынау дүниеде поэзия атты сұлу әлемнің бар екенінен мүлде бейхабар, «Бұрын неге өлең оқымағанмын. Ақындардың өлең оқығанын неге тыңдамағанмын», деп қайран қалып отырған Қошқарбайға ғана айтады.
Бұл өзі, жалпы, ақындарға тән, жо-жоқ, тек ақындарға емес-ау, бүкіл әдебиетші қауымға тән мұң болса керек.
* * *
Таяуда теледидардан журналист, тележүргізуші Владимир Познердің италиялық даңқты кинорежиссер Федерико Феллинидің замандасынан сұхбат алып отырғанын көрдім. Журналист: «Италиядағы қазіргі фильмдер неге Феллинидің фильмдеріндей әлемге әйгілі емес?» деп сауал қойды.
Сонда даңқты режиссердің замандасы: «Поэзияның дәуірі өтіп кетті. Бұл өте өкінішті нәрсе. Алдағы бір замандарда адамзат баласы ол дәуірге қайта оралуға тиісті...» деп жауап қатты.
* * *
Рас, қазір әлем әдебиеті ойланып тұр. Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романынан кейін оқырманды таңғалдыратындай дүние жазыла қоймаған секілді...
Баяғыда ауылдан Алматыдағы әдеби ортаға жетуге асыққан ақын ағалар қазір кезек-кезегімен О дүниеге аттанып жатқан жолаушылардай әсер қалдырады. Олардың нақ ортасында біздің Ес-ағаң – бір кездері бозторғай ақын атанған Есенбай Дүйсенбайұлы да бар...
Жақында ғана «Қазақ әдебиеті» газетінде оның «Бір аппақ бұлт жүретін төбемде кіл...» деген ортақ тақырыппен өмірінің соңғы жылдарында жазған бір топ өлеңдері жарық көрді. Міне, сонда:
Өң мен түстей өмірден,
Көшсек, бізді кім жоқтар?
Күн тұтылып көңілде,
Күрсінеді түнгі оттар, – деп толғаныпты ақын.
Қандай тамаша сурет…
* * *
Ал, біздің көзімізге оттай басылатын баяғы аялдама әлі де сол орнында. Кезек-кезегімен автобустар келіп тоқтап, жолаушылар сапырылысып, бірі мініп, бірі түсіп жатады. Тек біздің Ес-ағаң ғана көрінбейді...
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»