«Биік жота-жондардың теріскей беткейлерінде және олардың арасын бөліп жататын шатқалдарда иін тірескен алмалы тоғайлар өсуші еді, – деп жазады ол. – Бірақ қазіргі уақытта бұл тоғайларды адам аяғы таптап, сиретіп жіберген; олар осынау өлкенің оннан бір бөлігін ғана алып жатыр, бірақ осы тұрысының өзінен-ақ Алматы табиғатының көркі әрі мақтанышы екендігін айтпай-ақ түсінуге болады. Шындығында, тау бөктері көктемде керемет құлпырып, жап-жасыл беткейлердегі гүлдеген алма ағаштарының аппақ гүлдері көздің жауын алады, ал енді, олардың арасындағы қып-қызыл өрік ағаштары бума-бума раушан гүлдеріне ұқсайды. Күзге таман мұнда алма жинау мен сұрыптау науқаны басталады да, жеміс-жидек дайындайтын ұйымдар қостарын тура тоғайдың ішіне әкеліп тігеді. Алма, қара өрік салған қаптарын арқалап әрлі-берлі ағылған жұрт, жеміс турайтын аспаптардың сартылдаған дауысы, күнге кептіру үшін жайған сөре-сөре қақтар, тоспа қайнатқан қазандардан шыққан бу – әйтеуір, абыр-сабыр тіршілік. Күн сайын, әсіресе демалыс күндері бүкіл қаланың жұрты тайлы-таяғы қалмай тоғайға шұбырып, мыңдаған пұт алманы арқалап, арбалап тасиды. Түнге қарай тоғай ішінде жанып жатқан отты көресіз, тарсылдап отын шапқан балтаның дауысын естисіз. Бірте-бірте қара күздің ызғарлы, суық күндері басталады да, тоғайдағы қызу тіршілік сап тыйылады...».
Иә, бір кездері солай болған. М.Г.Попов мырза Алматының 39-40-жылдардағы көрінісін айтып отыр.
Жалпы, өткен ғасырдағы ғылыми-зерттеу экспедицияларының жұмыстарында 1960 жылы Іле, Жоңғар Алатауларының бөктеріндегі жабайы алмалар өсетін тоғайлардың көлемі 11000 га болғандығы анық көрсетіліп келген. Бұл дегеніңіз, нағыз орман ғой.
Қазақстанда өсетін жабайы жеміс-жидектерді мұқият зерттеумен айналысқан тағы да бір ғалым – С.С.Калмыков 1956 жылы: «Бостандық ауданының жерінде өсетін жабайы алмалардың пісіп-жетілгені сондай, кейбір зерттеушілер оларды жабайы алмалар емес, жабайыланып кеткен алмалар болар деп топшылайды», деген екен. Бұл да бір қызық дерек.
60-жылдардың ішінде Іле, Жоңғар Алатауларындағы тоғайларды тыңғылықты түрде зерттеген ғалым А.Жанғалиевтің экспедициясы жемісі мол, аналық қасиеті жоғары жабайы алмалар өсетін 15 учаскені анықтап, картаға түсірген. Олар осы сапарда орташа салмағы 239 г келетін, түрі де, түсі де Алматының атақты апортынан аумайтын таңғажайып жабайы алмаға кез болған. Сөйтіп, бұл оқиға бау-бақша өнімдерін зерттейтін ғалымдардың арасында ертеден айтылып жүрген бір қызық жайтқа қайтадан жан бітіргендей көрінген. Себебі, олар: «Жетісудың атақты апорты Сиверс және Недзвецкий жабайы алмаларының табиғи тұқымдық шағылысуынан пайда болған», деуші еді. Ал мынау таңғажайып алма соның айқын дәлелі болып шыққандай.
«Осы болжамның негізі бар екендігіне күмән келтірмейтін ғалымдардың бірі – менмін, – деген-ді біраз жылдан бері «Қайдасың, Алматы апорты?» деп дабыл қағып жүрген танымал ғалым Мағжан Иса. – Себебі, апортқа тек жабайы алма ғана телітуші бола алады. Бірақ, оның ішінде де кейбір түрлері ғана. Ең жақсысы – Недзвецкий жабайы алмасы мен Сиверс алмасының кейбір түрлері. Бұл күнде апорт тұқымының азып кетуінің басты себептерінің бірі – оны тозаңдандыратын жабайы алмаларға жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбеуі болып табылады. Бұрынғы кезде алма бақтардың сыртында олардың бірнеше түрі өсетін. Тіпті бақтың ішіне арнайы егілген Недзвецкий алмасының аллеялары болушы еді. Көктемде олардың қызылды-жасылды гүлдері баққа ерекше сән беріп, әрі хош иісті апорттарды тозаңдандырып тұратын».
Әрине, диқаншылықтан хабары бар кісі тозаңдандырудың не екенін жақсы білетіндігіне күмән жоқ. Демек, апорт гүлдегенде жабайы алма ағаштардың гүлінен ұшқан тозаң соларға барып қонады да, табиғи тозаңдану үрдісі басталады ғой. Және соның нәтижесінде апортқа тән керемет хош иіс пайда болады деген пікірдің жаны бар сияқты.
Ендеше, алқызыл апорттың таңғажайып иісі болашақта тағы да тау бөктерінен есуі мүмкін-ау деген арман ұялайды көңілге..
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»