30 Қаңтар, 2010

АУЫЛ ТІРШІЛІГІНДЕ ІЛГЕРІЛЕУШІЛІК БАР

1192 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Кезінде Қызылөзек ауылдық кеңесіне қарас­ты Қаракөл ауылы сол кездегі ажарлы да базарлы ауылдың бірі болатын. Осы ауылда Қаракөл қой шаруашылығы қоныс теуіп, асыл тұқымды мал өсірумен айналысып, Сыр ай­мағындағы алдыңғы қатардағы шаруашылық­тардың бірі ғана емес, бірегейі болған-ды. Өкініштісі сол, заманында шаруашылық та­ратылып, мыңдаған бас қой жекешеленіп кете барды. Іргелі шаруашылық талан-таражға түсіп, ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршіліктері де төмендеп, ауыл ажарынан айырыла бастаған. Енді, міне, еліміз еңсесін тіктеп, осы ауылдың тамырына қайтадан қан жүгіріп келе жатқан сыңайлы. Осыған орай, ауыл ахуалының бүгінгі жай-күйімен танысуды мақсат еткен біз Қызылөзек ауылдық округінің әкімі Жазықбай Әбіловтің ауыл тұрғындары алдында берген есебіне арнайы барып қатысқанбыз. Бұл ауылдық округке қарасты үш елді мекен: Қараөзек, Айнакөл ауылдары мен Қараөзек стансасы қарайды. Осы аймақта қоныс тепкен 647 отбасындағы 3315 адамның бүгінгі тыныс-тіршілігінде кезіндегіден көш ілгері­леушілік бар. Бұл ауыл тұрғындары негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады, яғни төрт түлік мал мен егін өсіруді кәсіп еткен. Содан да ауыл аймағында ірілі-ұсақты 27 шаруа қожалығы жұмыс істесе, осының негізі мал шаруашылығымен, ал 7-еуі егін шаруашы­лығымен айналысады. Төрт түлікті саралай айтар болсақ, мұнда қой саны – 7774, мүйізді ірі қара – 2211, жылқы – 267, түйе 225 басқа жеткен. Ал өткен жылы егін шаруашылығы саласында 125 гектар жерге картоп егіліп, 1281 тонна картоп, 155 гектарға егілген көкөністен 1968 тонна, 85 гектар жерге егілген бақша дақылдарынан 1020 тонна өнім алынған. Ауыл әкімінің пайымдауынша, ауыл тұрғындарының толғақты ауыз су мен аяқ су мәселелері соңғы жылдары өз шешімін тапқан. Елді мекендердегі су қондырғылары тұрақты жұмыс істеуімен қатар, әрбір тұрғын үйге ауыз су кіргізу бағытында да жоспарлы жұмыс жүріп жатыр. Өткен жылы ауыз судың ахуалын жақсарту мақсатында жергілікті бюд­жеттен қаржы қаралып, 1,6 шақырым ауыз су жүйесі мен су мұнарасы күрделі жөн­деуден өткізілген. Ал, екінші кезеңде қалған 10,5 шақырым ауыз су жүйесін күрделі жөн­деуге 66 079,93 теңгенің сметалық-жоба құ­жат­тары жасалып, қалалық экономика және бюд­жеттік жоспарлау бөліміне ұсыныс берілген. Елді мекендердің тіршілік көздері –аяқ сумен қамтамасыз етуде де ілгерілеушілік бар. Сауранбай каналына шлюз салынып, 4,8 шақырым канал табаны ауыл тұрғындарының күшімен тазаланса, 1 млн. теңгеге электрсорғы орнатылған. Ауылдық округке “Жол картасы” бағдар­ламасы негізінде өткен жылы 1 млн. теңге қар­жы бөлініп, Қараөзек ауылын жарықтандыруға баса мән берілді. Нақтылай айтар болсақ, 1,2 шақырым көше қайтадан жарықтандырылса, подс­танса күрделі жөндеуден өткізілді. Аймақтағы электр желісінің 7 шақырымы да күрделі жөндеуден өткізілген. Ал байланысқа келер болсақ, аймақ көлемінің 90 пайызы телефон байланысымен толық қамтамасыз етілген. Ауыл тұрғындарын көптен бері толған­дырып жүрген бір мәселе – автокөлік жол­дары. Бұл салада да соңғы жылдары серпіліс байқалады. Өйткені, мемлекет қаржысынан бөлінген 1 млн. теңгеге 7 шақырым автокөлік жолы жөндеуден өткізілсе, 2 шақырым жол ау­ыл тұрғындарының өз ықпалдарымен жөн­делген. Есепті жиында тұрғындар ауыл­дардың ішкі жолдарын жөндеуге жергілікті билік басшыларының назар аударуларын өтінді. Ауыл тұрғындарын әлеуметтік қорғау бағытында оң өзгерістер бар. Егер саралап айтар болсақ, 216 адам зейнетақыларын уақтылы алып отырса, 64 еңбек және бала жастан мүгедек жандар өткен жылы 9 млн. 853 мың 745 теңге жәрдемақы алған. Сондай-ақ, 36 отбасы 1 235 200 теңге атаулы көмек алса, 97 отбасына 3 792 700 теңге көлемінде тұрғын үй көмегі берілген. Ауыл тұрғындарын жұмысқа тарту да жоспарлы жүргізілуде. Жыл көлемінде тұрмысы төмен отбасыларының 62 адамы қоғамдық жұмысқа тартылып, кәсіби оқу мен қайта даярлаудан 8 адам өткен. Жұмысқа тартылған жеті жас маманның дені тұрақты жұмысқа қабылданған. Қызылөзек ауылдық округіне қарасты аймақтарда 3 мектеп, 1 ауылдық аурухана мен емхана, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, 1 ауылдық клуб, 10 876 дана кітап қоры бар кітапхана халыққа қызмет көрсетуде. Ауыл әкімінің есепті жиынында ауыл тұрғындары Ғ.Досынбаев, А.Садықов, Ә.До­санов, А.Әлиев, К.Әбсейітов, М.Ба­лапанов, тағы басқалары сұрақ қойып, өз сауалдарына Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары А.Мұхимов, ауылдық округ әкімі Ж.Әбілов және сала басшыларынан жауаптар алды. Еркін ӘБІЛ, Қызылорда.