Қырғызстан астанасы – Бішкек қаласында Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеші арасындағы ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық комиссияның екінші отырысы болып өтті.
Аталған отырысқа Мәжіліс Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов бастаған құрамында депутаттар Құрманғали Уәли, Тұрарбек Асанов, Уәлихан Қоңырбаев, Амангелді Момышев, Ермұхамет Омаров және Жексенбай Дүйсенов бар қазақстандық делегация қатысты. Парламентаралық комиссияда миграция, шекаралық бақылау, екіжақты келісімдерді ратификациялау және өзге де мәселелер кеңінен талқыланды.
Сондай-ақ, қазақстандық парламенттік делегация «Тәуелсіз Қырғызстанның қалыптасуындағы парламенттің рөлі» атты халықаралық конференцияға да қатысқандығын айта кету керек. Аталған халықаралық шараға ТМД, Грузия, Иран парламентінің мүшелері, дипломатия өкілдіктері мен халықаралық ұйымдардың басшылары және ғалымдар қатысты. Жиналғандарды Қырғызстан Президенті Роза Отунбаева мен Жогорку Кенеш спикері Ахматбек Келдибеков ерекше ықыласпен қарсы алды. Қырғызстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырылып отырған аталған жиында Парламентаралық комиссия төрағасының орынбасары – екі парламент арасындағы достық депутаттық тобының жетекшісі Құрманғали Уәли құттықтау сөз сөйледі.
Депутат осы ретте Қырғыз Республикасының Жогорку Кенешіне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын «Ядролық қарусыздану үдерісіндегі әлемдік көшбасшылық және халықаралық қауіпсіздікті нығайту» бойынша 2012 жылғы Нобель сыйлығына ұсыну туралы бастамасы үшін Парламент Мәжілісі атынан үлкен алғысын жеткізді. «Қазіргі таңда Қырғыз Республикасы демократиялық даму жолындағы маңызды саяси кезеңге аяқ басып отыр. Үстіміздегі жылы 30 қазанға жоспарланған президенттік сайлау – келісім мен саяси тұрақтылықтың жарқын көрінісіне және қырғыз халқының бірлігінің жеңісіне айналатынына сенімдіміз», деді ол өз сөзінде.
Қырғызстан басшылығы мен Жогорку Кенешінің елдегі ішкі саяси тұрақтылықты сақтау мен ұлттық экономиканы дамытуға бағытталған шараларын Қазақстан тарапының толыққанды қолдайтыны және алдағы президенттік сайлаудың Қырғыз Республикасындағы барлық саяси күштердің тиімді ынтымақтастық пен ықпалдастық сарынында өтетіндігіне зор сенім білдіріп отырғандығы да назардан тыс қалған жоқ.
Шара аясында қазақстандық делегация Жогорку Кенеш Төрағасы Ахматбек Келдибековпен кездесті.
«Егемен-ақпарат».