Аймақтар • 06 Қыркүйек, 2017

Машина жасаушыларды не мазалайды?

298 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Орал қаласында «Батыс Қазақстан облысындағы мұнай-газ өнеркәсібіне арналған машина жасау кіші кластерін дамыту» тақырыбында форум болып өтті. Форум аясында облыстың әлеуетін көрсететін отандық өндірушілер көрмесі ұйымдастырылып, оған мұнай-газ саласы үшін машина жасау кіші кластеріне қатысушылар, облыстың мұнай-газ, машина жасау салаларында қызмет ететін ірі және орта кәсіпорындар, өңірдегі университеттер мен колледждер өз өнімдерінің тұсаукесерін өткізді. 

Машина жасаушыларды не мазалайды?

Орал қаласында «Машзавод» машина жасау зауыттарының консорциумы­ 2013 жылы құрылған болатын. Мақ­са­ты Қарашығанақ Петролиум Опе­рей­тинг (КПО б.в.), ТеңізШевройл (ТШО), Норд Каспий Оперейтинг, Аты­рауХимМаш компаниялары мен олар­дың мердігер ұйымдары – Сенімді Құрылыс, Шлюмбердже, Сайпем және Қазақстан мен Ресейдің басқа да мұнай-газ ком­панияларымен тендер рәсіміне қатысу бойынша жұмыстарды шоғыр­ландыруға бағытталған. Консорциум құра­мына «Орал «Зенит» зауыты» АҚ, «Гидроприбор ҒЗИ» АҚ, «Орал меха­­ни­калық зауыты» ЖШС, «Қаз­арма­пром» ЖШС, «Орал Вент» ЖШС, «Промэкспертиза-KZ» ЖШС, «АксайСпецМонтаж» ЖШС, «Ақсай Индус­триял­ық паркі», «Зениттехсервис» ЖШС, «Ба­тыс Қазақ­стан машина жасау компаниясы» АҚ, «Эко-Жерұйық» ЖШС, «УральскСтройИнвест» ЖШС се­кіл­ді белгілі кәсіпорындар кіре­ді. Сондай-ақ, ынтымақтастық келі­­сім­шарт бойынша консорциум құрамында Ресей Федерациясының «Волго­град­­нефтемаш» ААҚ, ИТ-Сервис ЖШҰ Орынбор қаласындағы «РТО-Завод» кәсіпорындары бар. Олар жер қой­науын пайдаланушылардың тапсырыс­тары бойынша күрделі бұйымдар дайын­дайдауға белсенді ат салысып жүр.

Көрме алаңында нақты келісім­шарт­­­тар да болып жатты. Батыс Қа­зақ­­­стан индустриялық колледжі сту­дент­­терінің қолынан шыққан кейбір бөл­­шектерді көріп, «Батыс Қазақстан құ­рылыс материалдары корпорациясы» АҚ директорының орынбасары Рамазан Нұрлиев колледж шеберханасының мүмкіндігін, ондағы станоктар мен ма­мандардың қабілет деңгейіне қызы­ғу­шылық білдірді. Сол арада телефон алма­сып, болашақ әріптестіктің бір кір­піші қаланғандай болды. Форум мен көрме жұмысының мақсаты да осы болса керек.

– Бізге трансформаторларды бекі­ту үшін әртүрлі өлшемдегі мынадай бұ­рандалы «өкшелер», детальдар жиі керек болады. Егер өнім сапасы ойдағыдай болса, тапсырыс беруге әзірміз, − дейді Р.Нұрлиев. 

Колледждің оқу-өндіріс шебері Ағай­ша Хамзинаның айтуынша, шә­кірт­­тердің шеберлігі де, шеберхана мүм­кіндігі де жоғары көрінеді. Жыл сайын Батыс Қазақстан индустриялық колледжінен 40 шақты студент токарь мамандығын алып шықса, олардың бірде − бірі жұмыссыз қалмайды екен. 
Форумға Батыс Қазақстан өңірі ғана емес, елімізге аты белгілі ірі зауыттар мен кәсіпорындар да қатысып, көрмеге өз өнімдерін орналастырған. 

«Казармапром» ЖШС – Батыс Қазақ­стан облысында ғана емес, еліміздегі ежел­гі кәсіорынның бірі. Зауыттың 94 жыл тарихы бар. Кәсіпорын – Қазақ­станда сұр шойыннан жасалатын ілмекті арма­туралардың жетекші өндірушісі. Негізгі қызмет түрі – 50-200 мм диаметр­мен сыналы ысырмалар өндірісі. Кәсіп­орынның тағы бір танымал өнімі – қоспа­лы шойыннан жасалған ұнтақ шарлар. Бұл ұнтақ шарлар сынақтан сәтті өтіп, қазір­гі таңда «Михайловский ГОК» АҚ-қа ірі көлемде жеткізілуде. Зауыттың не­гі­зі шойын құю, механика жинау, болат құю цехтарынан тұрады. 

«Орал құю-механикалық зауыты» ӨК кәсіпорны 1942 жылы Усмань қала­сын­дағы құю зауытының негізінде құрылған. Зауыттың өндірістік қызметі коммуникациялар және көлік, ауыл шаруашылығы, мұнай газ саласына жабдықтар мен қосалқы бөлшектер шығаруға бағытталған. Зауыттың құю, пісіру-жинақтау, жөндеу-механикалық, термиялық, жөндеу-құрылыстық, қара және түсті металдардың қалдықтарын және сынықтарды сақтау, қайта өңдеу цехтары бар. Шойыннан, болаттан және түсті металдардан құйылатын түрлі бұйымдар өндіре алады.

«Орал механикалық зауыты» ЖШС тракторлар мен автомобиль техникасына иінді білік өндірумен аты шыққан кәсіпорын. Минск мотор зауытының қозғалтқыштарымен жұмыс жасайтын МТЗ-80…82, МТЗ-90…92, МТЗ-100…102 «Беларусь» тракторларының түрлі модификацияларына, ЗИЛ-130, ЗИЛ-5301, ГАЗ-3308, ГАЗ-3309, ГАЗ-33104 автомобильдеріне және ПАЗ-3205, ЛАЗ-695, ПАЗ-4230, ПАЗ-4234 автобустарына иінді білік өндіретін Қазақстандағы жалғыз кәсіпорын. Механикалық зауытта шығарылатын иінді біліктің 80%-дан астамы Ресей, Беларусь және басқа шетелдерге экспортқа тасымалданады.

Форумның негізгі бөлігі машина жасаушылар мен мұнай-газ өндіру­ші компаниялардың өзара пікір алмас­қан жүйелі әңгімесіне арналды. Сөйлеу­шілер өз саласында кездесетін түрлі түйінді мәселелер мен оларды шешу жолына тоқталды. Негізгі мақсат – әріп­тестікті нығайту, Қазақстанда мұнай-газ өндіруші алпауыт компаниялар жұмы­сында қазақстандық мазмұнды байыту, жергілікті компаниялар мен зауыт өнімдерін барынша пайдалану болды. Өз кезегінде мұнай-газ компаниялары өкілдері отандық зауыттардың инновация мен заманауи жаңалықтарды еркін игеріп, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнімдер шығаруға шақырды.

Форум жұмысына республикалық, халықаралық ұйымдар мен Атырау облысындағы мұнай-газ компаниялары өкілдері де арнайы келіп қатысты. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ-тың Мұнай сервисін дамыту бойын­ша департаментінің директоры Абат Нұрсейітов Елбасы тапсырмасына сәйкес индустриялық-инновациялық дамуды қолдап, форум жұмысын барынша пайдалы етуге шақырды. Ал «Advantage Kazakhstan» ЖШС бас директоры Дми­трий Родин әлемдік транс-ұлттық ком­па­нияларды Қазақстанға әкелу, әріптестікке тарту жолдарын баяндады. Ресей Федерациясы Самара облысының Кластерлік-инжиниринг орталығының жетекшісі Сергей Корнилов әріптестік байланыстарды дамытуды ұсынса, «Топан» ЖШС бас директорының орынбасары Ғайса Жұмалиев кәсіпорынның соңғы же­тіс­тіктері, Атырау, Ақтау, Астана, Алматы қалаларында және Абу-Дабиде филиалы ашылғаны туралы айтып берді. 

Форум барысында «Теңізшевройл» ЖШС және «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в» компаниясының өкілдері де мінбеге шығып, жергілікті кәсіпорындар арасындағы әріптестіктің шарттары туралы түсінік берді. Бұл жерде ең басты талап – ұсынылатын өнімнің бәсекеге қабілетті болуы екендігі айтылды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Орал 
Суреттерді түсірген Айбатыр НҰРАШ 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024