Кеше Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің төрағасы И.Роговтың және Жоғарғы Сотының төрағасы Б.Бекназаровтың Индонезия Республикасы Конституциялық сотының төрағасы М.Махфуд бастаған делегациямен кездесуі өтті.
Кездесуді аша келе, И.Рогов бүгінгі таңда Қазақстан мен Индонезияның өзара қарым-қатынастары аса қарқынды дамып отырғанын атап өтті. Өмірдің барлық салаларындағы жетістіктері арқылы Индонезия өзін жалпы адами құндылықтарға мойын бұрған демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде танытады. И.Роговтың пікірінше, Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету мәселелерінде Қазақстан мен Индонезияның конституциялық бақылау органдары жемісті ынтымақтасып келеді. Индонезияның Конституциялық соты бұл мәселелер бойынша интеграциялық үдерістерді Азия құрлығында күшейте түсуге бастама жасаушылардың бірі болып табылады. Индонезияның Конституциялық соты 2010 жылы ұйымдастырған Азия елдері конституциялық соттары судьяларының 7-ші конференциясының қорытындысы бойынша Джакарта қаласында Азия елдері конституциялық соттары мен балама институттарының қауымдастығы құрылды. Аталған іс-шараға Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің делегациясы да қатысты.
И.Рогов мейманды Қазақстанның осындай халықаралық құрылымдардың жұмысына белсене қатысуға ниетті екендігінен хабардар етті. Бұл үдеріс басталып та кетті. Осыдан бірнеше күн бұрын Астана қаласында ресми сапармен болып қайтқан Еуропа Кеңесінің Бас хатшысы Турбьорн Ягландқа Еуропа Кеңесінің Құқық арқылы демократия үшін Еуропа комиссиясына (Венециялық комиссияға) мүшелікке өту туралы Қазақстанның өтініші табыс етілді. Бұл ұйым конституциялық заңдылықты қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттердің ынтымақтасуы саласындағы беделді халықаралық орган болып табылады.
Қазақстан таяу болашақта Конституциялық сот төрелігі жөніндегі бүкіләлемдік конференцияның және Азия елдерінің конституциялық соттары мен баламалы институттары қауымдастығының мүшесі болмақ.
Бұл сапар шеңберінде сондай-ақ Парламенттің және Бас прокуратураның басшылығымен кездесулер өткізу жоспарланған, сол арқылы құқық саласындағы ынтымақтастығымыздың ауқымы кеңейе түседі, деп түйіндеді сөзін И.Рогов.
Б.Бекназаров Қазақстанның сот жүйесі және оны модернизациялау бойынша қолға алынып жатқан шаралар туралы әңгімелеп берсе, М.Махфуд өз тарапынан арада қалыптасқан қарым-қатынастарды нығайтуға және дамыта түсуге мүдделі екендігін білдірді. Оның пікірінше, Қазақстан экономикасы өрлеу үстінде, сенімді құқықтық жүйесі және тиімді конституциялық бақылау үлгісі бар мемлекет.
Кездесуден соң қонақтар Қазақстанның құқық тарихы мұражайын аралап, Қазақстан құқығының даму тарихына қатысты экспонаттармен және түпнұсқа құжаттармен танысты, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің баспасөз қызметі.