2-8 қыркүйек аралығындағы Форум-фестиваль театр режиссерлерінің шығармашылығына жол ашып, қазақ режиссурасын жаңа есімдермен толықтыруды мақсат тұтады, сонымен қатар, жас және танымал театр режиссерлерімен пікірталастар, лекциялар, шеберлік-сыныптары, семинарлар өткізіліп, отандық өнердің өрісін кеңейтуге мүмкіндік туады.
Қазақтың жаңашыл театр режиссері Қайрат Сүгірбековтің есімін есте қалдыру мақсатында ұйымдастырылып отырған шараның басты мақсаты талантты жас режиссерлер шығармашылығына қоғам мен қалың көпшіліктің назарын аудару.
Форум-фестивальге республикамыздағы 20-40 жас аралығындағы жас режиссерлерден Елік Нұрсұлтан, Дәурен Серғазин, Дина Құнанбайқызы, Рүстем Жанаманов, Болат Әбдірахманов, Фархад Молдағалиев, Жұлдызбек Жұманбай, Гүлназ Қамысбаева, Мейрам Хабибуллин және Айдын Салбанов қатысуда.
Фестиваль барысында көрермендер Қазақтың мемлекеттік М. Әуезов атындағы академиялық драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры, Республикалық академиялық неміс драма театры, Астана Жастар театры, Ақтөбе облыстық «Алақай» театры, Солтүстік Қазақстан облыстық С.Мұқанов атындағы қазақ драма театры, Шығыс Қазақстан облыстық Жастар театры, Оңтүстік Қазақстан облыстық Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры, Алматы қаласы мемлекеттік қуыршақ театры, Атырау облыстық Махамбет Өтемісұлы атындағы қазақ драма театры қойылымдарын тамашалай алады.
Қаршыға КҮЛЕН