Дәстүрлі сипат алған игі шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы және қала имамдары қатысты.
Биыл Астана әкімдігі қасиетті мерекеде құрбандық шалуға он нысан бекіткен болатын. «Алтын таға» базарында құрбан айттың алғашқы күнінде жалпы саны 70 бас ірі қара мал құрбандыққа шалды. Бас мүфти игі шараға үн қосқан ізгі жүректі халықпен бірге мерекелік дастарханнан дәм татып, ұлық мейрамның қадір-қасиетін арттырып, қайырымдылыққа ден қойған барша жанға алғыс-тілегін жеткізді. Сауапты акцияда шалынған құрбандық еттері қала әкімдігімен бірлесе отырып, әлеуметтік тұрмыс-ахуалы төмен отбасыларға таратылу үстінде. Айта кетейік, «Раббың үшін құрбан шал» шарасы үшінші қыркүйекке дейін жалғасады.