Қазақстан • 06 Қыркүйек, 2017

Жат жерде

397 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кешегі кеңестік кезеңдегі әскери газеттер мен журналдарда «ықтимал соғыс аймағы» деген сөз тіркесі болды. Бұл сол уақыттағы КСРО-ны үлгі тұтқан дамушы елдерге АҚШ-тың маза бермей түртпектеуі, оған Кеңес одағының ара түсуі сияқты әрекеттерге байланысты айтылатын. Мәскеудегі оларға, яғни, Ангола, Египет, Вьетнам, Сирияға жанашырлық танытуының бір түрі гуманитарлық көмек еді. Бірақ сол желеумен ондай жерлерге кеңес әскерінің жасырын түрде апарылғанын бертінде біліп жатырмыз ғой. Олардың арасында қазақ ұландары да болған. Соның бірі – 1962 жылы Қарағандыдан Мәскеуге міндетті әскери борышын өтеуге аттанып, 1964 жылы Кубада қаза тапқан Элс Мұхатов.

«Барлық оқиғаның мән-жайын інісі Қуаныш ақсақал біледі», – деді бізге облыстық әкімдік қызметкері Нұржан есімді жігіт. Осы бауырымыздың берген мекенжайы бойынша қала іргесіндегі Пришахтинскіге келдік. Ондағы 23-үйдегі 4-пәтердің есігін қақтық. Ақсақалмен амандасып, шаруамызды айтқаннан кейінгі әңгімеміз былайша өрбіді.

Жат жерде

– Бұл жағдай қалай болған еді ағасы?

– Ол атышулы Кариб дағда­рысына байланысты ғой,  қарағым. Кубадағы бұл оқиғаны естуің бар ма еді?

– Еміс-еміс есімде. Өйткені, он­да мен 12-дегі бала, ал мына жаным­дағы ініміздің мүлде өмір­ге келмеген кезі ғой.

– Ә, онда алдымен аз-кем сол Кариб туралы айтайын. Сонда бәрі түсінікті болмақ. Ол – адамзат баласының тарихындағы ең шиеленісті оқиғалардың бірі. Әлем сол кезде ядролық соғыс апатына тым жақын тұрды. Осы тұста АҚШ Кубаға тікелей басып кіруді көздейтін «Мангуст» деген операцияны жанталаса дайындап жатты. Ал КСРО оған жауап ретінде Бостандық аралына ядролық заряды бар кеңес ракеталарын апарып орналастыру жөнінде шешім қабылдады. Ол «Анадырь» деген ат алды. Сөйтіп, 1962 жылғы 10 шілдеде Куба жеріне интернационалист жауынгерлердің алғашқы тобы түсірілді.

«Анадырь» операциясының ерекшелігі оның төрт ай бойы өте құпия жағдайда жүргізілгенінде еді. Қарсы жақ тек 26 қазанда ғана Дж.Кеннедиге Кубада Ке­ңес одағы ракеталарының старт­тық алаңы салынып біткенін өкінішпен баяндады. Бармағын тістеген АҚШ президенті бұған жауап ретінде Америка ракеталарын Түркия аумағына апарып орналастырып, ол оқтұмсықтарды КСРО-ға қарай бағыттап қоюға бұйрық берді. Содан Хрущев пен Кеннеди он күн бойы кез келген сәтте басып қалуға дайын болу үшін саусақтарын «қызыл түймеде» ұстап отырды.

«Анадырь» операциясының барысында Кубаға 40 мыңнан астам кеңес әскери қызметкері жіберілуге тиіс болды. Соның негізінде біздің ракеташылар әр­түрлі типті кемелерге отыр­ғызылып, Бостандық аралына жөнелтіліп жатты. Құжаттар бойын­ша, барлық жүктер тек ауыл­шаруашылық жабдықтары деп белгіленіп көрсетілсе, кетіп бара жатқан әскери қызметкерлер осы саланың агроном, селекционер, зоотехник, лаборант мамандары ретінде тіркелді. Өздерін солай етіп көрсету үшін олар жолға жауынгелік форма емес, қарапайым адамдардың маусымдық киімдері – күртелер мен бешпет, плащтарды алып жүрді.

– Солардың ішінде сіздің ағаңыз Элс Мұхатов та болған ғой.

– Иә. Ол 60-шы жылдардың басында міндетті әскери борышын өтеу үшін Кеңес армиясы қатарында қызмет атқарып жүрген. Алдымен Мәскеу, сосын Эстония... Бірде үйге хат жолда­ғанында ішіне өзгешелеу фото салып жіберіпті. Онда біздің жігіттер турист сияқты киініп алған екен. Ештеңеге түсінбедік. Кеңес жауын­герлерінің, солардың ішін­де менің ағамның да Кубаға қа­рапайым мамандар деген желеумен сапар шеккендерін кейін ғана білдік қой.

Ағамнан соңғы хат 1964 жыл­ғы 16 қаңтарда келді. Ал 6 ақпан­­да біз, оның туған-туыстары: «Сіздің ұлдарыңыз өзінің интер­на­ционалдық борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапты»,  деп ата-анамызға арнап жазған ресми хабарлама алдық. Қайғылы оқиғаның қалай болғаны туралы жан-жақты мағлұмат өте кеш келді. Элс Кариб теңізі жаға­лауында болған атыс кезінде оққа ұшыпты.

Сол кездері ағамыздың денесін туған жерге әкеліп жерлеу туралы сөз қозғау тұрмақ, ауыз ашуға да болмайтын. Соны біле тұра әкей біраз әрекеттеніп көріп еді, бірақ онысынан ештеңе шықпады. Ол талай жерге хат жазды, талай табалдырықты тоздырды. Жоғары деңгейдегі қаншама адамдармен кездесті десеңізші. Тым болмаса ұлының жатқан жерін көріп қайтудың қандай жолдары бар екенін айтуды сұраумен болды. Алайда, бұл ниетінің бәрі босқа кетті. Ол есігін ашқан талай басшы: «Қайдағы Куба? Қандай соғыс?», деп оның өзін түсініксіз сұрақтармен қарсы алды.
60-шы жылдардың соңы ғой. Міне, сол кезде әскер қатарындағы қызметімді атқарып келгеннен кейін іздестіру жұмыстарына мен де қосылдым. Ал әкей ұлының мәң­гілікке дамылдап жатқан жерін бір көріп қайтуға зар болып жүріп, 1983 жылы өкінішпен өмірден озды. Бірақ оның тілегіне жете алмай кеткені мені бетімнен қайыра алған жоқ. Ұдайы ізденумен болдым.

– Сөйтіп жүргенде...

– Иә, осындай ізденіс, тынымсыз тірліктің арқасында мен Гаванада тұратын Наталья Ба­лашовадан хат алдым. Бұл 2005 жылдың жазы еді. Куба офицерінің орыс әйелі ол бұдан көп жыл бұрын «Іздеу» деген топ ұйымдастырып, оның жұмысына бұрынғы отандастары мен кубалық энтузиастарды тартқан екен. Олар Кариб дағдарысы кезінде қаза тауып, сонда жерленген кеңес жа­уынгерлерінің туған-туыс­тарын бірлесіп іздестірумен айналысатын болып шықты. Менің жазған хатыма байланысты ол ағам Элс Мұхатовтың «Кеңес жауынгерлері даңқы» мемориалында жерленгенін хабарлады. «Оның аты-жөні мәрмәр тақтаға жазылып қойылған»,  деді.

Менің жоғарыдағы жағдай­мен жылдан жылға талай табалды­рықты тоздырып, талай мекемеге барып жүргенімді көрген балаларым, жиендерім бір күні: «Кабинет жағалағаныңызды қойыңыз. Біз бәріміз жабылып, ақша жинап берейік. Сол қаржымен Кубаға барып қайтыңыз»,  деді. Бірақ мен үшін маңыздысы біріншіден жолға ақша іздеу емес еді. Содан соң ол жаққа жай турист есебінде барып-қайту да ойымда жоқ-ты. Мен Куба тарапынан ресми жауап болғанын қаладым. Се­бебі, 1962 жылы туған ағам ол жаққа жеке адам ретінде өз шаруа­сымен барған жоқ қой. Оны мемлекет жіберді. Ол сол елде ұрыс қимылдарына жай бі­реу болып қатысып, оққа ұш­қан жоқ. Солдат ретінде өзінің аза­маттық борышын өтеп, опат болды емес пе. Рас, қазір менің ағамды мұхиттың арғы бетіне аттандырған КСРО жоқ. Бірақ мен және менің туған, өскен ел, тәуелсіз мемлекетім – Қазақстан бар ғой. Мен сондықтан өзімнің азамат ретіндегі тағдырыма туған республикамның араласқанына, осы іске атсалысқанына мүдделі болдым.

Ақырында мемлекет маған облыстық әкімдік тұрғысында өз қолын созды. Оның қызметкерлері Куба Республикасының Қазақ­стандағы Төтенше және өкілет­ті елшісі Тересита Капоте Камачо­мен байланысқа шықты. «Куба өзінің бостандығы жолында қаза тапқан ерлер үшін қарыздар»,  деді ол. – Сондықтан біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз».

Кубаға барып-қайтудың дипло­матиялық мәселелері елші­лікте шешілді. Ал материал­дық шығын­ды Қарағанды облыс­тық әкімдігі өз мойнына алды. Осылай мен ара­да 44 жыл өткеннен кейін Бостандық аралына қарай ұшып шықтым.

– Мұхиттың арғы жағындағы ағаңыз мәңгілікке дамылдап жатқан жат жер... Оған барарда қандай көңіл-күйде болдыңыз? Нендей сезімді бастан кешіріп, не туралы ойладыңыз?

– Бізді ондағылар құрметті қо­нақ ретінде күтіп алды. Мен барған бойда Элстің жеке өзін білген адамдарды тауып алуға қатты құштар болдым. Сол кездегі біздің ракеташылар оқытқан ку­балық мамандар болса тіпті дұрыс деп есептедім. Өкінішке қарай, ондай бірде-бір кісіні кезіктіре алмадым. Есте тұтатын жалғыз ғана белгі Гаванаға жақын жерде орнатылған «Кеңес жауынгерлері даңқы» мемориалы ғана болды.

Ақырында ағам жерленген аллеяға аяқ бастым. Өтінішім бо­йынша, дипломаттар бір имам та­уып әкелетін болды. Осы мақсат­пен біздің елшіліктің өкілі Ирак консулдығына барып, жағдайды түсіндірді. Атап айтқанда, олар Қазақстаннан келген менің мұн­дағы ағамның бейіті басында мұсылман үрдісі бойын­ша Құ­ран оқытатын Ислам дінінің қызметшісін іздейтінін айтты. Сөйтіп, ирактықтардың тауып берген имамы мұндай рәсім кезінде орындалар жоралғының бәрін жасады. Ал мен сол үшін елден арнайы алып барған туған жердің бір уыс топырағын ағамның қабіріне септім.

Гавана мемориалында 64 ке­ңес жауынгері жерленген екен. Сөйтсем, мұнда жатқан әске­ри қыз­­меткерлердің туыстары ара­сынан келген бірінші адам мен­ бо­лыппын. Үйге келген­нен кейін ағамның қарулас жол­­­дас­тары қатарында қазаға ұшы­­раған басқа солдаттардың жақын­­дарын іздестіре бастадым. Сонда анықталғандай, Куба жерінде Элстен басқа тағы үш қазақстандық жауынгер оққа ұшыпты. Олар: Солтүстік Қа­зақ­­стан облысының Преснов ауданындағы Архангелка селосынан әскер қатарына шақырылған Николай Константинович Попов 1964 жылы қаза тапқан; ал Алматы облысының Шамалған ауылынан аттанған Құрантай Айдарұлы Әбсімбетов 1963 жылы опат бол­ған; сол сияқты Қарағанды қаласынан шақырылған Юрий Алексеевич Сидоров 1964 жылы оққа ұшқан. Бәрі де 1941 жылы туған сол уақыттағы қыршын жастар. Боздақтар. 23-24-терінде мерт болып, жат жұрт, бөтен елде көз жұмған.

Бұрын «ықтимал соғыс аймағы», қазір «құпия соғыс» делініп жүрген жабық жайдың бір мысалы міне, осындай, құрметті оқырман. Өзіміз бұған дейін 1967 жылғы Египет-Израиль соғысында КСРО әскерлері сапында жоғарыдағыдай жолмен жіберілген Әбдімүтәл Әлібек атты қандасымызды жақсы білуші едік. Ал әріптесіміз Серік Жұмабеков 80-жылдары Анголаға жасырын аттанған кеңес жауынгерлерінің қатарында Сармантай Нұрғожин деген бауырымыздың болғанын айтады. Қуанатынымыз, олардың сол қиын да қауіпті сапардан елге аман оралып, қатарымызда жүргендігі. Бұдан бөлек Вьетнамдағы, Камбоджа мен Лаостағы, Ливандағы отты нүктелер ше? Онда да біздің қандастарымыздың жүрмесіне кім кепіл. Осы мақаланы оқыған адамдар өздері білетін жоғарыдағыдай жандар болса бізге айтар, хабарласар, жазар деп ойлаймыз.
 

Жанболат АУПБАЕВ,
Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қанша ер мұғалім бар?

Қазақстан • Бүгін, 10:10

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024