Үкімет • 27 Қыркүйек, 2017

Бағдарламалар мақсаты – елдің әлеуетін еселеу

591 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бүгінде елімізде жүйелі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Ал олардың нәтижесі қандай, оған бюджеттен қанша қаржы бөлінді, оның қаншасы игерілді, қандай жетістікке қол жетті? Міне, осындай сауалдарға жауап іздеген редакция Инвестициялар және даму министрлігіне ел экономикасының өсімі үшін маңызы зор индустриялық-инновациялық даму, сондай-ақ «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мен «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламалары аясында сауал жолдаған еді. Аталған үш бағдарламаның іске асырылу барысы, бүгінгі күнге дейінгі жеткен жетістіктері мен көрсеткіштері туралы және алда атқарылуы тиіс жобалар жайында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс ҚАСЫМБЕК жауап берді.

Бағдарламалар мақсаты – елдің әлеуетін еселеу

– Жеңіс Махмұдұлы, кейінгі ақпараттарға сүйенсек, өңдеу өнеркәсібі экономика өсімінің не­гізгі драйверіне айналып ке­ле жатқанға ұқсайды. Бұл әри­не үлкен жетістік. Де­ген­мен осы бір орны бөлек сала жай­ында өзіңіз айтып берсеңіз. 

– Өңдеу өнеркәсібі экономика өсімінің негізгі драйверіне айналды деген жай сөз емес. Қазір өнеркәсіп саласында айтар­лық­тай жетістіктер бар. Жыл сайын өңдеу өнеркәсібінің ауқымы мен көрсеткіші артып келе жатыр. Мысалы, бағдарламаны жү­зе­ге асыру жылдарында 5,112 трлн теңгенің 1 070 жоба­сы іске қосылып, 101,4 мың тұ­рақ­ты жұмыс орны ашыл­ған. Бағ­дарлама жобалары 8 трлн тең­генің өнімін өндірді. Кей­інгі жылдарды айтар болсақ, мә­­селен, 2016 жылы 2,2 трлн тең­генің өнімі шығарылды.

Ал Ин­дус­трияландыру картасына ен­гізілген жобалар орта есеппен алғанда ай сайын 180 млрд тең­генің өнімін өндіріп отырған. Та­ғы бір айта кететін жайт, кар­таға енгізілген жобалар бұрын Қазақстанда өндірілмеген 500 жаңа өнім түрін игерді. Олардың қатарында жүк және жолаушылар вагондары, электровоздар, жүк және жеңіл автокөліктер мен ав­тобустар, трансформатор­лар, рентген аппаратуралары, жарық-ди­одты шамдар, титан құймалары мен слябтар, дәрілік заттар, сүт өнімдері және тағы басқалар бар. Ал 2017 жылдың 7 айының қо­рытындысы бойынша өңдеу сек­торының кәсіпорындарында өн­дірістің нақты өсімі 6,3 пайызды құрады. 
2017 жылдың І тоқсанында жал­пы сомасы 25,7 млрд теңгеден асатын 28 жоба іске қо­сылып, 1,7 мың жұмыс ор­ны ашылды.

Мұндағы ма­ңыз­­ды жобалардың ішінде Аты­рау облысындағы робот­тық дә­не­керлеу тәсілін қол­да­нып, ме­талл құрылғылар өн­ді­рі­сін ұй­ым­дастыратын, құ­ны 2,6 млрд тең­ге болатын «Жігер­мұ­най­сервис» ЖШС және Жамбыл об­лысындағы құрғақ құрылыс қос­паларын, ұсақ ұнтақталған то­лық­тырғыштар мен гипс өн­ді­ретін құны 3,9 млрд теңге «Alina Holding» ЖШС зауыт ке­шенінің құрылысы бар. 2017 жыл­дың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 11,8 мың АҚШ долларын құрап, 5,3 пайызға артты. 2017 жылдың қаңтар-мамырында өңдеу өнер­кә­сібіндегі экспорт көлемі 2016 жылдың сәйкес кезеңімен са­лыс­­тырғанда 27,8 пайызға артып, 6,2 млрд АҚШ долларын құ­рады. Бұл әлемдік нарықтағы баға конъюнктурасының қо­лай­­лылығына, өнімді өткізу на­ры­ғының кеңеюі мен жеткізу өсіміне байланысты іске асырылып отыр. Өңдеу өнеркәсібінен негізгі капиталына салынған ин­вестиция көлемі 411,1 млрд тең­­гені құрады.

Яғни 2016 жыл­дың қаңтар-маусым айла­рымен салыстырғанда 27,5 млрд теңгеге өсіп, 2,7 пайызға арт­қан. Индустрияландырудың екін­ші бесжылдығы іске асыры­ла бастағаннан бері (2015-2016 жж.) 7 трлн теңгенің 258 жоба­сы іске қосылып, 21 мың тұрақ­ты жұ­мыс орны ашылды. Ал би­ыл 489,8 млрд теңгеден асатын 32 жоба іске қосылды. Мұн­да шамамен 3,9 мың жұмыс ор­ны ашылғанын айта кету керек. 2017 жылдың 2-ші жарты­жыл­дығында құны шамамен 1 трлн теңгеден асатын 100 жобаны іске қосу жоспарланған. Жо­ба­лар іске асқанда тағы 10 мың тұ­рақты жұмыс орны ашылатын болады. Сонымен қатар Индустрияландыру картасынан тыс арнайы экономикалық ай­мақ­тар мен индустриялық ай­мақ­тарда 280 млрд теңгенің 100-ден астам жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жобалар іске қосылған кезде 6800 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. 

– Енді «Нұрлы жол» ин­фра­құрылымды дамыту мем­лекеттік бағдарламасына ойыс­сақ. 2016 жылдың қоры­тын­дысы бойынша қандай ау­қым­д­ы жобалар іске асырылды жә­н­е қанша шақырым жол ел игі­лігіне берілді, бөлінген қаржы толық игерілді ме? 

– 2015-2019 жылдарға ар­нал­ған «Нұрлы жол» инфра­құ­рылымды дамыту мемлекеттік бағ­­дарламасы ая­сында мини­стр­лік көлік инфра­құ­ры­лы­мы са­ласы жобаларын және жылумен, сумен жабдықтау, сонымен қатар су тарту жүйелерін жаң­ғырту жобаларын іске асырады. Аталмыш бағдарламаның негізгі жо­ба­ларына республикалық ма­­­ңыз­дағы автомобиль жол­да­ры­ның құрылысын жүргізіп, ре­­­кон­струкциялау жатады. Рес­пуб­ликамыздың жалпы қол­да­ныстағы автомобиль жо­лы­ның ұзақтығы 96,5 мың ша­қы­рымды құрайды.

Оның ішін­де республикалық желі 23,7 мың, жергілікті желі 72,8 мың шақырым. 2010 жылдан бері республикалық маңыздағы 5 мың шақырым жолға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ре­конструкцияланды. Нә­ти­же­сін­де республикалық, облыстық және аудандық маңыздағы авто­мо­биль жолдары жақсы және қа­на­ғаттанарлық деңгейге жетті. 2015-2016 жылдар кезеңінде «Нұрлы жол» мемлекеттік бағ­дар­ламасы аясында 616 млрд теңге бөлінген болатын. Барлық бөлінген қаржы игеріліп, 1,3 мың шақырым автомобиль жолы І және ІІ техникалық санат пара­метрі бойынша реконст­рук­ция­ланды. Жалпы «Нұрлы жол» мем­лекеттік бағдарламасы ая­сында іске асырылып жатқан автожол жобаларына 2016 жыл­дың қорытындысы бойынша 324,8 млрд теңге бөлінді.

Оның ішінде Ұлттық қордан 151,3 млрд теңге қарастырылған болатын. Бұл қаржыға республиканың 12 облысын қосқанда 1,7 мың шақырым жол реконструкция­лан­ды. Олардың қатарында Ба­тыс Еуропа – Батыс Қытай, Ор­та­лық – Оңтүстік, Орталық – Шы­ғыс, Бейнеу – Ақтау, Алматы-Өс­кемен, Астана – Петропавл, Ақтөбе – Атырау және Орал – Ка­менка жобалары бар. Бұл жо­ба­лардағы жұмысқа 75 мың адам жұмылдырылды және онда 90 пайыздан астам отандық өндірушілердің материалдары қолданылды. Айта кететін бір жайт, жыл қорытындысы бой­ын­ша жөндеу жұмыстарынан кейін 767 шақырым жол ашылды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тран­зиттік дәлізі толығымен ашы­лып, пайдалануға берілді. Сон­дай-ақ Ертіс өзені арқылы өтетін ұза­қтығы 12 шақырым болатын Орталық Азиядағы ең үлкен көпірдің құрылысы аяқталды. 

– Биыл қанша шақырым автомобиль жолы пайдалануға берілді және жыл соңына дейін қай учаскелерде қандай жобалар аяқталады? 

– «Нұрлы жол» инфра­құры­лым­ды дамыту мемлекеттік бағ­дарламасын жүзеге асыру ая­сын­да биыл жалпы ұзақтығы 4,4 мың шақырым болатын 22 автожол жобасын іске асыру көзделген. Орталық – Оңтүстік жобасы бойынша ұзақтығы 14 ша­қырым болатын Теміртау – Қа­рағанды учаскесін реконструкциялау жалғасуда. Біз Дү­ние­жүзілік және еуропалық банк­тер қаржыландыратын ұзақ­тығы 228 шақырым болатын Құр­ты – Бурылбайтал учаскесінің жұ­мысына кірісіп кеттік. Сон­дай-ақ бюджет қаржысы есе­бі­нен ІІІ тоқсанның соңына дейін Қарағанды қаласының Солтүстік – Шығыс айналма жо­лы учаскесін реконструкция­лау басталады. 2018 жылдан бас­тап Дүниежүзілік банк есе­бі­нен Балқаш – Бурылбайтал (297 км) учаскесін және Құрты-Қапшағай (67 км), 2019 жылы Қарағанды – Балқаш (364 км) учаскелерінде жұмыстарды бас­тау­ды жоспарлап отырмыз. Би­ыл Орталық-Шығыс жобасын іске асыруға 106 млрд теңге бө­лінді. 675 шақырымда жұмыс жір­гізілді және жылдың соңында Астана – Павлодар учаскесінің 230 шақырымында жолдың 4 жо­лақты қозғалысын ашу жос­пар­ланған.

Сонымен бірге ұзақ­ты­ғы 36 шақырым болатын соңғы учаске – Семей – Қалбатау бө­лігіндегі жұмыс аяқталады. Ал Ор­талық – Батыс жобасы бойынша 2020 жылға дейін Денисов-Қос­танай (114 км) учаскесін аяқтау жоспарлануда. Бұдан бө­лек, министрлік ұзақтығы 2 мың ша­қырым болатын Жетібай – Жаңа­өзен, Талдықорған – Өскемен, Меркі – Бурылбайтал, Қалбатау – Майқапшағай, Үшарал – Достық, Бейнеу – Ақжігіт, Таскескен – Бақ­ты, Осинов асуы, Щучье – Зеренді сияқты жаңа жобаларды іске асыруға кірісті. Іске асырылған жобалар бойынша бірінші жар­тыжылдықта 112 млрд теңге игерілді және бұл жобаларға 80 мың адам жұмылдырылды. Жыл қорытындысы бойынша бағ­дарлама шеңберінде 1 және 2 техникалық санаттағы 602 ша­қырым жолды аяқтау жос­пар­ланып отыр, соның ішінде Бей­неу – Ақтау және Алматы – Тал­дықорған автожолының реконструкциясын толық аяқтау көзделген.

– Іске аса бастағанына 1 жыл толмаса да «Нұрлы жер» тұр­ғын үй құрылысы бағ­дар­ламасының аяқ алысын біл­генді жөн көріп отырмын. Бұл бағ­дарлама аясында қан­дай же­тістіктер бар, жоспарлар қан­дай?

– Бағдарлама 2017-2031 жыл­дарға арналған. Негізгі мақ­саты – халыққа тұрғын үйдің қол­жетімділігін қамтамасыз ету үшін тұрғын үй құрылысын да­мыту мәселелерін кешенді ше­шу. Жалпы 15 жылда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1,5 миллионға жуық қолжетімді тұр­ғын үй салу жоспарланған. Би­ылғы жылдың жоспарына келсек, бағдарлама аясында 10,1 млн шаршы метрден астам тұрғын үйді (99 мың пәтер) пайдалануға беру күтіліп отыр. Оның ішінде мемлекеттік инвестиция есебінен 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй (25 мың пәтер) тапсырылмақ. 
Биыл 8 айда барлық қаржы­лан­дыру көздерінен жалпы ала­ңы 6,9 млн шаршы метр болатын тұрғын үйлер пайдалануға бе­ріл­ді. Бұл 2016 жылдың сәйкес ке­зеңімен салыстырғанда 8,4 пай­ызға жоғары көрсеткіш. 

2016 жылы бағалы қағаз­дарды шығару есебінен кредит­тік тұр­ғын үй құрылысын қаржы­лан­дыруды қамтамасыз ету үшін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ арқылы Ұлт­тық қордан 67 млрд теңге бө­лініп, оның 60,1 млрд теңгесі немесе 90 пайызы игерілді. Бұл бө­лінген қаржыға 2016-2018 жыл­дары 630,6 мың шаршы метр тұрғын үй (9962 пәтер)са­лу жоспарлануда. Ағымдағы жыл­дың 1 қыркүйегіндегі жағдай бой­ынша 225 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді (3286 пәтер). Оның ішінде 2016 жылы 22,3 мың шаршы метр (268 пәтер), 2017 жылы 202,7 мың шар­шы метр тұрғын үй тапсырылды(3018 пәтер).

Биыл жылдың соңына дейін та­ғы 320,9 мың шаршы метр (5477 пәтер), 2018 жылы 85 мың шар­шы метр (1199 пәтер) тұрғын үйді тапсыру жоспарланып отыр.

2016-2018 жылдары жалпы ала­ңы 588,7 мың шаршы метр болатын тұрғын үй салынатын болады. Биыл жыл соңына дейін 140,6 мың шаршы метр (2431 пәтер), 2018 жылы 70,6 мың шар­шы метр тұрғын үйді (1225 пә­тер) пайдалануға беру жоспарлануда. 
Бағдарлама аясында салынған тұр­ғын үйлерді сатып алуды қам­­тамасыз ету үшін Тұрғын үй құ­рылысы жинақ банкі салымшы­ларын несиелеу мақсатында Ұлт­тық қордан 22 млрд теңге бө­лінді. Оның 8,9 млрд теңгесі не­месе 40 пайызы игерілді.

Биыл сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысына 25 млрд теңге мақсатты трансферт бөлінді және өңірлерге 1,5 млрд теңгеден таратылды. Өңірлерге ау­да­рыл­ған 14,3 млрд теңге қар­жы­ның 1 қыркүйектегі есеп бойын­ша 13,3 млрд теңгесі немесе 93 пай­ызы иге­рілді. Биыл бұл бағыт бо­й­ынша150 мың шаршы метр тұр­ғын үйді тапсыру жоспарлануда. 

Әңгімелескен Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»