– Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы
Қазақстан соңғы жылдары экономикалық тұрғыдан қарағанда, айтарлықтай дамыды және осы қомақты әлеуетімен жаңа онжылдыққа нық қадам басты. Осы жетістіктер Дүниежүзілік банктің өткен жылғы есебінде атап көрсетілген. Ол Қазақстанның бизнес мүдделерін қолдау тұрғысындағы реформалардың көшбасшысы болғанын мойындаған болатын. Сондай-ақ 2010 жылды елдің үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың бастапқы кезеңі және өнеркәсіптік салалардың дамуы күшейтілген жыл деп нақты айта аламыз. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының ХІІ съезінде Елбасы осы күнге дейін жиналған барлық салалық бағдарламаларды сараптап, елдің экономикалық дамуы бойынша басымдықтарын қазіргі заманға сай жаңаландыру, үдемелі әртараптандыру және инновациялық индустрияландыру бағытында жұмылдыруға тапсырма берді. Сонымен қатар, Президентіміз «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында ел дамуының алдағы он жылдығындағы стратегиялық бағыттары мен мақсаттарын анық көрсеткен болатын. Тек үдемелі индустрияландыру, инновациялар мен еңбек өндірісінің қарқындап өсуі Қазақстанның көшбасшылық жолындағы берік негізі бола алады.
Елбасының қойған мақсаттары шын мәнінде ауқымды, өйткені, жаһандық мақсатқа жетуге бағытталған, ол – үдемелі әртараптандыру мен ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Қойылған мақсаттарға жету үшін Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму стратегиялық жоспары, «Қазақстан-2030» ұзақ мерзімді басымдығы мен көптеген жүйелі құжаттарды қамтитын біртұтас стартегиялық жоспарлау мен болжамдау жүйесі құрылғандығын атап айтқан жөн.
Жүзеге асырылып жатқан экономиканы әртараптандыру сияқты теңдесі жоқ саясаттың келесі қадамы – Елбасы ұсынған 2010-2014 жылдарға бағытталған үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы. Бұл бағдарлама – елдің 10 жылдық даму басымдығын іске асыруға бағытталған алғашқы 5 жылдықтың индустриялық жоспары. Тарих көптеген елдердің индустрияландыру үдерісін бірнеше межеде өткенін көрсетеді. Алайда, біз осы жолды таяудағы бес жылдың ішінде өтуіміз қажет. Ол үшін қолдағы барлық ресурстарды жинап, орталық пен өңірлердің қарым-қатынасының нақты үйлестігін мемлекет пен бизнестің өзара қатынасын да жаңа деңгейге шығуды қамтамасыз етуіміз керек. Ел алдына қойылған мақсат – Қазақстанның экономикалық қалыбын өзгертіп, экстенсивті шикізаттық бағыттан индустриялық-инновациялық дамуға көшу. Сонымен қатар, Елбасымен ұсынылған экономикалық модернизация бойынша барлық өзгерістерді бір ортақ мақсат біріктіреді, ол – әр азаматтың, сондай-ақ барлық Қазақстан халқының әлеуметтік жағдайын жақсарту және материалдық тұрмысын көтеру.
Осыған орай, үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік бағдарламамен экономиканың басым секторларын дамытуды ынталандыру негізінде ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыратын басым бағыттары белгіленген. Олар: өндіріс факторларының өнімділігін және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату, инвестицияларды тарту және жаңа экспортқа бағытталған жоғары технологиялық өндірісті құру, ұлттық инновациялық жүйені дамыту мен нығайту, индустрияландыру үдерісінде шағын және орта бизнестің араласуын арттыру, экономикалық әлеуетті кеңістікті рационалды ұйымдастыру.
Мемлекет бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында «Бизнестің жол картасы-2020», «Экспортер-2020», «Өндірушілік-2020», «Инвестор-2020» сияқты институттар жүйесін, өңірлердегі кәсіпкерлікті қолдау құралдары мен тетіктерін, экономиканың шикізаттық емес секторларының жүйесін қалыптастырды және жоғары технологиялық өндірістер саласында қолайлы шарттар жасауда.
Елбасы «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының ХІІІ съезінде сөйлеген сөзінде, тек былтырғы жылғы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша субсидиялауға жалпы несие сомасы 101,2 миллиард теңге құрайтын 225 ұсыныс мақұлданғанын, 30 жобаға кепілдік беріліп, 129 бизнес субъектілеріне қажетті инфрақұрылым жүргізілгендігін атап өтті. Индустриялық аймақтарды ұйымдастыру бойынша жұмыстары басталып, 1175 кәсіпорынға сервистік қолдаулар көрсетілген. Бағдарламаға енген кәсіпорындардағы адамдардың жалпы саны 20 мыңнан астам. Қосымша 8 мың жаңа тұрақты жұмыс орны құрылатыны жоспарланып отыр. Ал бұл алғашқы жыл үшін жақсы нәтиже болып табылатындығын атап өтті.
Жалпы, бағдарламаның негiзгi өзегі – елдiң индустрияландыру картасы. Ол белгілі қаржыландыру көздері, кестелері мен іске асыру шараларының жоспарлары бар республикалық және аймақтық индустрияландыру карталарынан тұрады. Бүгінгі күні индустрияландыру картасының жиынтық портфелi 8 трлн. теңгені құрайтын 294 жобадан тұрады, ол 160 мың жұмыс орнын ашуға мүмкiндiк бередi. Сонымен қатар, 2010 жылы жоспарланған 144 жоба орнына 800 млрд. теңгеден астам қаражатты құрайтын 152 кәсіпорын ашылды.
Үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік бағдарламасы толық жүзеге асырылғанда қандай нәтижеге қол жеткіземіз? Аталған бағдарламаның қорытындысы бойынша 2014 жылы Қазақстанның ІЖӨ-сі 2008 жылға қарағанда 50 пайызға өсуі, қайта өңдеу секторындағы еңбек өнімділігінің 50 пайызға көтерілуі, ал экономиканың кейбір салаларында 100 пайызға, осы мерзім ішінде шикізаттық емес экспорттың үлесін жалпы экспорттан 40 пайызға дейін жеткізу, ІЖӨ құрамында энергия тұтынысын 10 пайызға төмендету және қолданыстағы кәсіпорындардың ішінде инновациялық бағыттағы кәсіпорындарды 10 пайызға ұлғайту күтілуде.
Бүгінгі күні, еліміздің даму стратегиясының мақсаттарына қол жеткізу үшін жасалып жатқан шараларды үйлесімді толықтыратын және құнарландыратын жаңа креативтік идеялар мен инновациялық жолдар қажет. Әр аймақ, әр сала өздеріне берілген мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, ең келешегі зор және озық инновациялық жобаларды жүзеге асыруы қажет.
Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін мемлекет кәсіпкерлердің белсенділігін ынталандыру мақсатында барлық шаралар жасауда. Біріншіден, ол – бизнес үшін әкімшілік кедергілерді төмендету және нақты ашық рәсімдерді құру. Екіншіден, адал кәсіпкерлердің қауіпсіздігін кепілдендіру. Үшіншіден, бәсекеге қабілетті өндірістердің өсуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына икемі бар жаңа бизнес бастамаларын ынталандыру, сондай-ақ істеп тұрған өндірістерді қолдау.
Жалпыға мәлім болғандай, тиімді индустриялық саясат, инновацияның ең заманауи білім және ең озық технологиялары негізінде құрастырылуы қажет. Елбасымыз айтқандай, инновация дегеніміз – ол тиімділік пен еңбек өндірістілігін арттыру. Сондай-ақ, өнеркәсіптердің инновациялық белсенділігі жаңа ғылыми зерттемелердің қаржыландырылуы тиімді болғанда ғана өседі. Сол себепті мемлекет, бірінші кезекте, бизнестің қажеттілігіне, зерттемелерді енгізуге, өнімнің жаңа түрлерін игеруге және кәсіпорындардың ғылыми-зерттеу мен тәжірибелік конструкторлық зерттемелерге жұмсайтын жыл сайынғы қаражаттардың өсуіне назар аударады. Жақын арада Астана қаласында ашылған Назарбаев Университеті инновациялық модернизацияның бірінші нәтижесі болып табылады. Оның ең заманауи ғимаратында келешектің жаңа зияткерлік мамандары білім алуда.
Еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағытында атқарылып жатқан барлық шаралар тиімді құқықтық базамен қамтамасыз етілуі қажет. Күні бүгін мұндай құқықтық базамыз бар деп нық сеніммен айта аламыз. Оны кәмілдендіру және экономикалық дамуды дер кезінде құқықтық қамтамасыз ету бойынша әрдайым қарқынды жұмыс жүргізілуде. Қазақстан Парламенті жеке кәсіпкерліктің мүдделерін қолдайтын және мемлекет пен бизнестің өзара тығыз қарым-қатынасын қамтамасыз ететін бірқатар заңдар қабылдады. Атап айтсақ, қазақстандық қамту мен бәсекелік бойынша, инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау бойынша, сәйкестікті бағалау саласында аккредитациялау бойынша, мемлекеттік сатып алу бойынша, лицензиялау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тағы да басқа заң актілері қолданысқа енді.
Мемлекет пен бизнестің өзара қатынасының айрықша рөлін ТМД елдерінің арасында алғашқы болып қабылданған жеке кәсіпкерлік туралы заң айқындайды.
Тауарлар мен қызметтерге ішкі сұранысты ынталандыру мен қанықтыру мақсатында «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңда отандық тауар өндiрушiлерді қорғау шаралары қабылданды. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақстандық мазмұнды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының нормалары арқасында қазіргі таңда сатып алу мониторингінің бірегей тиімді жүйесі, қазақстандық мазмұнды есептеу үшін бірегей әдісі, сондай-ақ отандық өнеркәсіпті дамытуды қамтамасыз ететін шарттары құрылған.
Жеке сектордың салаларға қатысуын кеңейтудегі жүргізіліп жатқан мемлекет саясаты елдің өңірлеріндегі тұрғындардың мүддесіне іскерлік пен инвестициялық серпіннің өсуі мақсатында қолдау көрсететін арнайы экономикалық аймақтар құруға мүмкіндік берді.
Қазақстан, Ресей мен Белоруссияның Кеден одағы секілді көптеген ауқымды экономикалық мәселелерді шешетін прагматикалық және болашағы зор жоба сәйкесінше заңнамалық қамтамасыз етілді. Тек 2010 жылдың 12 айында Кеден одағы елдері арасында Ресей және Белоруссиямен сауда-саттық мөлшері 25,6 пайыз құраған, сәйкесінше Кеден одағына қатысушылар елдеріне қазақстандық өнімнің экспорты 14,3 пайызды құраса, ал 2011 жылдың бірінші жартыжылдығында сауда-саттық мөлшері 24,8 пайыз және өнім экспорты 14,4 пайыз көлемінде болды.
Жыл басынан бері өнеркәсіп өндірісі 6 пайызға өсті. Бірінші жартыжылдықта 70 жаңа өндіріс орны ашылды. 160 мың адам жұмысқа орналасты. Еліміз бойынша жылдың аяғына дейін тағы 600 миллиард теңгенің 129 жобасы аяқталатын болады.
Президенттiң дана саясаты арқылы Қазақстан бүгiн тарихи жеңістіктерге қол жеткізіп, өз дамуының тиiмдi жолдарын тапты. Елбасының бастамасымен ұсынылған барлық мемлекеттік стратегиялық бағдарламалар, бірінші кезекте азаматтарымыздың әл-ауқатының көтерілуіне, зейнетақылардың, жәрдемақылардың және еңбекақылардың өсуіне, денсаулық сақтау және білім беру салаларының дамуына бағытталған. Тек экономикалық жағдайы күшті мемлекет әлеуметтік салада бағдарламалар құрып, мәселелерді шешуді мақсат тұта алады.
Елбасы Парламенттің бесінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде индустриялық-инновациялық даму бағытының арқасында қазірдің өзінде биылғы жылы ішкі жалпы өнім өсуінің үштен бірі қамтамасыз етіліп, инновациялық үлгідегі 204 кәсіпорын ашу жоспарланып отырғандығын және аграрлық сектор жоғары қарқынмен дамуда екендігін айтқан болатын. Сонымен қатар, «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» заңның жақын арада қабылдануының аса қажет екендігін атап өтті. Қазіргі таңда осы заң жобасы Парламент Мәжілісінде қаралуда.
Тарихтың өзі көрсеткендей, тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейінгі он жылдан соң, бұрынғы кеңестік кеңістікте, қазіргі ТМД аумағында Қазақстан көптеген салаларда көшбасшы болды. Елімізде тұрақты әлеуметтік-саяси жағдайдың сақталуы, ұлттық валютаның табысты енгізілуі, халықаралық қаржы институттарына кіруі және экономиканың әкімшіл-әміршіл қағидаларынан түбегейлі бас тартуы, осының нәтижесінде халықаралық қоғамдастықтың Қазақстанды мойындауы Елбасының саясаты арқасында болған жетістік.
Қазақстан экономикасының нарықтық моделін құру кезінде экономикалық шаралардың жан-жақты ойластырылған пакетін жасап қана қоймай, оларды саяси ерік-жігер және дербестігімізді нығайту арқылы дәйекті түрде жүзеге асыру мәселесі тұрды. Жүргізіліп жатқан түбірлі өзгерістердің мәнін ой елегінен өткізіп, одан кейінгі даму үрдістерін алдын ала көре білу, ондаған миллион адамның мүддесіне сай келетін неғұрлым тиімді қайта құру стратегиясын таңдап алу және оны қысқа мерзімде жасау керек болды. Себебі, тарих ұзақсонар зерттеулер мен ой қорытуларға уақыт қалдырмай, әлем екпіндеген күшті қарқынмен өзгеріп жатты.
Бірлігі мықты біртұтас халықтың алмайтын асуы жоқ. Енді біз жедел жүзеге асырылған осы күш-жігеріміздің жемісін көріп отырмыз. 1997 жылы Елбасы жария еткен «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасының 2015-2016 жылдары жүзеге асырылуы көзделген кейбір межелер биыл жүзеге асып отыр. Айталық, 20 жылдың ішінде жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 14 есеге өсіп, бүгінгі таңда 10 мың АҚШ долларын құрады. Халқымыз «Елу жылда – ел жаңа» дейді. 50 жылда жасалатын көптеген мақсатты істер біздің елімізде осы 20 жылдың ішінде жүзеге асырылды. Біз қазір мемлекеттігімізді жан-жақты қалыптастырып болдық. Енді тұрақты даму жолын сақтап, кешенді бағдарламаларды нәтижелі жүзеге асыра білсек, алдағы 20 жылда толағай табыстарға қол жеткізетініміз сөзсіз.
Сейітсұлтан ӘЙІМБЕТОВ, Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы.