30 Қаңтар, 2010

ӨНЕГЕМЕН ӨРНЕКТЕЛГЕН ӨМІР

1478 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Әлі есте, бәрі есте. 1964 жылы жазда Қазақ университетінің жур­налистика факультетін бітіре са­лып, Қазақ телевизиясының жастар редакциясына редакторлық қыз­мет­ке тағайындалдым. Сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Телевизия және радиохабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік коми­теті­нің төрағасы халқымыздың иық­ты, сүйікті перзенттерінің бірі, қарымды қайраткер Кенжеболат Шалабаев болатын. Төкең – Төлеу­хан Кенжебаев сол кісінің қол астында бас редактор екен. Сол алпыс төртінші жылдың күзінде ағамыз мені шақырып алды. –  Өзің білесің, – деп бастады  сөзін, – Қазақстанда мол астық үшін күрес басталды. Бұл бүкілхалықтық ұлы істен біздер – журналистер де шет қалмауымыз керек. Мен Көкшетау облысына жүргелі отырмын. Жолсерік болатын қаламы ұшқыр жас жігіт керек. Таңдау саған түсті... Осы әңгімеден соң бір басшы, бір қосшы келісілген уақытта жолға шықтық. Біз отырған ұшақ Көк­шетау әуежайына келіп қонғанда бізді жүргізушіден басқа ешкім қарсы алмады. Мейманханаға орна­ласқан соң да сәлем беріп, хал-жай сұраған ешкім жоқ. Кешкі асты мейрамханадан іштік, жүргізуші үшеуміз. Таңғы аста тағы солай. Бізді іздеген жан болсайшы. Түске дейінгі уақыт облыстық радио, облыстық газеттердің редак­циялары, облыстық ауылшаруа­шы­лық басқармасы сияқты мекеме­лерге барып, облыстың қазіргі тыныс-тіршілігімен танысумен өтті. Сонда байқадым, біз кездесіп, әңгімелескен кісілердің біразы Төкеңді танитын болып шықты. Таниды деген жай сөз, тіпті қатты құрметтейді екен. Солардың кейбірі: “Төке, қашан келдіңіз? Апыр-ау, хабар бер­меге­ні­ңіз-ай, ә? Сізді қарсы алар едік”, десіп жатты. “Е, ұлық болсаң кішік бол деген осы екен ғой”, деп ойладым. Өзімнен он жас үлкен, ең үлкен бастығым Төлеухан Кен­жебаев­пен отыз күн бойы бірге жүрген іссапардың алғашқы күні алған алғашқы сабағым осы. Сол күннің кешінде астық үшін айқас жүріп жатқан алғы шепке аттандық. Келесі күні Көкше өңірі­нен жазылған алғашқы материалды Алматыға жөнелттік. Ол ірі шаруа­шылықтың басшысымен болған сұхбат еді. Төкең микрофон­ды өзі қосып, сұрақтарды өзі қойып, сұхбат­ты өзі жазып алды. Дикторға арнал­ған мәтінді мен жаздым. Осы алғаш­қы хабар Төкең екеуміздің атымыздан эфирге шықты. Содан соңғы радиоға берілген репортаж, очерк, сұхбат, сын жазбалардың бәрінде де Төлеухан аға екеуміз қосаяқталып, тең автор бол­дық. Көкшетау облы­сын­дағы бір айды ол кісі бастық емес, журналист болып өткізді. Жур­налист Кенжебаев­тың жұмыс істеу тәсілі өте тиімді екеніне сол сапарда көзім жетіп, көңілім сенді, ол кісіден көп нәрсе үйрендім. Өмірдің қыр-сырын білетін ақылман адам бірінші рет кездесіп отырған жаңа танысын да бірден үйіріп алады екен. Соған бір ғана мысал. Бірде таңертең Рузаев ауда­ны­на келдік. Бұл бір өзі бір жылда 30 миллион пұт астық тапсы­ра­т­ын, Қазақстанда ғана емес, бүкіл Одақ­тағы айтулы алып, абыройлы, санау­лы аудандар­дың бірі. Соған орай ол ауданның бірінші хатшысы да ауыр салмақты басшылардың бірі, ол пар­тия­ның Орталық комитетінің мүшесі, Жо­ғар­ғы Кеңестің депутаты. Онымен лауазымды басшылар да байқап, жайлап сөйлеседі. Міне, біз сондай азуы алты қарыс бірінші бас­шы­ның қабылдау бөлмесіне келдік. Хатшы  кіруге рұқсат бере қоймады. Оның сөзі: “Ол кісінің уақыты жоқ, егін орағы жайлы сөз болып жатыр”, дегенге сайды. Төкең “бізге де керегі сол еді” деді де есікті айқара ашып, “біріншінің” кабинетіне кірді. Түйеге ерген ботадай болып соңында мен жүр­мін. Аудан басшысы қабағы қыр­тыстанып, бізге жақтырмай қарады. – Рұқсатсыз кіргеніміз үшін кеші­рім сұраймыз. Біздің уақыты­мыз да тым тығыз еді. Көп күте ал­ма­дық. Алдымен танысып қоялық, – деп отты жанарын басшыға қадап сөй­ле­ген ол алдымен өзін, сосын мені таныс­тырды. – Сіз­дердің әңгі­ме­­леріңіздің тақыры­бы мемлекетке ас­тық тапсыру жайлы екенін білген­дік­тен құпиялық жоқ шығар деп ойлай­мын. Айып болмаса, сол әңгі­ме­лерді сіздердің дуа­лы ауыздары­ңыз­дан естиік. Рузаев ауданының шаруа­­­­шылық­тарын аралап шыққан­дықтан көп жайға біз де куәгерміз. Соған орай біздің де сіздерге айтар ой­ларымыз бен ұсыныстарымыз болар. – Олай болса отырыңыздар, – деді адамның өңменінен өтетін суық жанары мен сұсты жүзі сәл жылы­ған кабинет иесі. Әңгіме желісі егіс алқабы – қырман-элеватор тізбегіндегі еңбекті ұтымды ұйымдастыру мен алдағы жылға астықтың қамын бүгіннен бастап ойластыру жайына ойысқан­да қысқа бірер реплика мен бірер ұсыныс айтып жіберді Төкең. Бұл ұсыныстарды іштей ұнатқан бірінші сырттай сыр берген жоқ. Тек: – Да, да, мұны ескеру керек, – деумен ғана шектелді. Енді бір сәт қырманда қызып бара жатқан астық­ты құрғату жайлы сөз болғанда Төкең бұл тығырықтан Украина диқан­дарының қалай шыққанын алға тартты. Осы әңгімелерден соң бірінші бізге өзімен бірге өзек жалғауды ұсынды. Түскі ас кезінде Төкең күлмесханға айналып бара жатқан біріншінің ішек-шілесін қатырған қып-қысқа анекдот айтты. – Сізбен танысқаныма қуа­ныш­­­тымын. Қашан келсеңіз де құшақ жая қарсы аламыз, – деді қош­тасарда Төкеңнің қолын құшыр­лана қысқан бірінші жылы жымиып. Төлеухан Кенжебаевтың қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Әсіресе, радиожур­налис­тикаға ол енгізген жаңалық, ол қос­қан үлес аса салмақты. Бүкіл­одақтық радио “Репортер” атты салмағы жеңіл магнитофонды меңгергенде соны Қазақстанда ең алғашқы болып игерген, өзгелерге үйреткен Төкең еді. Бұл 1957 жылы болатын. Сол жылы күзде Нью-Делиде Бүкіл­дүниежүзілік ауыл шаруашылығы көрмесі ашылған. Сол салтанатта Дінмұхам­мед Ахметұлы Қонаев Қазақстан­ның Үкімет басшысы дәрежесінде көрмеге келген қонақ­тарды өзінің ана тілінде құттықтауы керек екен. Төкең Д.А. Қонаевқа жолығып, ол кісінің қазақ­ша айтқан құттықтау сөзін жазып алады. Таспа жедел Нью-Делиге жіберіледі. Бұған риза болған Дінмұхаммед Ахметұлы Төлеухан Кенжебаевқа алғыс айтты дейді тарихи деректер. Өзіне сенген құстай ұшады деген сөздің растығына Төкең жүріп өткен күрмеуі қатты күрделі жол дәлел. Олай дейтініміз, соғыс­тың соққысы тиген ол майданнан ауыр жарақатпен оралған ағасы Айтқазының жүгін жеңілдету үшін Шығыс Қазақ­стан облысы­ның газетінде корректор болып орна­ла­сады. Қазақ универси­тетінің жур­налистика факультетін бітірген­нен кейін Қазақ радиосына қатар­дағы қызметкер болып қабыл­да­нып, өзінің таланты мен табанды еңбегі­нің арқасында жүздеген адам жұмыс істейтін үлкен ұжым басшы­ларының бірі дәрежесіне дейін көтеріледі. Оның газеттегі жұмысы да аса жемісті болғандығын заман­дастары үнемі айтып жүреді. Төлеухан Кенжебаев 1966 жылы “Қазақфильм” киностудиясының деректі фильмдері бірлестігінің бас редакторы болып тағайындалады. Көп ұзамай студияның директоры болып бекітілді де, “Шоқ пен Шер”, “Құлагер” фильмдерін тү­сі­ру­­ге қаты­насты, Төлеміш Өкеевтің “Көк­серек” фильмін түсіруіне жол ашты. Ондаған деректі ленталардың сценарийін жазып, отыз шақты кітапты қазақша шебер аударған Т. Кенжебаев қазақ қаламгерлерінің бірқатар туынды­ларын орысша да шешен сөйлетті. Жерге, жүзге бөлінуді білмей­тін, ешкімнен қолдау, көмек сұрап көрмеген ол өзінің ұйымдастыру­шы­лық қабілетімен, тазалығымен көзге түсіп, Қазақ КСР Министр­лер Ке­ңе­сі­нің мәдениет бөлімінің меңгеру­шісі, әдебиет пен өнер саласындағы мемле­кеттік комитеті­нің мүшесі сынды биік белестерді бағындырды. Ол өзінің студенттік достары Кәкімжан Қазыбаев, Ұзақ Бағаев, Баймырза Дәуренбеков, Қасым­хан Ерсарин, Сапар Бай­жанов сынды қазақтың қабырғалы қайраткер-қаламгер­лері­мен қатар жүріп, халқына қаламымен елу жыл бойы қалтқысыз қызмет етті. Құрметті демалысқа шыққан соң да қоғам өмірінен тыс қалған жоқ. Курстасы К. Қазыбаев әзіл-шыны аралас айтқан “бесплатный бейнет” – қоғамдық жұмыстың талайын талмай атқарды. Өмір өте күрделі. Оның күн­гейі­мен бірге көлеңкесі де бар. 2005 жылғы сәуір айында Төкеңнің сүйікті ұлы Бақытжан, келесі жыл­дың қаң­тар айында аяулы жары Нұрзақыш пәниден бақиға аттанып кете барды. Бірінен соңы бірі келген екі бірдей қайғы қайрат­ты, қайсар Төкеңді есеңгіретіп-ақ таста­ды. Содан соң-ақ денсаулық сыр берді. Бүгінде ауыр науқасты арқалап жүрген асыл ағамыз Астанада тұрып жатқан ұлы Еркін мен Алматыда өзін алақанына салып аялап отырған ақылды қызы Айгүл мен немерелері Мұратхан, Рахима, Дәуреннің амандығына шүкіршілік етеді. Еліне еңбегі сіңген аяулы аға елдің бірлігін, халықтың бақытын тілеп, өзіне деген көптің ақаусыз ақ көңілі мен ыстық ықыла­сына арқа сүйеп жүр. Төкеңнің тума­са да туған­дай болған інілері мен шәкірттері де аз емес. Солардың жә­не өз атымнан ағама айтар ақ тілегім, Фирдоуси жазған­дай: “Бірде бал, бірде у беріп өтеді өмір, бақты да, қай­ғыны да көтере біл”,  жалы биік, жаны жомарт алтын аға, асыл ұстаз! Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.