Қазақстан • 26 Қыркүйек, 2017

Дәрігерлерге жасанды интеллект көмекке келеді

12231 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда адам айтса нанғысыз ақылды технологиялар өмірімізге дендеп ене бас­тады. Соның бірі – адаммен деңгейлес ойлай алатын жасанды интеллект жүйесі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында «Біз цифр­лы технология­ны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек», деп атап өткені белгілі. Жоғарыда айтылған жасанды интеллект те – цифрлы қызмет көрсету саласын дамытудың бір бағыты. 

Дәрігерлерге жасанды интеллект көмекке келеді

Жасанды интеллект ғылымның жаңа бір саласы ретінде ХХ ғасырдың ортасынан дами бастады. Оның қарыштап ілгерілегені соншалық, қазір барлық салада кеңінен қолданылады. Рас, басында бұл бағдарламалық жүйе адамның еңбегін алмастыратын көмекші құрал ретінде пайдаланылды. Ал қазір адамдардан да асып түсіп, оның ақыл-ойы жете бермейтін жағдайларда көмекке келетін болды.

Жақында Қытайдың Хэньян қаласында науқастарға нақты диагноз қоя алатын жасанды интеллект жұртшылыққа таныстырылды. Әлгі бағдарламалық жүйе 4-8 секундтың ішінде 100 клиникалық жағдайды сараптап, әрқайсысына жеке диагноз қойып шыққан. Сонда ақылды технология екеуінде ғана қателік жіберіпті. Қалғанында дәрігердің қойған диагнозымен бірдей қорытынды шығарған. 

Жасанды интеллектіні медицинада қолдануды Қазақстан да қолға ала бас­тады. Денсаулық сақтау министрлігі «IBМ» компаниясымен бірлесе отырып жасанды интеллектіні алдымен онкология саласында сынап көрмекші. Мұндай жоба Америка, Англия, Германия секілді әлемнің 15 елінде енгізіліп жатыр екен. Бұл жүйенің тиімділігі сол, науқастың ауру тарихын, қазіргі жалпы жағдайын, сараптамалар қорытындыларын бағдарламаға енгізсе болды, жасанды интеллект сол сәтте әлгі адамға қандай емдеу жолы тиімді екенін бірнеше секундтың ішінде сараптап айтып береді. Бірақ онымен келісу, келіспеу – дәрігердің еркінде.

–Интеллектуалдық компьютерлік бағдарлама науқас туралы мәліметтерді бірнеше секундта өңдеп береді. Әрі ғаламтордағы сол ауруды емдеу тәсілдері жөніндегі соңғы зерттеулерді, ғылыми дәлелденген мақалаларды автоматты түрде талдап, соның негізінде ауруды емдеудің жолын нұсқайтын болады, – дейді Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының бас директоры Олжас Әбішев.

 Әлбетте, сараптамалық бағдарлама сырқатты емдеудің жолын 100 пайыз сенімділікпен көрсетіп береді десек, ағат айтқан болар едік. Жалпы медицинаның өзі – нақты ғылым емес. Сол сияқты жасанды интеллект те болжамды ұсыныс қана береді. Мысалы, «мына науқасты химиотерапиямен емдеудің тиімділігі – 97 пайыз, сәулелік терапияның тиімділігі – 78 пайыз, дәрі-дәрмекпен емдеу – 56 пайыз» деп, дәрігерге «құлаққағыс» етеді. Тіпті қарастырылып отырған ем-дом­ның неше жылға дейін сәтті болаты­нын да айтып береді. Әрі қарайғы жағ­дайды дәрігер өзі шешеді. 

Олжас Әбішевтің айтуынша, мұндай жасанды интеллект түрін Жапония іс жүзінде қолданып көріпті. Жапон дә­рі­­герлері онкологиялық сырқатқа шал­дық­қан бір науқасты екі жыл қатарынан емдеп жаза алмаған. Қолданған емдері ши­па болмай, амалдары құрыған маман­дар әлгі пациент туралы мәліметті Син­гапур арқылы жасанды интеллектінің «ба­қы­лауына» жібереді. Бағдарламаның «ақылымен» әлгі науқасты емдеудің тәсілдерін өзгертіп көрген екен, шынымен де оның жағдайы жақсарып, беті бері қарай бастапты. 

Қазақстан жасанды интеллект жобасын биылғы қазан айынан бастап қанатқақты жоба ретінде іске асырмақшы. Отандық мамандардың көздеп отырған тағы бір мақсаты – жасанды интеллект арқылы аурудың алдын алып, созылмалы сырқаттарды бастапқы кезеңінде анықтау. «Жұртшылықтың көбі ауруы әбден меңдеген кезде емханаға ем іздеп келеді. Ол кезде науқасты емдеу ұзаққа созылады әрі аурудың соңғы сатысында қолданылған емнің нәтижесі де аз болады. Сондықтан жасанды интеллектіні аурудың алдын алуға да пайдалануды жөн көріп отырмыз», дейді О.Әбішев.

Жасанды интелект бағдарламасының бұл бөлігі электронды денсаулық төл­құ­жа­тын енгізумен тікелей байланысты. Олжас Амангелдіұлының айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі 2008 жылдан бері медициналық қызметке жү­гінген Қазақстан азаматтарының сыр­қат тарихын, қандай науқаспен жиі қа­ра­латыны, нендей дәрі-дәрмектер қол­данғаны туралы мәліметтерді жинақтап отыр. Осы ақпараттарды бір жүйеге кел­тіріп, мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдардың пациенттер туралы жеке дерек қорын біріктіріп, бірыңғай деректер базасын құру қолға алынып жатыр. Бұл жұмыс сәтті жүзеге асса, «Электронды үкімет» порталында «электронды денсаулық паспорты» деген бөлек тармақ пайда болып, ол барлық азаматқа қолжетімді болмақ. Электронды қолтаңбасы бар азаматтар жеке кабинетіне кіріп, өздерінің денсаулық төлқұжатын ашып көре алады. Ал мамандар болса осы құжаттағы мә­­ліметтерді жасанды интеллект бағ­дар­­ламасына енгізіп, пациенттердің ден­­саулығы туралы мағлұматтарды сұ­рып­­тамақ. О.Әбішевтің айтуынша, бағ­дар­лама азаматтардың жалпы жағ­дай­ына талдау жасай келе, болашақта кім­нің қандай аурумен ауыруы мүмкін еке­нін анықтап береді. Жасанды интелле­кт денсаулығына қауіп төніп тұрған адам­дар­ды бөлек, жақын болашақта ауырмай­тын, денсаулығы темірдей азаматтарды бөлек топтастырмақ. Келешекте ауру­ға душар ететін сыртқы факторлар да есепке алынып, азаматтардың тұр­ғы­лық­ты жерінің ауа райы, экологиясы ден­сау­лыққа қаншалықты әсер етіп жат­қаны да анықталуы мүмкін.

Сонымен, қазан айынан бастап ен­гі­зілетін жоба жыл аяғына дейін сынақтан өткізіліп, нәтижесі келесі жылдың қаңтар айында белгілі болады. Жасанды интеллектіні алдымен Астана қалалық онкологиялық диспансері мен Алматыдағы Ұлттық онкология орталығының мамандары тәжірибеден өткізеді. Бүгінде елімізде ісік ауруымен 168 мың адам диспансерлік есепте тұр. Соның ішінде 100 мың науқастың денсаулық жағдайын жасанды интеллект қарап, нақты диагноз қойып, емдеу тәсілдерін ұсынбақшы. 

Егер бұл жобаны тәжірибеден өткіз­ген дәрігерлер шынымен де қажет деп та­ны­са, онда жаңа жылдан кейін еліміздің бар­­лық онкологиялық орталығына дәрі­гер­лерге көмекші құрал ретінде енгізіле бастайды.
Назар аударатын бір жайт, жасан­ды интеллект бағдарламасының қауіп­сіз­дігі үш деңгеймен қорғалған екен. Сон­дықтан кибершабуылдар жасалады деп қауіптенбесе де болады.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»