Ауыл • 21 Қыркүйек, 2017

Қырында құлан жайлаған...

1121 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұрынырақта Қазақстанның киелі, көрікті жерлерін дамытуға тек туризм немесе табиғатты қорғау тұрғысынан қарап келсек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қолға алынғалы басқаша қарай бастаған жайымыз бар. Әр төбесінің өзі бірнеше аңыз айтатын, әр тасы бір тарихқа бастайтын ерекше есептегі табиғи орындар, алдымен қазақ халқының өзі үшін керек екен.  

Қырында құлан жайлаған...

Жеріңді тану арқылы еліңді, тарихыңды білесің. Көнеден қалған рухыңды табасың. Бүгін­дері ең көп айтылатын «Рухани жаңғырудың» бір мәні осында болса керек.

1996 жылы құрылған «Алтын­емел» ұлттық паркі арғы-бергі қазаққа Шоқанның аяу­лы жаны тыныс тапқан жер ретінде таныс. Туған жерінен жы­рақта қалды дейтіндей емес, әр күні сапарда, әр сәті қатерде өткен ғалым қазақ жерінің қай пұшпағына барып жата кетсе де, іздеу-сұ­раусыз қалмас еді. Десе де, ке­зінде Тезек төренің ауылына келіп, ұзақ уақытқа созылған аурудан шаршаған жаны бір уақ тыныс тауып, ақырғы демін алған жер Шоқан атымен байланысты айтылғанда, қасиеті арта түсердей. Шоқан ауылында ғалымның атындағы музей бар. Бұл да өз кезегінде келушілердің ынтығын оятататын жайт. Шо­қанның Алтынемелмен байланысы қайтыс боларынан 6 жыл бұрын басталады. Бұл өңірге 1959 жылы Қашқария сапарынан қайтып келе жатқанда су ішіп, аяқ суытыпты. Шоқан су ішкен сол бұлақ қазір «Шоқан бұлағы» аталады. Отыз жасында ағып түскен жұлдыз ұлына деген елдің құрметі, міне, осы. Ал Шоқаннан 7 ғасыр бұрын жер-әлемді тітіреткен бабасы Шыңғыс хан өтіпті бұл жерден. Ол да ат шалдырып, әскерін тынықтырып, еру қылып бірнеше күн жатыпты дейді. Арнайы бел­гітас қойдырыпты. Бұл тас­ты қазан асу үшін қойған деген де сөз айтылады. Мейлі, қалай болса да, бір дәуірлерде Шыңғыс хан ас ішкен қазанды көтеріп тұр­ған тастың тарихы кім-кімді де қызықтырары сөзсіз. 

Көлденең жата кеткен та­сының өзі осынша сыр шығар­ғанда, тауы мен құмын зерттесең, жуық арада түгесіле қоймасы анық. Алтынемелдің басты құндылығы – Айғайқұм жайлы да жүлгесі тылсыммен астасар аңыздар аз емес. Халық ара­сында Айғайқұмның басы­на шыққан адамның арманы орындалады деген түсінік қалыпты. Құм төбе – көшпелі емес. Әдетте шөл тұрақсыз келеді. Ал Айғайқұмның мыз­­ғымай жатқанына заман жыл. Желмен бірге бедері де өзге­ріп отыратын шөлдердей емес, қанша дауыл соқса да, бұл төбе көшіп кетпейді. Көп жағдайда ұшар басы түтеленіп жататын, уілдеген желі бір тынбайтын төбенің шөгіп кетпей, жоғалып кетпей тұрғаны шынында таң­ғаларлық. Айғайқұмның екінші аты – Әнші құм. Басынан етекке қарай құмға отыра қалып, сыр­ғанай жөнелгенде гүрілдеген, уілдеген дыбыс шығарады. Бір уақ төбе құйқаңды шымырлатып жіберер әлгі уіл – табиғатта сирек кездесетін құбылыс. Сонысы үшін-ақ талайды қызықтырары сөзсіз. Ғылымның түсіндіруінше, құмның үйкелісінен пайда болатын бұл дыбыстың тамыры құмның ерекше құрғақтығында жатса керек. Және бұл жердің құмы өзгелердей тым ұсақ емес, тозаңы аз, қиыршық болып келеді. Әуеннің сыры сонда жатқан болуы да мүмкін. 

Қатутаудың сұлулығы – өзін­ше жыр. Әртүрлі пішіндегі тастарға қарап, қиялыңа ерік берсең, дүниедегі бар құбы­лыстың мүсінін табасың. Аптап ыстықтан жердің өзі қайнап барып, сол бүлкілдеп тұрған күйінде қатып қалғандай әсер қалдыратын таудың биіктігі 1000 метрге жуықтайды. Қатутаумен қатар жатқан Ақтау борлы тау­лары да көзді арбайды. Ұшар басы ақ, ортасы қоңыр-қызыл, етегі сарғайып барып, жерге сіңіп кетеді. Қолмен бояғандай дейміз ғой, бірақ қанша шебер болса да, дәл мынадай үйлесімді бір ғана беткейге сыйдыру мүмкін емес. Түбін қазса, бір таудың әртүрлі түске боялуы жайлы да аңыз­дардың қылаң беретіні анық. 

Жұртты қызықтыратын тағы бір ерекшелік – жануарлар әлемі. Әдетте, бұл жерде осынша жануар бар деп сырттай топшылап жатамыз. Ал Алтынемелде сәл басқаша. Қарақұйрық пен құланды көзбен көруге болады. Саны да аз емес. Қарақұйрық бес мыңға жуық, ал құлан төрт мыңнан асады. Жабайы аң қасына жақындатпайды. Дегенмен, тіршілігін көз жетер жерден бақылауға толық мүм­кіндік бар. Оның сыртында адамға әбден үйренген, тіпті туристердің қолынан тәтті жеп дәндеген тарпаң тағы бар. Әлем Пржевальск жылқысы атап кет­кен бұл жануарлар жуас. Әзірге оннан асады. Бірте-бірте көбейтіп, даланың сәнін кіргізуді көздеп отыр қорық бас­шылығы. Ерекше назарда, көп жағдайда аналығы мен аталығын бөлек ұстайды екен. Енді біраз жылда үйірімен жортып, өз бетімен тіршілік кешіп, баяғы бір тарпаңдығын тауып жатса, Алтынемелде асаулықтың символы болған жылқы тұқымдас жануарлар да үйірімен жортып жүретін болады. 

Алтынемелге келушілер саны жыл санап өсіп келеді. Былтырғы көрсеткіш екі мың туристен асып жығылыпты. Туризм бағытын дамытуға күш салып жатқан Алматы облысының елге көрсетер бір нүктесі 520,2 мың гектар жерді алып жатқан еліміздегі 12 табиғи қорықтың бірі Алтынемелде құлан мен тарпаң ғана емес, келушілер де жиі көзге көп шалынса дейсің...

Алмас НҮСІП,

«Егемен Қазақстан»