Үкімет • 20 Қыркүйек, 2017

Мәжілісте транзиттік әлеуетті күшейтетін заң жобалары мақұлданды

300 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілік етуімен өткен Палатаның жалпы отырысында еліміздің транзиттік әлеуетін арттыратын екі заң жобасы мақұлданды. Оның екеуі де Өзбекстан мен Қазақстанның және Қазақстан мен Норвегия Корольдігінің арасындағы автомобиль қатынастарын реттеуге бағытталған.

Мәжілісте транзиттік әлеуетті күшейтетін заң жобалары мақұлданды

Жиынды ашқан Мәжіліс Төрағасы осы кезге дейін еліміздің көліктік инфрақұрылымдарын пайдалана отырып, жаһандық логистикалық жүйені қалыптастыру мақсатында Өзбекстан мен Норвегияға тиісті деңгейде келісімшарттар жіберілгендігін атап өтті.

«Мұндай қадам Елбасымыздың мемлекет алдына қойған негізгі тапсырмаларын орындау үшін өте маңызды болып табылады. Себебі, республикамыздың транзиттік әлеуетінің артуы – Қазақстанды еуразиялық көлік-логистикалық хаб ретінде таныта түседі. Біздің елдің оған зор мүмкіндіктері бар», деді Н.Нығматулин.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек таныстырған «2006 жылғы 20 наурыздағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы екі ел арасындағы жолаушылар тасымалын жүзеге асыруға құқық береді және осы саладағы қызметті реттейді.

Министрдің айтуынша, бұл құжат автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалын қамтамасыз етуге негізделгенімен, оның астарында қос мемлекет арасындағы сауда-экономикалық әріптестікті тереңдету мен белсенді қарым-қатынасты жандандыру мүддесі жатқандығы белгілі.

Депутаттардың бірауыздан мақұлдауына ие болған бұл құжатта екі ел арасында алдағы уақытта жолға шығатын автобус қатынастарының бағыттары мен оның қызметін бір ізге түсіреді. Осы мақсатта Қазақстан мен Өзбекстан Республикасы атынан әрекет ететін салалық мамандандырылған комиссия құрылған және ол жылына екі рет отырыс өткізу арқылы қызмет барысында туындайтын мәселелердің түйінін тарқатып отыруға міндеттеледі.

Сондай-ақ, Жеңіс Махмұдұлының түсіндіруінше қызмет көрсететін компаниялар саны әрбір мемлекеттен оннан кем болмауы мүмкін әрі оларға 5 жылдық келісімшарт ұсынылады деп жоспарланған.

Осы орайда бір ескерте кетерлік жайт, мамандардың айтуынша, қос мемлекет арасындағы өткен жылғы жолаушылар ағыны 8 миллион адамның шамасын құраған болса, автомобиль қатынасы ойдағыдай іске қосылғаннан кейінгі көрсеткіш 12 миллионға жетуі мүмкін екен.

Депутаттар талқысынан өтіп, мақұлданған келесі құжат – «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Норвегия Корольдігінің Үкіметі арасындағы Халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы болды.

Заң жобасының негізгі мақсаты Қазақстан мен Норвегия Корольдігі арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту әрі автомобиль тасымалдарын жүзеге асыруды жеңілдету болып табылады. Сондықтан да аталған келісімді ратификациялау екі ел арасындағы автомобиль тасымалдарын, олардың аумақтары арқылы транзитті жүзеге асыру және Қазақстан–Норвегия сауда-экономикалық ынтымақтастығын одан әрі дамыту үшін құқықтық негіз жасауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, отырыс аясында Мәжіліс депутаттары бірқатар жаңа заң жобаларын салалық комитеттерде талқылап, әзірлеу үшін оң шешім қабылдады. Олардың қатарында салық салу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберінде құпия ақпараттың сақталуын қамтамасыз ету мен Ислам Ұйымы арасындағы штаб-пәтер туралы келісімді қарау сынды заң жобалары бар.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»