19 Қазан, 2011

Капрал Шалит Израильге берілді

271 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Израильдік капрал Гилад Шалит 5 жылға созылған тұтқындаудан кейін Израильге оралатын болды. Сөйтіп, Палестина тарапы Шалитті араағайындыққа жүрген Египетке өткізіп берді. Есесіне Израиль жағы бір капрал үшін 1027 палестиналық тұтқынды қайтаруы тиіс. Кеше 27 әйел тұтқынды қоса алғанда, 477 адам Палес­тинаға  қайтарылды. Қалған 550 тұтқын еліне алдағы айда оралатын болады. Ал танкист Гилад Шалит 2006 жылдың 25 маусымында тұтқынға түскен еді. Израиль жағы босаған палестиналықтардан қауіптенетіндіктерін де ашық мәлімдеп отыр. Елшіге қастандық жайы тексерілмейді Иран билігіне Саудия елшісін өлтір­мек болды деп тағылған айып АҚШ тарапынан Иран мен Сауд Арабия­сының арасына от тастамақ ниетпен қолдан ұйымдастырылған, деп мәлім­деді Иран президенті Махмұд Ахмадинежад. Оның айтуынша, АҚШ ілгерілеткен айыптау­лар күлкі тудырады. Осының алдында Иран сыртқы істер министрі Али Акбар Салихи өз елінің аталған айыптауға байланысты тексеру жүргізуге дайын екенін мәлімдеген еді. Енді Иран басшылығы айыптауға ешқандай негіз жоқ екенін көлденең тартып, АҚШ-тағы Саудия елшісін өлтіруге әрекет жасалуына байланысты тексеру жүргізілмейтінін мәлімдеді. Рим папасын ұлтшыл деп атады Актриса Сьюзан Сарандон Нью-Йоркте өткен кино-фестиваль шеңберіндегі бір шара аясында сөйлеген сөзінде Рим Папасы Бенедикт XVI-ны ұлтшыл деп атады. С.Сарандон «Өлік келе жатыр» фильміндегі рөлі үшін «Оскар» алған болатын. С.Сарандонның әріптесі Б.Балабан актрисадан сұхбат алу барысында оның артықтау кеткенін меңзегенімен, С.Сарандон Бенедикт XVI-ның ұлтшыл екенін тағы да қайталаған. Бенедикт XVI – Йозеф Ратцингер жасөспірім кезінде шын мәнінде жастардың «Гитлерюгенд» ұлтшыл тобының сапында болыпты. Оның түсіндіруінше, гитлерлік Германияда көптеген жасөспірімдер осы ұйым қатарына өтуге мәжбүрленген. Януковичті Брюссельге  жібермеді Еуроодақ Украина президенті Вик­тор Януковичтің Брюссельге сапарын болдырмай тастады. Мұны дипло­ма­тиялық корпустағы дерек көзі мәлім­деді. Оның сөзіне қарағанда, сапар екі­жақты үнқатысу ұтымды болатын сәтке дейін кейінге шегеріліп отыр. В.Янукович Брюссельде Еуроодақ президенті Херман ван Ромпеймен және Еурокомиссия басшысы Хосе Мануэль Баррозумен кездесуі керек болатын. ЕО өкілдері сапар кезінде Украинаның экс-прьемері Ю.Тимошенконы босату туралы әңгіме қозғалады деп үміттенген еді. Бірақ Украина президенті сапар алдында ешкімнің елінің ішкі ісіне араласуға құқы жоқ екенін жариялаған болатын. Американы жаңа соғысқа тартты дейді Сенатор Джон Маккейн АҚШ президенті Барак Обаманың Угандаға 100 әскери қызметші жіберу туралы шешімі елді жаңа соғысқа тартуы ықтимал деген қаупін білдірді. Ол 100 мыңдай америкалық әскери қыз­метші Ауғанстанда тұрғанын, ал Ирактан әскер шы­ғару әлі толық аяқталмағанын атап көрсетті. Сенатордың сөзіне қарағанда, Құрама Штаттар қайтып шыға алмайтын жағдайға тап болуы мүмкін. 2008 жылғы президенттік сайлауда Б.Обаманың бақталасы болған Дж.Маккейн әскерді Конгрестің мақұлдауынсыз жіберу туралы шешімнің аяғы жақсылыққа апармайтынын қаперге салды. «Мен Сомали мен Ливанды ұмытқан жоқпын. Екі жағдайда да АҚШ өз әскерін аталған елдерден ит қуғандай етіп шығарған болатын», дейді сенатор. Парламенттік мінберге тосқауыл қойды Украина Жоғарғы  Радасындағы «БЮТ-Батькив­щина» фракциясының өкілдері біршама уақыт парламенттік мінберге ешкімді жібермей тұрып алған. Олар осылайша әріптестері Юлия Тимошенконың соттал­ғанына  өздерінің наразылықтарын білдірген. Радада сөз сөйлеген БЮТ фракциясы басшысының орынбасары Андрей Кожемякин парламент өзінің заң­дылығын жоғалтқанын, оның қызметін тоқтатуы тиістігін мәлімдеген. Мұндай Рада Украинаға керек емес, дейді ол. Парламент спикері Владимир Литвин мұндай қоқан-лоққыға ешқандай негіз жоқ екенін көлденең тартты. Оның пікірінше, парламентті таратуға оппозиция жеткілікті қолдау көрмейді.

Қысқа қайырып айтқанда:

*Қара нәсілді республикашыл Херман Кейн егер АҚШ-тағы президенттік сайлау қазір өтсе, Барак Обаманы шаң қап­тырып кетер еді. Бұл – Rasmussen Reports компаниясы сайтын­да жарияланған сұрау салулардың нәтижесі. *Израильдік радикалдар кешегі капрал Гилад Шалитке айыр­басталған палестиналық тұтқындар мінген автобусты тоқта­туға әрекет жасады. Жалпы, Израильде аталған айырбасқа қарсылар көптеп саналады. *Нью-Йорк штатының көптеген тұрғындары  жылына 1 миллион доллардан артық ақша табатын америкалықтарға салық­ты көбейту туралы ұсынысты қолдайтындықтарын мәлімдеген. Қолдағандарды пайызға шаққанда – 72, қарсылар – 26. *Gallup зерттеу компаниясы Құрама Штаттарда марихуа­наны мемлекеттік деңгейде заңдастыруды қолдайтындар саны 50 пайызды құрайтынын мәлімдеп отыр. 1969 жылы ондайлар қатары тек 12 пайызды ғана құраған екен.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.