Жиынды жүргізген ұлттық бюро басшысының орынбасары Мақсат Дүйсенов мемлекеттік тілдің ұлттық саясаттың діңгегі болуы қажеттігін баяндады. «Бүгінгі Қазақстан – жаңғырған қоғам. Әр ұлттың өз рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың басты шарты – ұлттық кодты, оның ішінде мемлекеттік тілді сақтау. Бұл тарихымыздан және салт-дәстүрімізден байланыс үзбеуге септігін тигізеді», деді ол.
Басқосу барысында Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Дипломатия институтының профессоры Нәзигүл Төленбергенованың баяндамасы тыңдалды. Ол өз сөзінде соңғы бір ғасырда өз тілдерін жоғалтып, өзге тілдердің ықпалында кеткен халықтар туралы әңгімеледі. Сондай-ақ елімізде орыс тілінің үстемдік құруына негіз болған біршама жайттарды, атап айтқанда тың жерлерді игеру мақсатында КСРО-ның басқа республикаларынан әкелінген жүз мыңдаған орыс тілді халықпен қарым-қатынастың жүзеге асуын, кен орындарын игеру мақсатында салынған Лисаков, Рудный, Теміртау сияқты қалалардың пайда болуын, қалаларда қазақ мектептерінің жабылып қалған жағдайларын атап өтіп, бұл мәселелердің әлі күнге дейін салқынын тигізіп келе жатқанын әңгіме өзегіне айналдырды.
Елбасының стратегиялық құжаттары – Ұлытауда сөйлеген сөзінде, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында ұлттық бірегейлікті сақтау, ұлттық кодты сақтау туралы айтылған. Сондықтан мемлекеттік тілде сөйлеу, жазу ең алдымен мемлекеттік қызметшілерден талап етілуі тиіс», деді Н.Төленбергенова. Профессор ұлттық бюро қызметшілеріне тілді үйренудің ең озық әдіс-тәсілдерін де көрсетіп берді.
Одан басқа, іс-шара шеңберінде мемлекеттік Елтаңбаның 3D модельдермен бейнеленген бейнематериалдары көрсетіліп, мемлекеттік рәміздер бойынша тренинг өткізілді.
Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»