Аймақтар • 20 Қыркүйек, 2017

СҚО: Ауылдық округтердің әлеуеті

598 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Аймақ басшысы Құмар Ақсақа­лов­тың бұл жолғы жұмыс сапары ауыл­дық округтерден басталып, алды­мен Мамлют ауданы Дубровное елді мекеніне ат ба­сын тіреді. Мұнда орталықтың көр­кей­тілуімен, фельдшерлік-акушерлік қо­сы­нның дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілуімен танысты. 

СҚО: Ауылдық округтердің әлеуеті

– Елбасы «Қазақстанның үшінші жаң­ғыруы: жаһандық бәсекеге қабілет­ті­лік» Жолдауында ел дамуының басым ба­ғыттары ішінде аграрлық секторды эко­номиканың жаңа драйверіне айналдыру міндетін қойды. Бұл қағидаттың сіз­дерге тікелей қатысы бар. Жергілікті жерлердегі өзгерістерді көп жағдайда ауыл­дық округ әкімдерінің белсенді әре­­кеттері мен ұйымдастырушылық қа­­рым-қабілеттері айқындайды, – деді ұжым­­мен кездесуде Құмар Іргебайұлы.

Актив жиынында ауылдық округтің әкімі Галина Швецованың есебі тың­дал­ды. Округте 4 елді мекен, 540 үй, 1653 тұрғын бар. Нәтижелі жұмыспен қам­ту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына 46 адам қатысқан. 984 адам еңбекке жарамды болса, 538-і ғана жалдамалы жұмысшылар санатында. Баяндамашы тұрғындардың өмір сапасын көтеру, кедейшілік деңгейін төмендету мәселелерін қозғаудың орнына тек жеткен жетістіктерді санамалаумен ғана шектелді. Жайылымдар мен мал азығы жетіспеушілігінен қосалқы шаруашылықтарда ірі қара малының азайғаны байқалады. Адамдардың егіншіліктен алатын пайлары мардымсыз. Бірде-бір кәсіпорын өңдеу ісімен ай­налыспайды. Бір шаруашылық қана ақ­­тылы қой өргізеді. 446 адам қол қу­сы­рып, жұмыссыз отыр. Ақпаратты тың­да­ған өңір басшысы атқарушы органның жұ­мысын сынға алды. Мен кездесуде ал­дағы жоспарлар, тұрғындардың кірісі қан­дай резерв көздері есебінен қаншаға ұл­ғая­тыны, кәсіпкерлермен қоян-қолтық жұ­мыс істеу жайлы келелі әңгіме күткен едім. Сөз алған шаруашылықтың екі бас­­­шысы тарапынан ауылдастарының тұр­­­­мыс-тіршілігін жақсарту, жерді ти­ім­­­ді пайдалану, астық өндірісін әр­та­рап­тан­­дыру жайлы ұсыныстар айтылмады. Нақ­т­ы істерге терең бойлаудан гөрі жал­пы­­­лама цифрлар, құрғақ баяндаулар басым, қолға алынған әр істің нәтижесі бо­лу керек, дей келіп, Қ.Ақсақалов жұмыс­пен қамту, табысты ұлғайту, жалақыны арт­­­тыру шараларына барлық әлеуеттік күш­­­ті жұмылдыру міндетін жүктеді.

Аймақ басшысы интернатқа соғып, осында жатып оқитын тәрбие­лену­ші­лер­дің хал-жағдайын сұрастырды. Олардың ком­­пьютерлер мен жиһаздарға мұқтаж еке­­нін біліп, шешіп беруге уәде етті.

Ленин ауылдық оругінде де шетін проб­­лемалар жетіп артылады. Үш елді ме­­кеннің біреуі тарап, екін­шісі құл­ды­ра­удың аз-ақ алдында тұр. Был­тыр бұл ок­­руг­тен 180 адам кө­шіп кетіпті. Күнгей жақ­­тардан 15 от­ба­сы қоныс аударғанмен, олар­­ға жер телімдерін берудің жан-жақ­ты мүмкіндіктері тудырылмаған. Кә­сіпкерлікті дамыту жобасына 8 адам ға­­на тартылған. Қ.Ақсақалов аудан әкі­­­мі­не сең соққан балықша сендетіліп жүр­­­­ген жұмыссыздарды жұмысқа ор­на­­­­ла­стыруға ықпал жасау, бұған аг­раршы­­ларды жұмылдыру қажеттігін ескер­тіп, бау-бақшалықпен айналысуға кеңес берді. 

Ал 2,5 мың адам тұратын Ново­ми­хайлов ауылдық округінде көрініс бө­лек, жағдай басқаша. Еңбеккерлердің орта­ша жалақысы 93 мың теңгені құрайды. Бес агроқұрылым мен жеті же­ке кәсіпкер егіншілікпен де, мал өсі­ру­­мен де шұғылданады. Биыл мал жә­не өсім­дік шаруашылықтарына 100 мил­лион тең­ге субсидия беріліпті. 400 адам өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз еткен. Күз­гі егін орағы аяқталуға жақын. Май­лы да­қ­ылдардың үлесі біршама арт­қан. «Но­вомихайловское» ЖШС ди­рек­то­­ры Ге­ннадий Щеголев орақ нау­қа­ны­ның ба­рысы туралы баяндады. Ша­руа қо­жа­лықтарының бірігуі есе­бі­нен егістік алқабы 14 мың гектарға жеткен. 

Десек те, ауылшаруашылық өнім­де­рін ұқсату күрделі күйінде қалып отыр. Тұр­ғындар әлеуметтік дәріханада қажетті дә­рі-дәрмектің тапшылығын жеткізді. Ауру­хана салу мәселесін көтерді. Құнар­лы жерлер жеткілікті болғанмен, өнім көр­сеткіші әлі де төмен. Оның басты се­бе­бі озық технологиялардың тиімді қол­данылмауында. Басты назарды биз­не­стің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға аударған жөн. Сүт жинайтын орталықтарды көптеп ашу керек, де­ді жиынды қорытындылаған Құмар Іргебайұлы.

Әлеуметтік қолдау бәсеңдемейді

Аймақ басшысы Ғ. Мүсірепов ауданында «2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында тұрғызылған 50 пәтерлі тұрғын үйдің пайдалануға берілу рәсіміне қатысты. Нысанның құрылысына елуден астам адам тартылып, жергілікті ма­­териалдар пайдаланылған. Үш бөл­ме­лі жайлы пәтерлердің біріне Аман­гел­­ді Дәріпхан қоныстанды. Ол отба­сы­мен Алматы облысынан көшіп ке­ліп, Новоишим кентінде жұмысқа ор­нал­ас­қан. Аудандық жұмыспен қамту және әлеу­меттік бағдарламалар бөлімінің же­тек­шісі Б.Амрина оңтүстік облыстардан 7 от­ба­сының қоныс аударғанын, барлық жағ­дай жасалғанын жеткізді. 

– Халықты жайлы баспанамен қам­та­­масыз ету – мемлекеттің басты мін­дет­­­терінің бірі. Бұл мәселе – басты на­за­рымыз­да. Бұған дейін үш-төрт жылда бір мың пәтер салып келсек, енді айналасы бір жылдың ішінде тұрғызатын болдық, – деді Қ.Ақсақалов. 

Бұдан кейін ол Нежинка ауылдық округіне аялдап, әлеуметтік нысандарды аралады. Осындағы орта мектепте 168 ба­ла оқиды. Алайда ғимарат ескі, күрделі жөн­д­еуді қажет етеді деген өтініштер ес­керіліп, тиісті орындарға жобалау-сме­­талық құжаттарды әзірлеу тапсырылды. Жұртшылық «Нежинка-Ерке» ЖШС бас­­шылығы тарапынан атқарылып жат­қан әлеуметтік көмектерге дән риза. Ірі қара мал саны көбейген. Астық шы­ғым­ды­лығы жоғары. Ең бастысы, бірде-бір от­басы көшіп кетпеген. Керісінше, келуге тілек білдірушілердің қатары қалың. Қыз­меткерлерге арналған 2 қабатты ес­кі тұрғын үй қалпына келтірілген. Жылу, су жүйелері тартылып, жергілікті «Капатурин» фирмасы шығаратын жиһаздар қойылған. Бес ауылда 3 мың­нан астам адам тұрады. Басым бөлігі жұ­мыспен қамтылса, 10 адам ғана жұ­мыс­сыздар санатында. Облыс әкімі егін­ші­лік мәдениетін нығайтуға көңіл бөлу қа­жеттігін атап көрсетті. 

Дружба ауылдық округі аумағында сапар «Iluka Exploration Kazahstan» тау-кен қазу кәсіпорнының жұмысымен танысудан басталды. Аустриялық «IlukaResources Limited» трансұлттық ком­паниясы цирконий және титан өнд­і­ру­де әлемде жетекші рөлге ие. Қазақ­с­тан нарығында да табысты жұмыс істеп ке­леді. Аудан аумағында жерасты қазба бай­лықтарын барлаумен айналысуда. Кә­сіпорынның атқарушы директоры Энтони Торнтон мырзаның айтуынша был­тыр аэрогеофизикалық зерттеулер жүр­гізіліпті. Енді сирек кездесетін ме­талдар қоры анықталмақ. Оның қо­ры­тындысы қыста белгілі болады. Ми­не­рал­ды құмдардың мол жиынтығы табылса, цирконий, титан, қалайы өңдейтін зау­ыт салу ойластырылған. 

Бүгінде Целинное ауылында орталық жылу жүйесі сабанмен жылытылады. Жобаның құны – 30 миллион теңге. Компьютерлік режіммен басқарылады. Оған өндірістік учаскелер, тұрғын үй секторы, бюджеттік мекемелер қо­сыл­ған. Дәстүрлі отынның орнына био­мас­саны қолданудың арқасында қа­ра­­жат үнемделіп, ауаның ластануы ба­­рынша азайған. Серік Ыбыраев же­тек­­шілік ететін «Целиннное-2004» ша­руа­­шылығында үлгі алатын мұндай тә­жірибелер аз емес. Тұрғындар мен мектеп оқушылары үшін 10 гектар жерге кар­топ, қырыққабат, сәбіз өсіріп, мол өнім алыпты. «Береке-Агро» серіктестігі етті бағыттағы қазақтың ақбас сиырларын жарты мыңға жеткізіпті. Мал бордақылаумен де айналысады.

Қаржының қайтарымы болу керек

Өңірде шағын жинақты мектептердің үлесі көп. Солардың бірқатары Тимирязев ауданында орналасқан. Мәселен, 200 орынға лайықталған Дмитриев білім үйінде 71 бала ғана оқиды. Биыл бірінші сыныпқа сегіз бүлдіршіннің барғаны, шағын орталықтың ашылғаны көңілге медеу. Осында ауыл тұрғындары жиналып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. 

Ең маңыздысы – атқарушы билік пен ауылшаруашылық тауарларын өн­ді­рушілердің күш-жігері ауыл­дық­тар­дың өмір сүру сапасын нығайтуға бағытталуы тиіс. Бәрімізді алда қандай іс­т­ер атқарылатыны толғандыруы керек, дей келіп, Құмар Іргебайұлы алды­мен Тимирязев ауданының әкімі Ер­бол Сағдиевтың есебін тыңдады. Округ­те орналасқан 3 серіктестік пен 42 фер­мер­лік қожалық астық өндірісімен қа­тар мал шаруашылығын дамытуға да ден қойған. Ол үшін мемлекет тарапы­нан бар­лық алғышарттар жасалған. Өкініш­ке қарай, осындай мүмкіндікті мүлт жі­беріп жатқандар жоқ емес. Аудан бой­ынша астықтың орташа шығымы 17 центнер болса, бұл округте 5 центнерге кем. «ҚазАстық өнімдері» ЖШС-де былтырғыға қарағанда, жалақы 2 мың теңгеге өскен. Бақшалық пен балық шаруашылығының экологиялық таза өнімдері үлкен сұранысқа ие көрінеді. 

Москворецкий ауылдық округінде осы аттас серіктестік толайым табыстарға же­тіп келеді. Оның жетекшісі Болат Дүй­сембаев 19 мың гектарға бітік ас­тық өсіріп, гектар берекелігін 18-20 цент­нерден айналдыруда. 591 тұрғыны бар ауылдың дені осы агроқұрылымда жұмыс істейді. Орташа еңбекақы 85 мың теңгені құрайды. Дәмхананың құрылысы аяқталып, баспана салу ісі жалғасын таппақ. Мектепте еңбек ететін 22 мұғалімнің 8-і жоғары санатты. 4 мультимедиялық кабинет жабдықталған. Алайда 220 орынды білім үйінде 67 баланың ғана оқитыны ойландырады. 

– Көл-көсір пайда әкелетін дақыл­дар­ды көптеп егу арқылы астық саласын әртараптандыру басты талаптардың бірі екенін тағы да еске саламын. Бір тонна бидай – 43 мың, ал рапс – 120 мың, күн­бағыс – 90 мың, жасымық 200 мың тон­на тұратынын ескерсек, рента­бель­ді­­лікті көтеруге әбден болады. Сон­да лай­ықты жалақы да төленеді, қар­жы­ның қайтарымы да болады, әлеу­мет­тік қамқорлықтар да жасалады, – деді жиын қорытындысында Қ.Ақсақалов.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы