«Биыл компанияның ірге қалағанына жиырма жыл толды. Бүгінде «Қазақстан темір жолы» АҚ барлық көліктің инфрақұрылымы мен қызмет түрлерін шоғырландырған ұлттық көлік операторы деңгейіне көтерілген», деген вице-президент саладағы және жолаушылар тасымалындағы серпінді жаңғырулар туралы баяндады. Оның айтуынша, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бірегей тәртіппен және ел өңірлерін ықпалдастыру арқылы жүзеге асуда. Компанияда жүрдек жолаушылар пойызы қозғалысын дамыту бағдарламасы жасалып, іргелі істер қолға алынуда.
«Қазіргі таңда Қазақстанның барлық ірі қалалары отандық өндірістен шыққан «Тұлпар-Тальго» жолаушылар вагондарынан жасақталған 15 жүрдек жолаушылар пойызы бағдары желісімен қамтылған. Ол арқылы пойыздардың жол жүру мерзімі 1,5-2 есеге дейін қысқарды. Былтырдан бері «Тұлпар-Тальго» өндірісінде жаңа да жайлы, кең қорапты вагондар құрастырылуда. 2022 жылға дейін 21 жылжымалы құрамды алмастыру жоспарда бар», деді А.Сұлтанов. Оның сөзіне қарағанда, «Цифрлы темір жол» жобасы аясында жолаушылар тасымалдау қызметін цифрлы жүйеге көшіру бойынша ауқымды шаруалар атқарылуда.
Бүгінде ұлттық тасымалдаушы компания 120 бағдарға қызмет көрсетіп, жылына 20 миллионнан астам жолаушы тасымалдайды. Биылғы жарты жылда 10 миллиондай адам «Қазақстан темір жолының» қызметіне жүгінген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда екі пайызға жоғары көрінеді. «Тұлпар-Тальго» пойыздарымен 1 миллион 200 мың жолаушы жүріпті. Ал бұл – былтырғы есепті мерзімнің нәтижесінен 30 пайызға көп.
Шара барысында ТМД Темір жол көлігі кеңесі дирекциясының төрағасы П.Кучеренконың, «Жолаушылар тасымалы» АҚ президенті Н.Қилыбайдың, «Ресей темір жолы» ААҚ жолаушылар тасымалдау жөніндегі директоры Д.Пеговтың, Федералдық жолаушылар тасымалдау компаниясының бас директоры П.Ивановтың, Беларусь темір жолы жолаушыларға қызмет көрсету басқармасының бастығы А.Захаревичтің және «Литва темір жолдары» АҚ директорының орынбасары Э.Лазеускастың баяндамалары тыңдалды. Қатысушылар еларалық бағдардағы жолаушылар тасымалын әрі қарай дамытудағы қызмет сапасы мен тиімділігін жетілдіру, вагондардың жайлылығын жақсарту, салаға жаңа технологияны енгізу, нарықты мемлекеттік реттеу барысы төңірегіндегі мәселелерді талқылады.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»