12 Қыркүйек, 2017

Мәнсіз баю бір бөлек...

2130 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қай кезде де сананы тұрмыс би­лей­­­тіні Ай туғандай ақиқат. Ән­нің өзі де нан болғанда керек екенін сана­­мыз­ға  құйып өскен ұрпақпыз. Алайда бүгінгінің баласы өлместің күні мен адамша өмір сүрудің ара­жігін ажырата бастады десек те, осы арада айырып алар бір түсінік бар. 

Мәнсіз баю бір бөлек...

Бұрынғы саясаттың салқыны – әлі де баю мен дәулетті болуға адал жолмен ұмтылу ұғымын шатастырамыз. Бұл міндетті түрде әлеуметтік сананың алға жылжуына кедергісін келтіреді.

Айтқандай, бірде нағыз нартәуе­кел­мен туризмге, жылжымайтын мү­­­лік­ке қатысты бизнестің бар­лық қиын­шылықтарынан өтіп, тұр­мыс­­тарын түзеген заңгер жолдас­тарымыздың үйіне барсақ, көңіл күй­лері жоқ. Әң­гімені досымыздың әйелі бастады. Үлкен үй салып жат­­қан. Талғаммен тұрғызылып жат­қан ша­ңырақтары шы­нында да кісі қы­зығатындай еді. Ауылдан аға­йын­да­ры қыдырып келіпті. Үйдің іші құ­рылыстың шаңынан әлі құтыл­ма­ғандықтан күтушілеріне алдымен да­ла­дағы сәкіге дастарқан жайғы­зады. Дастарқан жасап жүрген қыз қонақ­тардың әңгімесін құлағы шалады ғой.

– Адал ақшаға мұндай үй салу мүм­кін емес, – деп мұрындарын шүйі­ріп отырған туысқандардың сө­зі үй иелерінің де құлағына жетеді. Мұ­нан кейін қазанға салынған етті зал­да береміз деп отырған олар қонақ­жайлық ниеттен кілт айнып, келген адам­дарды даладан күтіп жіберіп, осыған налып отыр екен.

Бар болсаң көре алмайтын, жоқ бол­саң бере алмайтын ағайынға бұл сөзді айтқызып отырған да сол баяғы те­ріс түсінік. Өкініштісі де осы, біз­дің қоғамда адал жолмен баюға болады дегенге сенімнің  аздығы... Дос­тарымыздың осы бақуатты күнге жетуі үшін бірде аш, бірде тоқ болғанын, банктен көп несие алып, оны қайтару үшін жылдар бойы жұмыс істегенін, тағысын-тағыларды тізе берудің өзі артық. Ойластырылған ақылмен дәу­летке ие болды. Ешкімнің наласына қалмай-ақ, ақысын жемей қа­тар­ға қосылды. Одан бері де біраз жыл өтті. Сол зәулім үй сатылып, ен­ді олар еш­кімге салық салмай-ақ, қа­рыз ал­май-ақ балаларын әлемнің ең таң­даулы университеттерінде оқытып, басқа да армандарын жүзеге асырып отыр.

Дәулет не үшін керек? Осы үшін емес пе?! Барлық адам материалдық игі­лікке ұмтылады, онсыз өмірдің мәні де жоқ. Алайда тек баю үшін ғана баю – Си­зифтің еңбегі сияқты қызықсыз, еш кеткен болар еді.

Дәулетқұрушылық деген сөздің ­өзі біз­дің дүниетанымға негізделіп алын­ған капитализм дегеннің қазақша тәржімасы ғана. Бір кәсіпті дөңгелетіп, жекеменшік иесі ретінде жылжымайтын мүліктер иесі болып, оны экономикалық айналымға енгізу баяғының лордтары мен графтарындай әлеуметтік мәртебені ұстап тұру үшін де керек.

Дегенмен, саналы адам құр баюдың еш мағынасы жоқ, күйбең тірлік екенін түйсіне алады. Дәулетқұрушылық дү­ние­танымының философиялық мәні осы­ған келіп тіреледі. Белгілі бір биік идеялар үшін баю ғана түбінде сол іске мағына береді, жаңа сапаға алып шығады.

Мәселен, М.Вебердің «Протестант­ская этика и дух капитализма» деген 1905 жылғы еңбегінде ортағасырлық діни сенімі күшті адамдар құдай ал­дында күнәсі кешіріледі-міс деген идеяға сеніп неғұрлым адал ең­бек­пен бай болуға ұмтылды. Нәти­же­сінде адал еңбек сапалы өнім­нің өнді­рілуіне апарып, сапаға не­гіз­дел­ген бә­се­ке институтын қалып­тастырды. Сондықтан, осы күні де, секуля­ри­за­цияның қайнауынан бір өткен неміс хал­қы, діни сана кетсе де, әдет қалмай, сапалы өнімді өндіріп келеді. Қай ұлт «Мерседесті» немістер сияқты жасай алады?

Қазақта: «Бай болайын десе құдайы қаламайды, батыр болайын десе жүре­гі дауаламайды» деген сөз бар. Бұл бір жағынан біздің болмысымыз бен түсі­нігімізде байлықты құдайдың бер­гені, жарылқағаны, оның міндетті түр­де Құдай ісінен алшақтамай жаратылуы талап етіледі. Осындай мәдени һәм жазылмаған императив дәулетті адамдарға мешіт салдыртып отыр.

Ал Батыста бай адам қо­ғам ал­дында өзін міндетті, айыпты сезін­бейді. Бізде екінші бір ықпалды та­мыр-таныс, туысқанның есебінсіз баю мүмкін емес деген таптаурындықтың өзі де бекер қалыптасқан жоқ...

Бірақ замана әбден өзгерді. Бұл мә­селеде атажұртқа оралып жатқан қан­дастарымыздың көзқарасы да, тірлігі де көш ілгері. Көпшілігі ешкімге жал­тақ­тамай, алақан жаймай, қолынан келе­тін кәсіпті жүргізіп отыр.

Не десек те, дәулетқұрушылық мі­нез­дің түбі нәтижелі еңбек ету мәде­ние­тіне алып келеді. Ұл-қызды есі кір­геннен бастап осыған дағдыландыру  тү­бінде өз дәнін береді.

Әйтпесе жұрттың жалған қошеметі үшін қайырсыз баю немесе бай болып көрінуге ұмтылу кімді ұшпаққа шығарыпты?!.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»