Бокс • 02 Қыркүйек, 2017

ӘЧ-2017. Қамшыбек Қоңқабаев финалға шықты

45 реткөрсетілді

Ол жартылай финалда Камерун боксшысы Фоку Арсенді жеңді.

Бүгін бокстан Германияның Гамбург қаласында өтіп жатқан бокстан әлем чемпионатының жартылай финалдық бәсекесінің екінші күні басталды. Кешегі жарыс күнінде төрт боксшымыз шығып, Қайрат Ерәлиев (56 кг) пен Аманқұл Әбілхан (75 кг) финалға шыққан болатын.

Жартылай финалдың екінші күнінде +91 килодағы отандасымыз Қамшыбек Қоңқабаев камерундық боксшы Фоку Арсенмен жұдырықтасып, ұпай саны бойынша жеңіске жетті.

Қос боксшы алғашқы раундты өте сақтықпен бастады. Екеуі де қорғанысқа аса қатты көңіл бөліп, реті келген шабуылдап жатты. Дегенмен, Қамшыбек екінші нөмірмен жұмыс істеп, қарсы соққымен күтіп алып жатты. Раунд соңында Қоңқабаев жылдамдығын қосып, қарсыласына қарағанда анық және дөп соққылармен көзге түсті.

Екінші раундта Қамшыбек Арсенді соққының астына алып, бір рет есеңгіретіп жіберді. Сонан соң төреші есеп ашып, нокдаун тіркеді. Үшінші раундта да отандасымыз камерундық боксшыны тағы бір рет есеңгіретіп, төреші екінші рет есепті ашуға мәжбүр болды. Сөйтіп, бұл кездесу Қамшыбек Қоңқабаевтың айқын басымдылығымен аяқталды.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар