Алматыдағы Ұлттық кітапханада Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғырудың бір кепілі − көне кітаптар» тақырыбында кітаптар көрмесі ашылды. Көрмеде мұражай қоры жинағындағы ХІХ-ХХ ғасыларға тән бірегей кітаптар мен қолжазбалар экспозицияланып, көпшілікке осы жәдігерлер туралы мәлімет беретін деректер қамтылған.
Ежелгі заманнан-ақ қалаларында ғылым мен мәдениет, сауда және өндіріс, далаларында егін мен мал шаруашылығы қатар дамыған Ұлы Жібек жолы бойындағы құтты мекен – Отырар алқабын өңір тарихын өткен ғасырдан бастап зерттеп жүрген археологтардың астанасы десек артық айтпаспыз. Бүгінде 24000-нан астам заттай жәдігер мен көне жазба ескерткіштер топтамаларын сақтап отырған Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы қоры Отырар өлкесінің тарихи ескерткіштерін қорғау, жәдігерлерді сақтау, насихаттау бағытында көп жұмыс атқарып отырғанын айта кету керек.
Отырар қорық-мұражайы қорының бастамасымен, қор қамқорлығындағы жәдігерлерді насихаттап, таныстыру мақсатында ұйымдастырылған аталмыш көрмеде жазба ескерткіштер қорындағы құнды баспа жәдігерлері мен қолжазбалар көпшілік назарына ұсынылып отыр.
Мира БАЙБЕК,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ