Олардың тап-таза әлемі, армандары, «уайымдары» маған аса қызық. Сонда бір байқайтыным, балдырғандар көбі өнерге, спортқа қызығады. Әсіресе, «суретші болғым келеді» дейтін жауаптарға ойланыңқырап қалам. Қандай қоғамда да тазалыққа, мөлдірлікке, сұлулыққа іңкәрліктің жойылмайтынына, адам баласының қаршадайынан бейсаналы түрде сондай құндылықтарға ұмтылатынына дәлел бұл. Біздің кейіпкеріміз сол жүздеген шәкірттің қиялына қанат бітіріп жүрген ұстаз. Астана қаласындағы №52 мектеп-гимназияда бейнелеу өнері пәнінен сабақ береді.
Қайрат Жәйірбек тарихи Отанына отыздан асып барып оралған жігіт. Өз пәнін аса сүйіспеншілікпен, жауапкершілікпен өткізудің сыртында ол өзінің өнерін де жылдан-жылға жетілдіріп келе жатқан кәсіби суретші. Оған дәлел – Астанада, Алматыда өткізілген сурет көрмелеріне, байқауларына қатысуы, туындыларының қазылар алқасы тарапынан елеусіз қалмауы. Ол 2011 жылы Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының төртінші құрылтайы аясында ұйымдастырылған көрмеге, 2012 жылы Қазақстан Жастар конгресі ұйымдастырған әлеуметтік көрмеге, 2013-2014 жылдары «Халықаралық өнер фестиваліне» қатысып, жұмыстары жақсы бағаланғанын, 2014-2015 жылдары Астана қаласы білім басқармасы ұйымдастырған бейнелеу өнері мұғалімдерінің шығармашылық көрмесінде қатарынан екі жыл Гран-при жүлдесін иеленгенін айтады.
Қытай Халық Республикасының Тарбағатай аймағы, Дөрбілжін ауданында туған азамат алдымен қытай тілі мамандығы бойынша білім алған. Бірақ бойындағы суретшілік қабілет Қайратты Іле облыстық педагогикалық институтының бейнелеу өнері факультетіне оқуға түсуге жетелейді. Ол он жыл бойы Дөрбілжіндегі №2 қазақ орта мектебінде әрі қытай тілінің, әрі бейнелеу өнерінің мұғалімі болып қызмет атқарады. Сол жақта да өнерінің арқасында жақсы жетістіктерге жетеді.
Оның туындыларының ішінде живопись те, портрет те, графика да кездеседі. Ол сондай-ақ жиырма жылдан астам уақыттан бері өзіндегі барды шәкірттеріне де үйретумен, өнердің қыр-сырына баулумен келеді. Суретші тазалыққа, сұлулыққа, еркіндікке, бастысы, өнерге ғашық жандар көп болса деп ойлайды. Салған суреттерінің де негізгі идеясы сол.
Айгүл СЕЙІЛ,
«Егемен Қазақстан»