Өткен апта аяғында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Александр Судьин бастаған бір топ депутат Қарағанды облысында болды. Аймақта үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының іске асырылу барысымен танысуға және Мәжілісте қаралудағы «Индустриялық-инновациялық дамуды мемлекеттік қолдау туралы» заң жобасына байланысты жергілікті өндірісшілердің ой-пікірін білу, оған енгізілетін толықтырулар мен өзгертулерді бірлесе талқылау үшін ұйымдастырылған көшпелі отырысқа қатысуға келген сенаторлар алдымен өңірдің іргелі кәсіпорындарын аралап, ұжымдар мүшелерімен әңгімелесті.
Теміртаудағы «Норд Пром НС», Қарағандыдағы «Минова Қазақстан», «Силициум Қазақстан» ЖШС-лері шығара бастаған темірбетон шпалдары, полимерлік бекітпелер, металдық кремний өндірісі, «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының металлургиялық комбинатында жаңартылған №2 домна пеші сияқты іске асырылған ірі жобалардың жұмыс үстіндегі қарым-қабілеті тікелей көріліп, отандық индустрияның қарышты қадамы көңіл өсіртті. Халық қалаулылары сондай-ақ, облыс орталығында орнатылған академик Қаныш Сәтбаевтың ескерткішінің ашылуына қатысып, жұртшылық қуанышына ортақтасты.
Өңірдегі осындай жаңарулармен танысудан соң жоғарыда аталған мәселе бойынша өндіріс ошақтары басшыларымен кеңейтілген дөңгелек үстелде басқосты. Оны Сенаттың Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің төрайымы Нұрлығайым Жолдасбаева жүргізді. Ол өз сөзінде тоқталып өткендей, еліміз дамуының жаңа кезеңіне қолайлы ықпал ететін заңнамалық негіз жасалған. Жаңадан «Ғылым туралы», «Арнайы еркін экономикалық аймақтар туралы» заң қабылданса, қазір «Индустриялық-инновациялық дамуды мемлекеттік қолдау туралы», «Энергия үнемдеу мен тиімділігін арттыру туралы» заң жобалары қаралуда. Бұл заңнамалық негіздерді тағы бір пысықтап, сараптауда қандай мәселелерге басым мән берілуі керектігіне қатысты ұсыныс-пікірлер ірікпей ортаға салынуына орай қатысушылар әңгімеге белсене араласты.
Келелі кеңес басында Сенат Төрағасының орынбасары Александр Судьин, Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі Альберт Рау, облыс әкімінің орынбасары Ғабит Мұхамбетов елдегі, аймақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды жан-жақты баяндап берді. Іс нәтижелері айғақтап отырғандай, даму жолы жарқын. Былтырдан бері республика бойынша 900 млрд. теңге сомасында 227 жоба іске асырылған. Соның ішінде өндірісті Қарағанды өңірінде 18 жоба атқарылды. Бұлар негізінен ІТ технологияны, мәшине жасауды, баламалы энергетиканы, металлургияны дамытуға арналған іргелі жобалар саналады.
Талқылауға қойылған мәселе жөнінде ойын ортаға салған «Атамекен» Ұлттық экономикалық палата басқарма төрағасының бірінші орынбасары Әлихан Мәмбетәлин «Индустриялық-инновациялық дамуға мемлекеттік қолдау туралы» заң жобасында бизнес механизмін жетілдіруге бағытталған шаралар толықтырыла түсуіне тілек білдіре келіп, мынадай ұсыныстарға назар аудартты. Оның пікірінше, бизнестік іс-қызметте салықтық, кедендік және рұхсаттамалық ынталандырудың қосымша тетіктерін қарастыру керек. Мәселен, әкелім кедендік алым төлемі босатылса немесе кейінге шегеріле тұрса, осындай жеңілдік импорттық құрал-жабдықтарға, шикізатқа, қосымша құн салығына қолданылса деген ой айтты. Жобада мемлекеттік қолдауға қол жеткізудің тәртібі мен ретінің нақты нормаларын айқындау қажет делінді.
Ал «Қарағанды мәшине жасау консорциумы» ЖШС директоры Болат Кенжин жергілікті кәсіпорындарға шетелдік бұйымдардан еш кем соқпайтын өнімдерді жеткізуге басымдық беретін анық заңнамалық нормалар жоқтығына құлақ түрдірді. Мемлекеттік грант бойынша оқитын болашақ мамандардың өндірістік тәжірбиеден өтуі заңдастырылуына тілек білдірді. Талқылауды жалғастырған «Силициум Қазақстан» ЖШС директоры Александр Сутягинский Қазақстанда бірінші рет кремний өндіру жолға қойылғандығын, осы уақытқа дейін шығарылған бұл өнімнің 100 пайызы экспортқа жөнелтілгенін, алдағы кезде де солай болмақтығын жеткізді. Сөз орайында зауыттың электр қуатына өте тәуелділігін, мұның өзі өнімнің өзіндік құнының 42 пайызын құрайтындығын қаперге салды. Бүкіл әлемде кремний өндірісіне энергетика жағынан мемлекет тарапынан көмек көрсетілетіні ескеріліп, сондай қолдау қажеттігі аталды.
Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ректоры Арыстан Ғазалиев ғылым мен өндірістің байланысын беріктіріп, тереңдететін заңнамалық нормалар белгіленуі керектігіне тоқталды.
Сенат депутаттарының өңір өндірісшілерімен кездесуі, дөңгелек үстел басындағы ашық әңгіме оны жүргізушінің әріптестері атынан бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне мәлім еткеніндей, екі жаққа да пайдалы болды. «Облыста бәсекеге қабілетті өнімдерді өндіретін, озық технологиямен кең жабдықталған, еңбектің ұйымдастырылуы жоғары үлгідегі өндірісті қалыптастыруда ұшан-теңіз жұмыстар атқарылып жатқандығына көз жетті.
Парламент Сенатының жаңа заң жобасын өз орталарына арнайы келіп талқылауға салу үрдісі Қарағанды өнеркәсібі тізгінін ұстаушылар көңілінен шығып, жалғасын табатындығы құпталды. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, өндірісті өрлетуге өркен жайдырар жаңа заңның солай боларына сенім білдірілді.
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды.