Астана қаласында 130-дан астам ресми қатысушыны біріктірген ЭКСПО-2017 көрмесі үкіметтер мен азаматтар арасында «Болашақ энергиясы» тақырыбында жаһандық диалогқа бастау берді. Бұл туралы Халықаралық көрмелер бюросының арнайы күні барысында ХКБ бас хатшысының орынбасары Димитрий Керкентзес айтты. Ол өз сөзінде халықаралық маңызды шараны табысты өткізуге көмек көрсеткендерге, сондай-ақ көрме қонақтарына алғыс білдірді.
«ЭКСПО-2017 көрмелер тарихында асыл мұра қалдырады. Оған келушілер ағымдағы жылдың жаз айларында әсерлі сәулет ғимараттары мен құрылыстарды тамашалады. Халықаралық көрмелер бюросы алдағы мамандандырылған көрмелерге ЭКСПО-2017 көрмесін үлгі тұтады. Сондықтан осы жиынды ұйымдастырушыларға ризашылығымызды жеткізгіміз келеді. Көрменің сәтті өткізілуі – адал еңбектің нәтижесі», деді Димитрий Керкентзес.
Салтанатты жиында «Астана ЭКСПО-2017» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов халықаралық шараға 115 мемлекет пен 22 ұйым қатысқанын еске салды. Көрменің үш ай жұмысы аралығында 40 мемлекет басшысы, 9 үкімет басшысы, 72 сыртқы істер министрі арнайы ресми сапармен келген. А.Есімов жобаның барлық серіктестеріне ЭКСПО-2017 көрмесінің дайындығына және оның табысты өтуіне қосқан үлестері үшін алғыс білдірді. «Бұл ауқымды жоба ел экономикасына оң әсерін тигізді және шамамен 50 000 жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Көрмелердің тәжірибелеріне жасалған жете талдау барысында аталған жобалар мұраларының маңызы зор екендігін байқадық. Қазіргі кезде ЭКСПО-дан кейінгі кезеңнің бағдарламасы аяқталуға жақын. Көрменің әрбір шаршы метрін алдағы уақытта мақсатты қолдану жөнінде нақты жоспар бекітілген. Ең бастысы, 4 миллион көрме қонағы ұмытылмас әсер алды. Халықаралық павильондарға келушілердің саны 30 миллионды құрады және аталған көрсеткіш үшін қатысушы мемлекеттер ұсынған қызықты контентке рахмет айтамын», - деді басқарма төрағасы.
ХКБ арнайы күнінің мәдени бағдарламасы аясында Астана, Қытай және Біріккен Араб Әмірлігінің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.
Асхат РАҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»