07 Қыркүйек, 2017

Қоғамдық көлік және жолаушы мәдениеті

3346 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желілер Астана қа­ла­сы әкімінің бірінші орынбасары Сер­гей Хорошунның қоғамдық көлікте жүр­ген фотосуретін жарыса жариялап жатқан уақытта менің де журналистік қызығушылығым оянып, маршруттық автобустармен жүруді жөн санадым. 

Қоғамдық көлік және жолаушы мәдениеті

Елор­даның қоғамдық көліктерінің қыз­метіне жолаушылардың көңілі то­ла ма, жоқ па, соны білгім келді әрі­ жур­­налистік зерттеу жасау не­гізгі ние­­тім болды. Сонымен, бір аптаның ішін­де көзбен көргендерім мен көңілге түйгендерімді ортаға салайын.

Кейінгі уақытта Астанада қоғамдық көліктердің қызметі айтарлықтай жақ­сарған. Мұны бір емес, бірнеше адамнан естідім. Қатар отыра қалған жолаушыларды әңгімеге тартқанда, алдымен айтқаны осы. Елордада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өткізілуінің әсері болды ма, жоқ әлде, жоспарлы жұмыс па, әйтеуір Астанадағы автобустар паркі көп жаңарған. Қысылып-қымтырылып, аяғыңның ұшымен тұруға мәжбүр болатын, орындықтары олпы-солпы, есік-терезесі сықырлап, шиқылдаған ескі кө­ліктер көзге түсе қоймады. 

Таңғы сағат жеті жарым мен се­гіз­­дің арасында жұмысқа асыққан жолау­шылардың нөпірі көп болатыны байқалды. Осы уақыт аралығында автобустардың жүріс кестесін жиілете түскен абзал. Өйткені, жұмыстан қалып қоймаудың қамын ойлап, автобусқа сығылысып мініп жатқан адамдар көп. Оң және сол жағалаудағы аялдамаларда да осындай жағдай. «Таңертеңгілік және жұмыстан қайтатын мезгілде автобустардың бағыт­тар бойынша жиі қатынауын ойластырса дұрыс болар еді» деген ұсыныс айтты жолаушылар. Қала билігі осы орынды ұсынысқа құлақ асар деген ойдамыз.

Автобустардың басым бөлігі жа­ңа болғанымен, бақылау жаса­ған бір аптаның ішінде, дауыс күшейткіш арқылы аялдамаларды алдын ала хабарлау аз болды. Аялдамаға тоқтаған кезде алдын ала жазылған таспаны қосудың қандай техникалық қиындығы бар екенін түсіне алмадық. Жүргізушілердің бір-екеуінен сұрап едік, бұлтақтап, дұрыс жауап бермеді. Рас, кейбір автобуста хабарлама жасаған кезде аялдамалардың атауынан «қателесіп» жатты. «Министрліктер үйі» аялдамасына аялдаған уақытта «Оқушылар сарайы аялдамасы» деп хабарлағанын құлағымыз естіді. Ал оқушылар сарайына дейін әлі екі-үш аялдама бар болатын. Күн сайын қоғамдық көлікпен жүретін жолаушылар бұған соншалықты мән бермейтін шығар, ал қаланы жақсы білмейтін, өзіне керек аялдаманың атауын жаттап алған Астана қонақтарының осындай шатастыратын хабарламаны естігенде әбігерге түскенін байқадық. 

Автобуста әрлі-берлі жүріп, жо­лақы жинайтын кондукторлардың міндетінің бірі аялдамаларды хабарлап отыру болса керек. Бірақ олардың дауысын автобус ішіндегі жолаушылардың бәрі бірдей есітуі екіталай. Сол себепті қайталап сұрауға мәжбүр болғандарды көз көрді, құ­лақ естіді. Ең дұрысы – таспаға жазылған хабарламаны пайдалану. Аялдамаға тоқтар кезде таспаны қосса, автобустағы жолаушылар қаланың қай тұсына келгенін жан-жағына жалтақтамай-ақ анық білген болар еді. Бұл ұсақ-түйек шығар, бәлкім. Бірақ осындай ұсақ-түйектің өзіне мән беріп, кемшілікті түзеуді қарастырған жөн-ау.
Жалпы, қала билігінің қоғам­дық көлік қызметін жақсарту мақ­сатындағы қолға алған іс-шара­ларының нәтижелі екенін байқау қиын емес. Мүмкін қала әкімінен бастап оның орынбасарларының қоғамдық көлік қызметін мықтап бақылауға алға­нының әсері де бар шығар. Қалай болғанда да, бұл саланың жұмысына көптің көңілі толады десек, қателеспейтін шығармыз.

Енді жолаушылар мәдениеті туралы бірер сөз. Шамамен алғанда, автобуста 40 жолаушы болса соның 99 па-йызы телефонға шұқшиып отырады-ау. Үлкеннің де, кішінің де «тірлігі» осы. Бұрындары кітаптан бас алмайтын жолаушылар болушы еді, енді телефоннан көз алмайды. Олардың бәрі, басқа жолаушыларға кесір-зияны тимейтіндей, тек ақпарат ақтарып, хабарлама жіберіп, хабарлама қабылдап отырса жақсы-ау. Тіпті кейбір жолаушылар өз үйінде отырғандай, жан-жағындағы адамдардан қысылып-қымтырылмай, бар дауысымен айқайлап сөйлескенін естігенде, өзің ыңғайсызданасың. Құдасының жағдайын сұрай ма-ау, тойдың қалай өткенін талқылай ма-ау, немересінің тамақ ішкен-ішпегеніне алаңдай ма-ау... Әйтеуір, күнделікті күйбең тіршілік бітпейді ғой. Бірақ, автобустағылардың барлығы ести­тіндей, олардың мазасын алып, жүй­кесіне тиетіндей, айқайлап сөйлесудің қа­жеті қанша? Кейде он бес аялдамаға дейін барып жүрдім, сол аралықта жеті-сегіз адамның айқайлап сөйлескенінің куәсі болдым. Автобустың гүрілі бар, жо­лаушылардың у-шуы бар, мүмкін арғы жақтағы кісінің дауысы естілмейтін шығар, амалсыздан дауыстап сөйлесуге мәжбүр болатын шығар. Бірақ «Автобуста келе жатыр едім, сосын хабарласамын» деп бір ауыз айтса болмай ма, деймін ғой іштей. Тіпті болмағанда, сөйлесуге мүмкіндігі жоқ екенін білдіріп, телефонның арнайы тетігін басса, тіпті дұрыс емес пе? Жоқ дегенде, ауызды қолмен көлегейлеп, бас­қалар естімейтіндей, ақырын сөйлессе болмай ма?

«Жолаушы мәдениеті» дегенге де мән бергеніміз жөн шығар. Қалай ойлайсыз?

Ғалым ОМАРХАН,

«Егемен Қазақстан»