Осы орайда, Елбасы тапсырмасы негізінде, өткен мамыр айының ортасында Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен елордамыздағы Ұлттық музейдің жанынан «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы құрылған болатын. Мұндағы мақсат – еліміздегі қасиетті тарихи орындарды анықтап, оларды ұлттық-идеологиялық деңгейге көтеру. Осы істі абыройлы атқару үшін орталық жанынан арнайы ғылыми-сараптамалық кеңес ашылып, оған жергілікті өлкетанушылар мен этнограф ғалымдар, аймақтағы салалық мекеме қызметкерлері тартылған-тын.
Жұмыстың басталғанына үш ай уақыт өтті. Осы аралықта жоғарыдағы сараптамалық кеңеске өңірлерден қасиетті орын-нысанға үміткер есебінде 1000-ға тарта тізім келіп түсіпті. Сараптамалық кеңес осылардың ішінен 100 нысанды жалпыұлттық деңгейлі, 500 нысанды жергілікті маңызы бар қасиетті орын-нысан қатарына енгізген. Бұл тізім болашақта әлі де толығуы мүмкін дейді сарапшылар.
Өткен сейсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінде жоғарыдағы іс-шараның атқарылуы мен барысын көпшілікке хабарлау мақсатында «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали, ғылыми-сараптамалық кеңестің мүшелері танымал археолог Зейнолла Самашев пен этнограф Жамбыл Артықбаевтың қатысуымен «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.
Конференция барысында журналистерді бұған дейінгі атқарылған шаруалармен таныстырған Берік Әбдіғали, бұл істің негізгі маңызы – Елбасының рухани жаңғыруға байланысты мақаласында айтылғандай «Туған жер», «Өлкетану», «Қазақстандағы 100 жаңа есім», «Қазақ тіліндегі 100 оқулық», «Мәдени-географиялық белдеу» бағдарламаларымен қатар, қазіргі таңда қазақ қоғамының талқылауына түсіп жатқан латын графикасы, т.б. барлығы бір-бірінен жалғасып жатқан, ажырағысыз тұтас идеологиялық дүниелер екенін жеткізді.
Осылай Елбасы тапсырмасын тиянақты орындау үшін құрылған жаңа мекеме «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы дәл қазір қасиетті нысандарды анықтау мақсатында өңірлерде жүргізіліп жатқан ғылыми-сараптамалық жұмыстарды әдістемелік тұрғыдан сүйемелдеп, бағыт-бағдарын анықтаумен шұғылданып отыр. Бұл іске бұрыннан бері осы сала бойынша жұмыс істеп, зерттеумен айналысып жүрген ғалым-этнографтар тартылып, ғылыми жүйе құрылып, зерттеушілер басшылыққа алатын нұсқаулықтар жасалып, ол барлық өңірлерге жолданған көрінеді.
Сөйтіп аймақтарда пайда болған жұмыс топтары, өздері тұрып жатқан жердегі үлкен ақсақалдар және жергілікті өлкетанушылармен ақылдаса отырып, қасиетті орындарды анықтап, тізімін жасап шыққан. Бұл тізімдер айналып келіп сараптамалық орталықтың сүзгісінен өткен. Келесі бағытта жергілікті жердегі қасиетті нысандарды ғылыми-сараптамалық сүзгіден өткізу мақсатында арнайы экспедициялар жасақталуда.
«Халқымыздың бұрыннан келе жатқан дәстүрі бойынша қастерлі-киелі орындар арқылы жас буынды патриоттыққа тәрбиелеп, олардың санасын халықтың бай тарихымен ұштастырып, тегі мықты, түбі тұрақты жұрттың ұрпағы екендігін бойларына сіңіру – бағзыдан жалғасып келе жатқан үрдіс. Елбасы бізге «сиынатын-табынатын орын жаса» деген жоқ, бұқараның рухани жаңғыруына әсер беретін, қастерлі құндылықтарды насихаттауды тапсырып отыр», деді «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғали.
Расында бұл жобаның аясына, Қазақстан жеріндегі тас дәуірінен бастап, бүгінгі күнге дейінгі тарихи сананы жаңғыртуға қатысты нысандар қамтылуда. Осы арқылы қазақстандықтардың біртұтас рухани кеңістікте ынтымақты өмір сүру тетігі қаланбақ. Нақтырақ айтқанда, «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасы ғұрыптық рәсімдерді қалыптастыруға бағытталған діни немесе тарихи-археологиялық мұраларды насихаттауға арналған жоба емес. Бұл – рухани құндылықтарды қалыптастыратын ғылыми-әлеуметтік жоба.
Осы орайда, оқырмандарымызды атқарылып жатқан жұмыс барысымен толықтай хабардар етіп, кейбір дүниелердің аражігін ашып түсіндіру үшін жоба жетекшісі Берік Әбдіғалиді сөзге тарттық:
– Қазақстандағы қасиетті орындарды жалпыұлттық және жергілікті нысандар деп бөлдік. Жалпыұлттық нысанға күллі елімізге ортақ тарихи сипатқа ие орындар еніп отыр. Нысанның жалпыұлттық сипат алуына екінші себеп, ол аймаққа, өңірге бөлінбейтін, қадір-қасиеті барша ел азаматтарына ортақ, тұтас ұлттықты насихаттауға бағытталған болуы шарт. Тіпті, Қазақстан жерінде ұлтқа, дінге байланыспайтын да қасиетті орындар бар. Сөйте тұра бұл нысан қазақ жерінде тұрғандықтан, этностар мен мәдениеттерді тоғыстыратын маңызын да ескермей кетуге болмайды. Мысалы, ШҚО жеріндегі «Абылайкит».
Сол сияқты Алтайдағы «Берел қорымын» алайық. Бұл адамдар табынып-сиынатын жер емес. Бірақ біздің ата-бабаларымыздың өткен тарихынан ақпар беретін құнды нысан. Осы арқылы бұрынғы ата-бабаларымыз ерте дәуірде қандай мәдени мұралар қолданды, өз кеңістігінде қалай өмір сүрді соны білеміз. Әсіресе қазба жұмыстары кезінде табылған дүниелердің образдары мен бүгінгі күннің этнографиясының тарихи сабақтастығы ұрпақ үшін өте қажет.
Астана қаласынан киелі орындар тізіміне «Бәйтерек» монументі кіріп отыр. Неге? Өйткені Бәйтерек пен Тәуелсіздік монументі біздің еркіндігіміз бен жаңғыруымыздың символы. Алматы қаласындағы «Тәуелсіздік» алаңы мен Желтоқсан оқиғасына арналған ескерткіш те қасиетті орындар тізімінде. Бұл нысандар қарапайым ескерткіш ретінде маңызды емес, бірақ оның оқиғалық мәні аса маңызды. Яғни осы ескерткіштер арқылы біз нендей тарихи құндылықтарды насихаттаймыз мәселе осында.
– Берік Әбдіғалиұлы, қасиетті нысандарды анықтауда ең бастысы қандай критерийді басшылыққа алдыңыздар?
– Әуелі елміздегі барлық қасиетті нысандарды алты топқа жіктедік. Атап айтқанда, табиғи ландшафттық қастерлі орындар, археологиялық және архитектуралық ескерткіштер, Қазақ хандығының астаналары мен қалалары, зиярат етуге арналған діни-ғұрыптық нысандар, тарихи тұлғаларға қатысты қастерлі жерлер, саяси-тарихи оқиғаларға байланысты киелі орындар.
Осылардың әрбіріне ғылыми-сараптамалық негіз жасалуда. Сол сияқты халық тағзым ететін орындарға қатысты аңыз-әпсаналарды терең зерттеу керек екенін аңғардық. Себебі жергілікті аңыздар арқылы қасиетті нысанның сипаты анықталады.
Қазір тарихшы, археолог, этнограф ғалымдармен бірлесіп, Қазақстанның қасиетті орындарының картасы жасалуда. Бұл карта мультимедиалық құрылымдар арқылы мобилді форматта, электронды түрде халыққа қолжетімді болады.
Сонымен қатар қасиетті жерлерге қатысты роликтер жасалып жатыр. Жыл аяғына дейін шағын үш ролик дайын болады. Бұл роликтер әлеуметтік желілер арқылы таратылады. Жыл аяғына дейін «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты виртуалды-интерактивті картаны іске қосамыз. Оны интернет арқылы тамашалауға толық мүмкіндік бар. Сонымен қатар ағылшын, орыс, қазақ тілінде интернет сайт ашылуда. Онда мобилдік қосымшалар болады. Сайттың бір артықшылығы, іздеу жүйесі оңтайландырылған. Яғни нысандарды категория бойынша немесе тікелей атау-сөз арқылы іздей аласыз.
– Сіздер жасап жатқан «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасының нақты шегі бар ма?
– Бағдарлама бес жылға арналып, 2017-2021 жылдарды қамтып отыр. Осы аралықта әр жыл сайын бір-бір томнан барлығы бес томдық үлкен еңбек «Қазақстанның қасиетті жерлерінің энциклопедиясы» жасалуы тиіс. Биыл жыл аяғына дейін энциклопедияның бірінші томы жарық көреді. Жинаққа – Алматы және Астана қалалары мен Ақмола және Алматы облыстары қамтылуда. Бұл істі атқаруға этнограф-ғалымдар Нұрсан Әлімбай, Жамбыл Артықбаев, Ғарифолла Әнес басшылық етуде.
Алдағы жылдары жоспар бойынша далалық-этномәдени экспедициялар жасақталып, аймақта құрылған жұмыс тобымен бірлесе отырып, жоғарыдағы тізімге алынған нысандар бойынша ақпар жинайды.
Аталмыш жобаның тағы бір тиімді тұсы ішкі рухани-туризмді дамытуға зор үлес қосады деп күтілуде. Яғни бұл туризмнің ерекшелігі – адамдар табиғатты тамашалап, ел-жер көріп, көңіл көтеру емес, тәлімдік-тәрбиелік мәні бар, тарихи сананы жаңғыртуға негізделген, туған жер тарихымен танысуына бағытталуымен құнды болмақ.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»