Сол мұраның бір бөлшегі – әзербайжан əдебиетінің көрнекті өкілі Молла Пенах Вагифтің 300 жылдығына арнап Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы, Халықаралық жазушылар және зиялылар қоғамы (Түркия), Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ бірігіп ұйымдастырған «Түркі әлемі ақындарының кездесуіне» Түркістан қаласының әкімдігі және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі қолдау көрсетті. Түркістан қаласының əкімі Ə.Өсербаев, ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының өкілі А.Тұрғанбаев, ХҚТУ ректоры өкілі М.Құталмыш мырзалар бұл кездесудің тарихи, мəдени, əдеби сипаттарынан сөз қозғады. Басқосуға Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан, Саха-Якутия, Дағыстан және Гагауыз елінен 30-ға жуық ақындар қатысты.
Биылғы кездесудің ортақ тақырыбы болып өршіл рухты Вагиф тұлғасының дəріптелуі кездейсоқтық емес. Əзербайжанның тəуелсіз, ұлттық сипаттағы елдігінің қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірген қайраткердің тұлғасы түркілердің əлемдік кеңістіктегі ортақ мұраттарының ұстыны болуға лайық. Бұл идеяны қаламгерлер ақын өлеңдері арқылы таныта алды. Вагифтің сыршыл лиризмі мен өршіл азаматтық поэзиясының көркемдік көкжиегі айқындалды. Жаһандану ғасырында жалқылықта емес, ынтымақта ғұмыр кешудің тұғырнамасын айқындап берген бауырлас елдер поэзиясы əдебиеттің жаңа сипатта дамуға тиіс себептерін де бажайлады.
Кештің модераторы қазақтың көрнекті ғалымы Құлбек Ергөбектің кешті жүргізу ұстанымы туысқан елдер ақындарының арасындағы тілдік кедергіні байқатпады деуге болады. Асыл сөз ділгірі, түркітанушы ғалым əдебиеттердегі ортақ өзекті мəселелерді дәл танып, кештің əдеби, ғылыми сипаттарына талдау жасады. Ұсыныс ретінде аударма теориясына қатысты тұжырымдар айтылды. Ықылым замандардан келе жатқан түркілік сарынның, түркішілдік идеясының жалғасын табуына жаңа, тəуелсіз бауырлас елдер əдебиетінің өкілдерінің шығармашылығын зерттеудің өзектілігін ашып көрсетті. Түркішіл ақындардың жалындаған жырларында ортақ сарын өлең ырғағынан аудармасыз-ақ байқалып тұрды. Кеш өлеңнің өмірмен өрілген өзектілігін көркем сөз тілінде сөйлетті.
Кездесуден кейін қонақтар Түркістан мәдениетінің бір бөлшегі – Б.Кенжебаев атындағы Түркітану мұражайын аралады. Түркістандағы Түркі халықтары кітапханасы мен сурет галереясындағы өнер мен ғылым құндылықтарын тамашалаған қонақтар оған жоғары бағасын берді. Түркілердің ортақ кеңістігіндегі мұндай мәдениет көрсеткіші тек Түркістанда екенін жарыса атап көрсетті. Өз тараптарынан елдеріне барған соң, кітапхана қорының көбеюіне атсалысатынын баяндады.
Үш күнге созылған мәдениеттер таныстығы қонақтарды оңтүстіктің тарихи жерлерін аралатуға ұласты. Арыстан баб пен Қожа Ахмет Ясауи кесенелеріне тəу еткен бауырлар тарихи маңызы зор Сауран шаһары мен сырлы Сырдария өзенінің Түркілер өркениетіндегі орнын көріп қайтты. Зор үміт пен кемел болашаққа сенім артқан арқалы ақындар келешектегі жаңа рухани түлеу кезеңінің Түркістанмен байланысты болатынына нық сеніммен елдеріне аттанды.
Әдемі ТОЛЫСБАЕВА
ТҮРКІСТАН