ЭКСПО-2017 • 08 Қыркүйек, 2017

ЭКСПО-2017. Франция павильоны жұмысын қорытындылады

578 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көрме барысында Франция павильоны бас аяғы 54 шара өткізген. Оның ішінде 30 шара екі ел арасындағы экономикалық байланысты нығайтуға арналса, қалған 24-і мәдени және ресми шаралар.

ЭКСПО-2017. Франция павильоны жұмысын қорытындылады

Павильон комиссары Паскаль Лороның айтуынша, Қазақстан мен Франция стратегиялық серіктестер болғандықтан, жоғары деңгейлі шараларда бір-біріне қолдау көрсету нағыз достықтың көрінісі.

«Халықаралық көрме Қазақстанмен етене танысуға үлкен мүмкіндік сыйлады. Сіздің еліңізбен, азаматтарыңызбен танысқаныма өте қуаныштымын. Біздің технологиялырымызға қызығушылық білдірген әр көрерменге айтар алғысым шексіз. Біз мәдени шаралар арқылы Монмартр қаласының бөлшегін сыйға тартқымыз келді. Менің комиссар ретіндегі негізгі міндетім екі ел арасындағы байланыстың одан әрі нығаюына ықпал ету. Өз жұмысымды үш ай ішінде толыққанды орындауға бар күшімді жұмсадым. Ұйымдастырушылар тарапынан Қазақстанға алғысымды білдіріп, Көрменің сәтті өтуімен құттықтағым келеді», деді комиссар Лоро.

Сонымен қатар, павильон комиссары бұл Көрме әлем ғалымдары мен кәсіпкерлерінің бір жерде бас қосып, энергия туралы өзекті мәселелерді талқылауына маңызды алаң болғанын ерекше атап өтті.

«1889 жылы Парижде өткен ЭКСПО көрмесінде Эйфел мұнарасы таныстырылған болатын. Сол кезде жұртшылық бұл жаңалықты құшақ жая қабылдады деп айта алмаймын. Алайда, уақыт өте келе бұл мұнара Францияның символына айналды. Болашақта «Нұр Әлем» павильоны да ЭКСПО-2017 көрмесінің ғана емес, тұтас Қазақстанның бетке ұстар ғимаратына айналатыны нық сенемін», деп Лоро мырза сөзін тәмамдады.

Ал Франция павильонының коммуникациялар директоры Малгажата Туар көрменің өткізілу деңгейіне жоғары баға беріп, шараның жемісті аяқталуымен құттықтады.

«ЭКСПО секілді шараның өткеніне өте қуаныштымын. Үш ай ішінде қызықты шаралар өткізіп, елімізді таныстырдық. Өткен аптада Астана қаласының «Оқушылар сарайынан» ұсыныс келіп түсті. Олар павильонда орналасқан кейбір инсталляцияларды өз ғимараттарына орналастырғысы келеді екен. Бұл инновацияларымыздың жұртқа пайдасының айғағы. Көрменің мақсаты да сол емес пе, елдер арасында тәжірибе алмасу», деді Малгажата Туар.

Франция павильонын 3 ай ішінде 600 мыңға жуық келушілер тамашалаған. Сонымен қатар, павильон Exhibitor Magazine халықаралық журналының «Редакция таңдауы» марапатына ие болды.

Осы жетістіктермен шектелмей, Франция павильоны 6 қыркүйекте ресми қабылдау ұйымдастырып, 2025 жылғы дүниежүзілік көрмені өткізуге Франция кандидатурасын ұсынды.

Айгүл ШЕРНИЯЗ,
«Егемен Қазақстан»