Хоккей • 09 Қыркүйек, 2017

«Барыс» Ригада «Динамоны» ірі есеппен ұтты

41 реткөрсетілді

Астананың «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті ойынын Ригада жергілікті «Динамо» командасымен өткізіп, 6:0 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат»

«Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, бұл кездесуде Евгений Корешковтың шәкірттері айдын иелерінен барлық сәттерде шеберліктерінің басым екендігін таныта білді. Алдымен 6-минутта канадалық Линден Вей мен Кевин Даллмэннің көмегімен команда капитаны Найджел Доус есеп ашты. Содан кейін 14-минутта тағы да Л.Вейдің пасынан кейін шабуылға қосылған қорғаушы, канадалық Даррен Диц мергендік танытты.

Ойынның екінші кезеңінде астаналықтар қарқынды тіпті күшейтті. Әуелі Мартин Сен-Пьер мен Никита Михайлистің пасын пайдаланған Константин Пушкарев қақпа саңылауын дәл көздеді. 30-минутта сан басымдылығы кезінде Роман Савченко есепті 4:0-ге жеткізді.

Бұдан кейін «Динамо» қақпашысын ауыстыруға мәжбүр болды. Бірақ Джастин Петерстің орнына шыққан Янис Калниньш та өз қақпасын аман сақтап қала алмады. 32-минутта тағы бір канадалық Мэттью Фрэттин мен Л.Вейдің пасынан кейін Н.Доус осы матчтағы екінші голын соқты. Сөйтіп команда капитаны биылғы чемпионаттағы гол санын 10-ға жеткізді. Ал 39-минутта осы ойында-ақ үш мәрте нәтижелі пас берген Л.Вейдің өзі жаңа маусымдағы алғашқы шайбасын салды.

Үшінші кезең қарсыластардың алма-кезек шабуылымен өтті. Ұрымтал сәттердің бірінде Нұрсұлтан Белгібаевтың қауіпті соққысын Я.Калниньш өз қақпасына дарытқан жоқ. Ақыры есеп өзгермей, кездесу 6:0 есебімен астаналықтардың пайдасына аяқталды.

Матч барысында «Барыстың» ойыншылары барынша тәртіп бұзбай, жинақы ойнады, оған қоса швециялық қақпашы Хенрик Карллсон да өз шеберлігін көрсете білді.

Осы кездесуден кейін 16 ұпай жинаған астаналықтар Шығыс конференциясында көш бастаса, ҚХЛ-дың жалпы кестесінде үшінші орында келеді. «Барыс» келесі ойынын 10 қыркүйек күні Подольскіде «Витязь» командасымен өткізеді. Содан кейін елордалықтар өз айдынына оралады.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар