Қазақстан • 30 Тамыз, 2017

Түркістанда Түркі әле­мі ақындарының кездесуі өтті

860 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан топырағының рухани кеңістігін дүр сілкіндірген түркі халықтары ақындарының кездесуі туысқан халықтардың сөз өнеріндегі ортақ серпіліс бол­ды. Сан ғасырлық тарихы бар бауырлас елдердің əлемдік əде­биет пен түркілік əдебиеттің алтын қорына қосқан қазынасы мол.

Түркістанда Түркі әле­мі ақындарының кездесуі өтті

Сол мұраның бір бөлшегі – әзербайжан əдебиетінің көр­­­нек­ті өкілі Молла Пенах Ва­гифтің 300 жылдығына арнап Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, Халықаралық жазушылар және зия­лылар қоғамы (Түркия), Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ бі­рігіп ұйымдастырған «Түркі әле­мі ақындарының кездесуіне» Түр­кістан қаласының әкімдігі және Оңтүстік Қазақстан облы­сы әкімдігі қолдау көрсетті. Түр­кістан қаласының əкімі Ə.Өсер­баев, ТҮРКСОЙ Халық­аралық ұйымының өкілі А.Тұр­ғанбаев, ХҚТУ ректоры өкілі М.Құ­тал­мыш мырзалар бұл кез­десудің тарихи, мəдени, əдеби си­пат­тарынан сөз қозғады. Бас­қосуға Түркия, Әзербайжан, Қа­зақ­стан, Қырғызстан, Та­тарстан, Баш­құртстан, Саха-Яку­тия, Дағыстан және Гагауыз елі­нен 30-ға жуық ақындар қатысты.

Биылғы кездесудің ортақ та­қы­рыбы болып өршіл рухты Вагиф тұлғасының дəріп­те­луі кездейсоқтық емес. Əзер­­­байжан­ның тəуелсіз, ұлт­тық сипаттағы елдігінің қалып­та­суына өлшеусіз еңбек сіңірген қай­раткердің тұл­ғасы түркілердің əлемдік кеңіс­тіктегі ортақ мұраттарының ұс­ты­ны болуға лайық. Бұл идея­ны қаламгерлер ақын өлеңдері арқылы таныта алды. Вагифтің сыршыл лиризмі мен өршіл аза­маттық поэзиясының көркемдік көкжиегі айқындалды. Жаһандану ға­сырында жалқылықта емес, ын­тымақта ғұмыр кешудің тұғыр­намасын айқындап берген бауырлас елдер поэзиясы əдебиеттің жаңа сипатта дамуға тиіс себептерін де бажайлады. 

Кештің модераторы қазақтың көр­некті ғалымы Құлбек Ергө­бектің кешті жүргізу ұста­нымы туысқан елдер ақын­дарының ара­сындағы тілдік ке­дергіні бай­қат­пады деуге болады. Асыл сөз ділгірі, түркітанушы ға­лым əдебиеттердегі ортақ өзекті мəсе­лелерді дәл танып, кештің əдеби, ғылыми сипаттарына талдау жасады. Ұсыныс ретінде аударма теориясына қатысты тұжырымдар айтылды. Ықылым замандардан келе жатқан түркілік сарынның, түркішілдік идеясының жалға­сын табуына жаңа, тəуелсіз ба­­уыр­лас елдер əдебиетінің өкіл­дерінің шығармашылығын зерт­теудің өзектілігін ашып көр­сетті. Түркішіл ақындардың жа­лындаған жырларында ортақ сарын өлең ырғағынан аудармасыз-ақ байқалып тұрды. Кеш өлеңнің өмірмен өрілген өзектілігін көркем сөз тілінде сөйлетті. 

Кездесуден кейін қонақтар Түр­­кістан мәдениетінің бір бөл­шегі – Б.Кенжебаев атындағы Түркітану мұражайын аралады. Түркістандағы Түркі халықтары кі­тапханасы мен сурет гале­рея­сындағы өнер мен ғылым құн­ды­лықтарын тамашалаған қо­нақтар оған жоғары бағасын берді. Түркілердің ортақ ке­ңістігіндегі мұндай мәдениет көр­сеткіші тек Түркістанда еке­нін жарыса атап көрсетті. Өз тараптарынан ел­деріне барған соң, кітапхана қорының көбеюіне атсалысатынын баяндады. 

Үш күнге созылған мәдениет­тер таныстығы қонақтарды оң­­түс­тіктің тарихи жерлерін ара­латуға ұласты. Арыстан баб пен Қожа Ахмет Ясауи кесенелеріне тəу еткен бауырлар тарихи ма­ңызы зор Сауран шаһары мен сыр­лы Сырдария өзенінің Түр­кілер өркениетіндегі орнын көріп қайт­ты. Зор үміт пен кемел болашаққа сенім артқан арқалы ақындар келешектегі жаңа рухани түлеу кезеңінің Түркістанмен байланыс­ты болатынына нық сеніммен елдеріне аттанды.

Әдемі ТОЛЫСБАЕВА

ТҮРКІСТАН

Соңғы жаңалықтар