Алматы облысында осыған дейін аталмыш бағдарлама бойынша 82 мың тұрғынның қатысуымен әртүрлі форматта жалпы саны 627 іс-шара өткізіліпті. Бәрін тізіп шығу мүмкін емес, біздің міндет солардың ерекше тоқталуды қажет ететін басты бағыттарын шолып шығу.
Тосын естілетін, елең еткізетін бір тақырып «Балалар үйінсіз Жетісу» жобасы. Аталған жоба аясында биыл облыстық бюджеттен жалпы сомасы 230 миллион теңге бөлініп, 120 баланы патронаттық тәрбиеге беру және отбасылық үлгідегі 20 балалар үйін ашу көзделген. Облыстық прокуратура мен әкімдіктің бірлесе атқарып жатқан жобасы осы уақыт ішінде 100 баланы отбасылық тәрбиеге орналастырып, балалар үйінің біреуі жабылған. Енді бір ескеретін жайт, жетім бала өспей ме? Оның ендігі тағдыры қалай болады? Бұл мәселе де назарға алынып, ата-ана қамқорлығынсыз өскен балалар мен жасөспірімдердің өмір сүру сапасын арттыру мақсатында «Мейірім» акциясы қолға алынғанын айта кету керек. Баспанамен, оқумен, жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі осы акция аясында іске асатын болады.
«Рухани жаңғырудың» басты мақсаты – ұрпақтың рухани, мәдени сауатты болуын қамтамасыз ету десек, жас жеткіншек өз өлкесін танып-білуі, өскен жерінің тарихына қанығуы тиіс. Алматы облысының басымдық беріп отырған бір бағыты да осы. Оқушылармен жұмыс істеу. Арнайы саяхаттар ұйымдастыру, қасиетті және көрікті жерлерді, тарихи орындарды аралатып қана қоймай, арнайы мамандардың дәрісін тыңдатып, ел-жердің тарихына қанықтыру. Бұл бағыт бойынша Есік қаласындағы «Алтын адам» табылған қорымға, Оңтүстік Балқаштағы орта ғасырдағы Қара-Мерген, Ағаш-Аяқ, Ақ-там қалашықтарына, Кербұлақ ауданындағы аты шыққан батырлар мен тарихи өлкелерге таным саяхаттарына, Ш.Уәлиханов мұражайына, Алтынемел ұлттық қорығындағы «Айғайқұм» өлкетану аймағына, Сарқан ауданындағы М.Төлебаев, М.Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану музейіне, І.Жансүгіровтің музейіне, Б.Римова атындағы драма театрына, көркемсурет галереясына, Ақмола облысындағы «Бурабай» көлі мен «Оқжетпес» тауына экспедициялар ұйымдастырылды. Аталған шараларға 2000-нан астам бала қатысты.
Жергілікті туризмді дамыту, туған өлкемен таныстыру мақсатында шілде-тамыз аралығында аз қамтылған, толық емес отбасылардан шыққан, сондай-ақ жергілікті полицияда тіркеуде тұрған жасөспірімдерден жалпы саны 400 балаға Балқаш және Қапшағай көлдеріне демалуға жағдай жасалды. «Өлкетану» базалық жобасы аясында қыркүйек пен қараша аралығында балаларды туған өлке тарихымен туристік, тарихи орындарға жаяу саяхатқа шығу арқылы таныстыру мақсатында «Туған жер» клубы ашылды.
«Туған жерге тарту» акциясын ерекше атап өткен жөн. Басты мақсат – атақты тұлғаларды, кәсіпкерлер мен меценаттарды туған жеріне, өзінің ауылының, қаласының, өңірінің әлеуметтік дамуына қатыстыру, ұлттық патриотизмді қалыптастыру.
Акция аясында Алакөл ауданының Лепсі ауылында мектеп ұстаздары мен спорт жаттықтырушыларына арнайы 10 тұрғын үй және интернат оқытушыларына арналған 16 бөлмелі жатақхана тұрғызылып, қолданысқа берілді. Үшарал қаласында спорт және дене шынықтыру кешенінің құрылысы басталды. Ақсу ауданында Жансүгіров ауылының Есмұрат Сиқымов атындағы мектеп-интернаты аумағы мектеп бітірушілердің демеушілігімен көгалдандырылып, «Мәңгілік ел» аллеясы ашылды. Мектеп бітірушілер тарапынан атқарылған мұндай іс бұрын-соңды болмаған. Сондай-ақ «Жансүгіров» қоғамдық қоры арқылы демеушілердің қаржылай көмегімен 8 пәтерлі 2 қабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізіліп, кезектен тыс мүгедек отбасыларға берілді. Балқаш ауданына қарасты Бояулы ауылына бастауыш мектеп, жарықтандыру желісі, балаларға арналған ойын алаңы тұрғызылып, ауыл арасы жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы, бұл акциядан ешқандай аудан тыс қалған жоқ деуге болады.
Тарихи-мәдени мұраны насихаттау үшін қазақтың дәстүрлі музыкасын әлемдік музыкалық мәдениетке, халықтың бірлігі мен этносаралық қатынасты нығайту мақсатында «Жетісу – киелі мекенім», «Көне қала күмбірі», «Ескерткіштердің электронды картасы», «Электронды архив» және «Архивтер сөйлейді», «Мәңгілік елдің мәңгілік сарыны», «Туған жерім – тұғырым» атты халықаралық фестивальдар, сондай-ақ «Өз елім» атты аумақтық фестиваль ұйымдастырылуда.
Тұрғындардың туған жер тарихын білуге, сонымен қатар тарихи-мәдени мұралардың нысандарын қорғау мақсатында «Орбұлақ шайқасының ізімен» атты ақпараттық квэст ұйымдастырылды. Шара аясында тарихи шайқас болған жерге ескерткіш монумент орнатылды. Жарты тонна тартатын тасқа QR код орнатылған. Код арқылы Орбұлақ шайқасы жайлы барлық деректерді білуге болады.
«Сакралды география» арнайы жобасын іске асыру үшін облыс басшылығымен қатар, тарихшылар, археологтар, өлкетанушылар және архитекторлардың қатысуымен облыстық сараптамалық кеңес құрылды. Бұл жұмыс тобының алғашқы жиынында өңірлік 103 киелі нысан қараудан өтті. Кеңес мүшелерінің шешімімен 57 нысан облыстық киелі жерлердің картасына енгізілді. Іріктеуден өткен 6 нысан – Ақсу ауданындағы «Тамшыбұлақ көзі» табиғи ескерткіші, Ж.Жабаевтың тарихи-мемориалдық музейі, Жамбыл ауданындағы «Таңбалы» археологиялық ландшафттық кешені, Панфилов ауданындағы «Жаркент» музейі – сәулет-көркемөнер мешіті, «Әулиеағаш» табиғи ескерткіші, Кербұлақ ауданындағы Ш.Уәлихановтың «Алтынемел» мемлекеттік мемориалды музейі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына қосу үшін «Қасиетті Қазақстан» орталығына жіберілді.
Биылғы жылдың 24 сәуірінен бастап жылдың соңына дейін облыс әкімдігімен іс-шаралар жоспарының жүйелі кестесі құрылып, бекітілген. 60 адамнан тұратын «Қоғамдық сананы жаңғырту» өңірлік комиссиясы құрылды. Комиссия мүшелерінің үштен бірі үкіметтік емес ұйымдар, қоғам белсенділері мен ғалымдар. Бұл комиссия алдағы уақытта біз тоқталған, тоқталмаған салалар бойынша түрлі жобаларды іске асырамыз деп отыр.
Алмас НҮСІП,
«Егемен Қазақстан»