Тарихи шежіремізде айтулы оқиғаларымен ерекше құнды мәдени жобалар аз емес десек, солардың ішінде ауқымы жағынан бұрын-соңғы ешбір шараны қайталамайтын Рухани келісім күнін халқымыз он сегіз жылдан бері атап өтіп келеді. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында мерекенің тойға тартар шашулары өзгеше сипатта көрініс таппақ. Соған орай, біз Парламент Сенатының депутаты, халықаралық «Рухани келісім конгресі» қоғамдық қорының президенті Төлеген Мұхамеджановты әңгімеге тартқан едік.
– Өткен жылы елордада өткен Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумы сіздің идеяңызбен жүзеге асқан көрінеді. Тәуелсіз Қазақ елінің атын әлемге әйгілеуде үлесі мол шараның биылғы бағдарламасынан жұрттың назарын аударарлық тағы қандай сыйлар күтіп тұр?
– Форумның келесі алқалы отырысы 2013 жылы Қазақстанда өтеді деп жоспарлануының өзі көп жәйтті аңғартса керек. Егер әңгімемізді Рухани келісім күні мейрамы қайдан бастау алады, ол қаншалықты бүгінгі қоғамымызға керек деген сұрақтардан өрбітсек, Тәуелсіздіктің бір жылдығы аясында, 1992 жылы Алматы қаласында І Дүниежүзілік рухани келісім конгресін өткізген болатынбыз. Міне, осы шара барысында есімі елге танымал біраз мәдениет қайраткерлері Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына хат жолдадық. Онда көпэтносты, көпконфессиялы мемлекетімізде бейбітшілік пен тұрақтылықтың кепілі дерлік мерекенің қажеттігі туралы бастаманы алғаш рет көтеріп, Рухани келісім күнін атап өтуді ұсындық. Елбасы бұл ойымызды қолдағандықтан, соңғы 16 жылдан бері жылдың дәл осы мезгілінде – 16 қазан күні Рухани келісім күні ретінде аталып өтілуде.
Биылғы жылы Рухани келісімге байланысты 20 жылдық бағдарламаны насихаттайтын «Рухани мәдениет – әлемді жаңартудың кілті» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтпек.
– Оған атақты адамдардан кімдер елімізге қонақ болып келгелі жатыр?
– Бұл шараға
БҰҰ құрамындағы Дін жетекшілерінің Бүкіләлемдік кеңесінің бас хатшысы Бава Джейн, атақты голливудтық киножұлдыз Арманд Ассанте, КСРО халық әртісі, Ресей мемлекеттік Думасының депутаты Иосиф Кабзон, Мәскеудің экс-мэрі Юрий Лужков сынды танымал тұлғалар, саясаткерлер, ғалымдар, оқытушылар қатысады деп күтілуде. Меймандар арасында Жапония мен Австрия, Алмания мен Түркия, Қытай мен Грузия, Ресей мен Америка сынды бірталай елдерден мәдениет пен өнер қайраткерлері жиналмақ. Мұндай шақырылған қонақтардың жалпы саны елуге жуық.
– Тәуелсіздік рухына арналған шаралардың ішінен бөле-жарып қайсысын айрықша атар едіңіз?
– Қазақстандағы бейбіт өмір мен өзара достық байланыстардан көп тағылым түйіп, форумнан ерекше шабытпен кеткен америкалық Арманд Ассантенің Қазақстан туралы «Даламен тілдесу» атты деректі киносының тұсаукесері болады. Бұл фильмде Голливуд жұлдызы еліміздегі «Невада–Семей» қозғалысына, ұлттар арасындағы татулық пен бірлікке жан-жақты тоқталып, өзі таныған елдің арайланып атқан әрбір таңы тыныштықпен өріліп жатқанын баяндап өтеді. Деректі туындыда саяси-қуғын сүргін құрбандарын ақтап алу барысында атқарылған қомақты іс-шараларға ерекше орын берілген. Бұл киноны әсіресе, шетелдерде көрсетудің маңызы өте зор деп есептеймін. Арманд Ассантенің осы дүниесін қазанның 6-сы күні Америка жұртшылығы қызыға тамашаласа, көрсетілімі 20 минөтке созылатын кино сонымен қатар өз телеарналарымызда 18 қазан күні қазақ және орыс тілдерінде көрерменге жол тартпақ.
Өткен жылы Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумына қатысқан әлемдік көшбасшылардың ой-орамдарынан тұратын кітаптың да осы күндерде тұсауы кесілмек. Кітап үш тілде жарық көрген. Мұндағы бейбітшілік пен мейірімділікке, салиқалы да сындарлы саясатқа берілген байламдар мен бағамдар легі оқырманның жан-дүниесін баурай түсеріне күмән жоқ.
– Өзіңіз айтып отырған осы мейірімділікке қатысты биыл қандай іс-шаралар өткізуді көздеп отырсыздар? Қайырымдылық астарын ұйымдастыру туралы бастамаңыз көптің қолдауына ие болып, біраз қоғамдық ұйымдар жалғастырып алып кеткен еді. Осыған бүгінде елордадағы үкіметтік емес ұйымдар, отандық жастар ұйымдары, журналистер қауымдастығы мен «Атамекен» кәсіпкерлер ассоциациясы барынша қолдау көрсетіп отыр екен. Осы туралы айтып өтсеңіз.
– Бұл күні әрі мерекелік, әрі қайырымдылық дастарқандарын жаю бастамасы ел тарапынан кең қолдау тауып кеткені қуанарлық оқиға, әрине. Мұндағы мақсат, отандастарымыздың жүрегіне мейірім отын жағумен шектелмеу, елді бірлік пен татулыққа үндейтін осынау қасиеттерді қадірлей білудің өзі көптеген замандастарымыздың бойына отаншыл сезімді ұялататынын жұртқа жеткізу болатын. Осындағы әр адам әрдайым: «Біз бір мемлекеттің тұрғындарымыз! Тұтас бір халықпыз!» деген ойды көкірегіне тоқыса, елдегі татулыққа шүкіршілік етер жайымыз бар. Құдайы көршісінің үйінде не болып жатқанына алаңдамайтын адам болмайды. Сол секілді туыстарымызбен, отандастарымызбен тату-тәтті өмір сүрсек, бір-бірімізге керек кезінде көмек қолын созуды ұмытпасақ, адамгершілік құндылықтарды барлық байлықтан жоғары бағаласақ деген қағидаға келіп саяды бұл отырыстар. Сондықтан да конференция жұмысына қатысушы делегаттар мен қазақстандық азаматтар осы күні дін орындары мен сәулетті нысандарға бас сұғып, бір-бірінің үйіне мейман болып түссе, өзара хал-жағдай сұрасып, ыстық ықылас білдіріп жатса, одан артық не бар? Қазақта сөз бар ғой: «Өле жегенше бөле же» деген. Сол айтқандай, біз өз үйімізде көйлегіміздің көк, тамағымыздың тоқ болғанына тоқмейілсімей, өзгенің де қайғы-мұңын бөлісіп, қажетінше көмегімізді беріп отырғанымыз жөн.
Міне, сонда ғана ұлтаралық татулыққа қол жеткіземіз, дінаралық шиеленістің алдын аламыз. «Ырыс ынтымақты елге орнайды» деген қанатты сөзді әрдайым есте сақтап, ынтымақ пен бірлікті уағыздаудан талмауымыз керек.
– Биылғы «Рухани келісім күнін жалпыхалықтық дәстүрге айналдыру керек» деген бастамаңыз ел тарапынан қолдау табуда. Мұның расында келешекте жалпыхалықтық мерекеге айналарына сенесіз бе?
– Мен мұның солай боларына нық сенемін. Өйткені, ол бейбітшілік әнін жырлайтын жоба болғандықтан, мұны кім-кім де қарсылықсыз қабылдайды деп ойлаймын. Осыған дейін мұндай қайырымдылық астарын ұйымдастырғанда көбіне шетелдік, нақтылап айтқанда американдық кәсіпкерлер көмектесіп, демеушілік жасаса, биыл отандық кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдар тізе біріктіріп отыр. Бұл – өте құптарлық жайт.
– Олардан кімдерді атап өткен болар едіңіз?
– Биылғы демеушілердің алғашқысы болып Астанадағы «Риксос» қонақ үйі танылды, олар жайған ортақ дастарқан басына 250-300 адам шақырылмақ. Адам баласына көп нәрсенің қажеті жоқ, бір-бірімізге деген жылы қабақ, ықылас пен ақ тілектің өзінен асқан ешқандай құрмет те, сыйластық да жоқ деп білемін. Өйткені, рухани келісім дегеніміз елдегі мамыражай берекелі тірліктің кепілі. Сондықтан Рухани келісім күні болып белгіленген 18 қазан біздер үшін бірлік пен қайырымдылықтың, жақсылық пен гүлденудің мерекесі ретінде жалпыхалықтық мереке болып тарихта қалса деймін. Бұл мереке
әсіресе, көңілі досына қашанда ағыл-тегіл, дархан пейілді қазақ баласына өте-мөте керек той, бірлігі мен тірлігі жарасқан елдің ертеңі
үшін өмірге осындай дәстүрлердің келіп қосылуы заңдылық.
Әңгімелескен Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.