Қала әкімдігі мен «Қазцинк» компаниясы бірлесе ұйымдастырған сайыстың бір ерекшелігі, қатысушылардың жасына шектеу қойылған жоқ. Олар үш топқа (14 жастан асқан оқушылар, студенттер және ересектер) бөлініп жарыстың көрігін қыздырды. Шайтан арба мінген шаһар тұрғындары қаланың негізгі көшелерімен үш айналым жасап, өздерінің шеберліктерін байқап көрді.
«Мен қалада өтетін вело бәйгелердің барлығына қатысып келемін. Қазіргі уақытта Өскеменде спорт саласына ерекше көңіл бөлініп жатқаны қуантады. Бұл жарысқа облыс орталығынан бөлек Риддер қаласының тұрғындары да қатысып жатыр екен. Осындай спорттық шаралардың жиірек өтіп тұрғаны жақсы», - дейді велобәйгеге қатысушылардың бірі Алексей Овчинников.
Шара соңында үздік шыққан оқушылар мен студенттерге сыйлық ретінде ұялы телефондар мен ноутбуктер, ал ересектерге телевизорлар табыс етілді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН