Шара әдеттегідей, есігін айқара ашып, келушілерді қабылдап, шеру өтті. Көрменің алғашқы күндері келушілер саны 20-30 мыңның шамасында болса, соңғы тәуліктерде бұл көрсеткіш бес есеге дейін көбейіп, жүз мыңнан асып жығылды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесінің жабылу рәсіміне қатысты. Елбасы жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Астана мен еліміздің барлық өңірлері күш жұмылдырғанының арқасында ЭКСПО-2017 көрмесі табысты өткенін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев көрменің Қазақстан экономикасын дамытуға мультипликативтік тұрғыдан оң әсер еткенін ерекше атап өтті.
– Шағын және орта бизнестегі 1400-ден астам кәсіпорын құны 640 миллиард теңге болатын тауарларды жеткізуге және қызмет көрсетуге тапсырыс алды. Туристік сектор жандана түсті. Туроператорлардың қызметіне деген сұраныс 1,8 есе артты. Астанада кәсіпкерлік субъектілерінің саны 10 пайыздан аса көбейді. Елорда бюджетіне қызмет көрсету саласынан түскен салық 1,2 есе өсті. Қазақстанның астанасы бүкіл әлемнің назарын өзіне аударды, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы көрме аясында өткен мәдени және халықаралық шараларға тоқталды.
– Күн сайын елордамыз төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен жеткен түрлі мәдениеттің әуені мен нақышына бөленіп тұрды. Бүгінгі салтанатты рәсім Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммитімен тұспа-тұс келіп отыр. Онда ислам әлеміндегі ғылыми-техникалық дамудың маңызды мәселелері талқылануда. Жалпы, ЭКСПО аясында 6 мыңнан астам түрлі іс-шара өткізілді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті еліміздің Еуразия өңіріндегі қауіпсіз әрі қарқынды дамып келе жатқан мемлекет ретіндегі оң имиджін нығайта түскенін атап өтті.
Мемлекет басшысы «Болашақтың энергиясы» аясында озық идеялар мен технологиялардың дамуына түрткі болған және әлемде ғылымның өзара ықпалдастығын нығайтуға септігін тигізген көрменің бірқатар жағымды аспектілеріне тоқталды.
– ЭКСПО бүкіл әлемнің интеллектуалдық және технологиялық әлеуетін көрсетуге зор мүмкіндік берді. Мұнда жаңартылатын энергия көздері саласындағы 140-қа жуық ғылыми жаңалық көпшілік назарына ұсынылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті ЭКСПО аясында қазіргі заманғы энергетикалық саясаттың басымдықтары жөнінде жаһандық диалог ұйымдастырылғанын және энергетика мен экология саласындағы заманауи проблемаларды шешуге арналған ұсынымдар әзірленгенін атап өтті.
– ЭКСПО көрмесін өткізу арқылы біздің ел «жасыл» технологияларды дамыту идеясына берік екенін тағы да дәлелдей түсті. Жалпы, біздің көрме «таза энергетиканы» жаһандық деңгейде дамытуға айрықша үлес қосатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО инфрақұрылымын көрмеден кейін пайдалану жоспары жөнінде ой бөлісті.
– «Нұр Әлем» және көрме тақырыбы көрініс тапқан басқа да бірқатар павильондар «ЭКСПО мұрасы» ретінде сақталады. Көрменің аяқталуы бірнеше ауқымды жаңа жобаларды бастауға мүмкіндік береді. Ең алдымен, мұнда «Астана» халықаралық қаржы орталығы орналасады. Ол қаржы хабына, инвестиция тартатын орталыққа айналып, халықаралық қаржы жүйесінде лайықты орынға ие болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы «жасыл» технологиялар мен инвестицияларды дамыту жөніндегі халықаралық орталықты және ІТ-стартаптар халықаралық технопаркін құруға арналған жобаларға тоқталды.
– ЭКСПО көрме кешені толығымен инновациялық және орнықты дамудың мақсаттарына одан әрі қызмет ететін болады. Баршаңызды жаңа орталықтардың жұмысына белсенді атсалысуға шақырамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Қазақстан Президенті көрмені өткізуге үлес қосқандардың бәріне алғыс айтып, келген қонақтарға ерекше ризашылығын білдірді.
– Осымен халықаралық ЭКСПО-2017 мамандандырылған көрмесін жабық деп жариялаймын! Оның идеясының толығымен жүзеге асуына қолдау көрсеткен Қазақстан халқына ризашылығымды білдіремін. Көрменің сәтті өтуіне мыңдаған адам атсалысып, еңбек етті. Баршаңызға Қазақ жеріндегі айтулы шараға белсене қатысқандарыңыз үшін алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.
ЭКСПО-ның жабылу салтанаты кешен аумағындағы амфитеатрда ұйымдастырылды. Онда алдымен DJ Timofei мен Нұрберген Махамбетов сынды эстрада әншілері, «Americano», «Holliwood» қатарлы топтар меймандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Содан кейін сахнадағы алып экрандардан ЭКСПО көрмелерінің тарихы көрсетілді.
Онда адамзат баласының жеткен жетістіктері, атап айтқанда, автокөліктен бастап, қолымыздағы смартфондарға дейінгі үздік технологиялардың тарихынан сыр шертілді. Ұйымдастырушылар жас ұрпақтың буыны ретінде баланы соңғы технологиялармен безендірілген сахнаға шығарып, жас буынның көзімен келешектен хабар береді. Көркем қойылымда күн және жел күшімен бірге, су астындағы балдырлардан да энергия өндірудің технологиясы айшықталған. Сондай-ақ, ХХІ ғасырдың креативті жобасы – болашақтың вакуумды пойызының жобасы таныстырылды. Сағатына 1300 шақырыммен жүретін келешек көлігінің жобасының авторы – атақты америкалық өнертапқыш Илон Маск. Пойыздың сынағы АҚШ-та өткізілген. Қазіргі уақытта оны іске асыру жобасы қолға алынуда. Бұл пойыз болашақта Алматы мен Астана аралығын 45 минутта жүріп өтеді.
Шарада әр адамның қадамынан, өсімдіктерден өндірілетін энергияның жобалары таныстырылды. Ұйымдастырушылар қойылым арқылы қарапайым гүлдің смартфонды қуаттай алатынын көрсеткен. Демек, қоршаған орта да энергияның көзіне айналады. Терезедегі гүл үйдің көркіне айналып қана қоймай, шаңыраққа жарық бере алады. Экологиялық таза энергиялар қоршаған орта арқылы арнайы қоймаға жиналып, халыққа қызмет етпек.
Шара барысында ұйымдастырылған мультимедиалық маңызды сандар көпшілік назарына ұсынылды. Айталық, көрме өткізілген 3 ай уақытта 33 мың әртіс Астанада өнер көрсетіп, көрмеге 180 елдің меймандары келіп қайтқан. 4,5 мың ерікті еңбек етіп, қонақтар 100 млн фотосурет түсірген. Көрме аумағында 88 ұсыныс жасалып, жас отбасылар жаңа өмір бастаған. Өз кезегінде ғалымдар 153 өнер туындысын таныстырған.
Салтанатты жиында Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес бейнетаспа арқылы құттықтады. Ол осы тарихи шараға қатыса алмағанына өкінішін білдіріп, шараның ұйымдастырылуын жоғары бағалады. «Жаңғырмалы энергияны ілгерілету – тұрақты әлеуметтік дамуға бағытталған қиын шаруа. Десе де, баламалы қуат көздерін табу, қолдану, оны тарату ХХІ ғасырдың міндеті болып саналады. Ал Астанада мәресіне жеткен ЭКСПО көрмесі техникалық және технологиялық жетістіктерге жетті, сондай-ақ оған қатысушы мемлекеттердің мәдениетін, тарихын көрсетті. Қазақстан бұл ретте үлкен жауапты миссияны атқарып, лайықты деңгейде өткізіп шықты», деді бас хатшы.
Висенте Лоссерталес бұл шарада әлемнің барлық мемлекеті өздерінің технологиялық, ғылыми жетістіктерін көрсеткенін айтты. Оның айтуынша, барлық құрлықтың 178 елінен миллиондаған адам қатысты мұнда. ЭКСПО-ны өткізу арқылы Қазақ елі, Астана халықаралық шараны ұйымдастыра алатын іргелі мемлекет екенін аңғартты. Үш мыңнан аса тақырыптық, мәдени, ағарту шаралары ұйымдастырылып, көрменің салмағын биіктетті. ЭКСПО тарихында Астанадағы тарихи шара өз орнын айшықтады.
Алқалы жиында «Астана-ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Халықаралық көрмелер бюросының туын бюро президенті Стин Кристенсенге салтанатты жағдайда табыстады. Рәсім барысында ХКБ әнұраны орындалды.
Мерекелік жабылу салтанаты айрықша отшашумен, «Музарт» тобының, Майра Мұхамедқызы, Жәмилә Серкебаева, Лада Қысықова қатарлы эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концертпен жалғасты. Көрменің соңғы есігі жабылған таңғы 2.30-ға дейін халықаралық павильондар өздерінің концерттік бағдарламаларын ұсынды.
Асхат РАЙҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Ерлан Омар,
«Егемен Қазақстан»