22 Қазан, 2011

Қоғамдық келісімнің үлгісі

537 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Кеше Қарағандыда «Бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы. Қазақстанның мемлекеттік этносаясаты: жаңа бағыттар» тақырыбында екі күндік семинар-практикум өз жұмысын ашты. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Президенті жа­нын­дағы Мемлекеттік басқару ака­демиясының арасында қол қойылған Әріптестік туралы меморандум шеңберінде мемлекеттік қызметшілер мен этномәдени бірлестіктер басшыларын оқыту, даярлау және біліктілігін арттыру жөніндегі аталған бірлескен жоба бойынша Ақтөбе, Алматы облыс­тарында, Астана қаласында 160 мемлекеттік қызметші мен ай­мақтардағы этномәдени бірлес­тіктердің 100 басшысы оқыту курс­тарынан өтсе, бұл шара со­ның жалғасы болды. Семинар жұмысын Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасы­ның орынбасары, ҚХА Хатшы­лы­ғының меңгерушісі Ералы Тоғжанов ашып, Ассамблеяның, Мемлекеттік басқару акаде­мия­сының ғылыми-сарапшылық қау­ымдастығының теориялық және қолданбалы әлеуетін пайдалана отырып, жергілікті жерлерде саяси менеджменттің қазіргі за­ман­ғы технологиялары мен әдіс­те­ме­лерін меңгерудің маңыздылығын атап өтті. Семинарға қатысушылар ал­дын­да ғылым докторлары Ж.Жүнісова, Н.Калашникова, тағы басқа ғалымдар этносаралық қа­тынастарды жетілдіру, этнос­аралық төзімділік пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісінің басты негіздерін нығайту жол­да­рына арналған баяндамалар жасады. Семинар бүгін өз жұмысын жалғастырады. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.