Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған «Тәуелсіздік туы астында» деген тақырыпта тарихи-деректі көрменің ашылу рәсімі болып өтті. Еліміздің нығаюы жолындағы қабылданған кең ауқымды құжаттар мен фотолар өткенімізден сыр шертеді.
Аталған көрме Сыртқы істер министрлігі, Президент мұрағаты мен Ұлттық академиялық кітапхана ұйытқысымен өткізіліп отыр. Көрмеге Президент Әкімшілігінің өкілдері, Сенат пен Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері, танымал қаламгерлер, дипломатия ардагерлері мен Астанадағы шет елдердің дипломатиялық өкілдіктерінің қызметкерлері қатысты.
Жиналған қауымның алдына шығып сөз сөйлеген еліміз сыртқы саясат ведомствосының басшысы Ержан Қазыханов ұлттық мемлекеттігіміз бен сыртқы саясатымыздың негізін қалаған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев көшбасшылығының арқасында тәуелсіздігіміздің 20 жылы ішінде отандық дипломатия халықаралық сахнада үлкен табыстарға қол жеткізгендігін ерекше айтты. Министр Қазақстанның шет елдермен ынтымақтастыққа ашықтығының астарында бай тарихымыз бен көне дәстүріміздің және оның бірегей жағрафиялық орналасуының жатқандығын атап көрсетті. «Тәуелсіздігіміздің, Елбасымыздың көреген сыртқы саясатының арқасында бүгін әлем үшін Қазақстан ашық, ал Қазақстан үшін әлем ашық», деді министр.
Көрме 542 құжат пен фотосуреттерді біріктіретін 6 бөлімнен тұрады. Оның бірінші бөлігінде еліміз егемендігін алғаш алған жылдар қамтылған. Мұнда Мемлекеттік нышандар, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстан Конституциясы (1995 жылғы) Президенттің Анты, сондай-ақ ұлттық валютаның енгізілуі, астана туралы Президенттің жарлықтары көпшілік назарына ұсынылыпты. Мемлекетаралық қатынастардың құқықтық негіздерінің қалыптасуы бөлігінде Президенттің мемлекет басшыларымен сұхбаттарының жазбалары, сенім грамоталары, ел СІМ-інің сыртқы саясат мәселелер жөніндегі Елбасының қатысқан мәжілістерінің құжаттары мен өзге де деректі мәліметтер ұсынылған.
Сондай-ақ көрмеден еліміздің халықаралық қоғамдастықпен ынтымақтастығы мен ықпалдастығының қырларын айғақтайтын жәйттерден, өнер, мәдениет пен спорт, ғылым және техника, ғарышты игеру салаларындағы сыртқы саяси дипломатиясы жөнінен мол мағлұмат алуға болады. Сыртқы экономикалық дипломатия бөлігінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен «Жаңа инвестициялық мүмкіндіктер» конференциясының ашылуында және Конгресте сөйлеген сөздерінің мәтіні қойылыпты. Сыртқы саяси ынтымақтастық бөлігінде, мысалы, Біріккен Ұлттар Ұйымына қатысты көптеген құжаттар мен фотосуреттер қаттаулы тұр. Елбасының БҰҰ Бас Ассамблеясының 55-ші сессиясында сөйлеген сөзі мәтінінің өз қолымен түзеткен нұсқасы да осында.
Суреттер өткеннен сыр шертеді демекші, Елбасының 2001 жылдың 23 қыркүйегінде Рим католик шіркеуінің басшысы Иоанн Павел ІІ-ні қарсы алған сәті де ұтымды берілген. Батыс пен Шығыс арасын жақындата білген Иоанн Павел ІІ-нің Қазақстанға жасаған сапары елімізді Батыс өркениетіне жақсы жағынан көрсеткенін орынды айта кеткен жөн. Ержан Қазыханов атап өткендей, Қазақстанды Батыс та, Шығыс та сенімді және жауапты әріптес ретінде таниды.
Еліміздің ЕҚЫҰ-ның жаңа мыңжылдықтағы бірінші саммитін өткізуі, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымындағы сәтті қадамдары да ел беделінің артуына игі ықпалын тигізуде. Осы орайда еліміз Сыртқы істер министрлігі тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Ұлттық академиялық кітапхана қорына Елбасы қаламынан шыққан және Елбасы туралы жазылған шет елдердің ондаған тілдерінде жарық көрген кітаптар топтамасын сыйға тартқандығын айта кету керек.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.